Әкімдіктер талапкерлерге 2,5 мыңға жуық грант бөлді, деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігі.
"Әкімдіктер жыл сайын басым мамандықтар бойынша нысаналы даярлыққа гранттар бөледі. Биыл жергілікті атқарушы органдар 2 475 білім беру гранттарын бөлді", – деп жазылған хабарламада.
Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін үміткер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясына өтініш беру қажет.
"Сонымен қатар ЖОО-ға білімі туралы құжат, ҰБТ сертификатын, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін, жеңілдік санатын растайтын құжаттарды (бар болған жағдайда) тапсырады. Құжаттарды қабылдау мерзімі туралы ақпаратты әкімдіктерден, сонымен қатар жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан алуға болады", – делінген хабарламада.
Грант беру туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады.