Обалы – Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласынан 35 шақырым жерде орналасқан. Ауылда 100-ге жуық қана отбасы мекендейді. Бала санының аздығына байланысты ауылдағы ауылдағы жалғыз мектеп жабылу алдында тұр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Ауылының алдағы уақытта жойылып кетуі мүмкін екеніне алаңдаған тұрғындар Қазақстанның елді мекендерінен көпбалалы отбасыларды көшіп келуге шақырып отыр. Шама-шарқына қарай тұрғын үймен қамтып, мал сатып әперуге, жұмыс тауып беруге дайын.
"Бала саны көбеймесе, мектептің жабылатынын хабарлады. Ал мектеп жабылса, ауыл да тарайды. Қазір ауылда жолдар асфальтталған, жарық бар. Су мәселесі екі жыл бұрын шешілген. Үйді-үйге тартып кіргізіп алдық. Жұмыс та бар", – дейді ауыл тұрғыны Қанат Баймағамбетов.
Оның сөзінше, ауылда егін егетін екі ірі шаруашылық бар. Еңбек етемін деген жанға жұмыс табылады. Обалының негізгі мектебінде бүгінде 41 оқишы білім алады. 15 мұғалім қызмет етеді.
"Бала саны аз болғандықтан биыл мектеп ортадан негізгі мектепке ауысты. Былтыр 60 оқушы болған. Ауылдан көшеміз деп отырған адамдар бар. Егер олар кететін болса, бала саны мүлде азаяды", – дейді Обалы негізгі мектебі директорының міндетін атқарушы Қымбат Ахметова.
Аймақта биыл бала санының аздығынан 5 мектеп жабылған. Тағы 4 мектеп ортадан негізгі мектепке ауысқан.