Тікелей эфир

Ақтаулық оқушылар арамшөптен 3 жылда жойылатын биопакет дайындады

Күнделікті тұрмыста қолданып жүрген полиэтилен пакеттердің жойылуына 100 жылдан аса уақыт керек.

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары Асия Теджен мен Ернар Өмірзақ биология пәні мұғалімі Гүлнұр Чандыбаеваның жетекшілігімен арамшөптен биопластик алу жолын ұсынды. Олар алғашқы өнім ретінде биопакет дайындап та көрген, деп хабарлайды Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі. 

"Біздің жобамыздың ерекшелігі – экологиялық тұрғыдан таза өнім екендігінде. Күнделікті тұрмыста қолданып жүрген полиэтилен пакеттердің жойылуына 100 жылдан аса уақыт керек. Ал біздің өніміміз үш жылдың ішінде қарашірікке айналып кетеді. Ал егер қышқылдық ортаға түсер болса он минутта жойылып кетеді", – дейді бірнеше сынақ жұмыстарын жүргізген Ернар мен Асия.

Зияткерлердің сөзінше, алғашында мектеп айналасындағы арамшөптерді кәдеге жарату қажеттілігі байқалған. Кейін ұстаздарымен ойлана келе биопластик жасап көруге бел байлаған.

"Біз арамшөпті икемді ету үшін бірнеше қолжетімді қоспаларды қостық. Күнделікті тұрмыста қолданып жүрген крахмал, бояғыш, жағымсыз иісті жою үшін хош иіс қоспаларын да араластырдық", – дейді Ернар Өмірзақ.

Оқушылардың сөзіне сүйенсек, биопакеттің тығыздығын әртүрлі деңгейді жасауға болады.

"Қазіргі пакетіміз 500 грамға дейін көтере алады жән бірнеше түсте бар. Біздің есептеуіміз бойынша, технологияны автоматтандырған жағдайда бір өнімнің құны 30 теңгеге шығады. Алдағы уақытта жобамыздың авторлық құқығын қорғап, нарыққа шығарғымыз келеді", – дейді Асия Теджен.

Зерттеушілер қазіргі таңда процесті автоматтандыру станогының механизмін дайындау үстінде. Сонымен қатар, станокты жасауға техникалық көмек көрсетуге дайын команда іздеуде.

Айта кетейік, "Назарбаев зияткерлік мектептері" ДББҰ желісінде қарашаның 1-і мен 5-і аралығында ғылыми жобалар байқауы өтіп жатыр. Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінен 12 жоба бағын сынауда. Ернар мен Асияның бұл жобасы да республикалық байқауда бағын сынайды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары