Филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова Halyq Uni басылымына берген сұхбатында мектеп оқулықтарының мәселесін көтерді.
Ғалымның айтуынша, оқулықтағы мәтінді алға шығарған жүйемен сабақ беруге шынында да арнайы дайындық керек.
"Бірақ бұл оқулықтардың бұдан да сапалы болуы үшін қазақ тілі грамматикасы ережелерінің қадағалаушы ретінде, не оқулық авторы ретінде нағыз ахметтанушы ғалымдар қатыстырылса әділдік болар еді. Мұндай мамандар баршылық. Бірақ бұлар оқулыққа қатыстырылмай келеді. Оқулық авторлары ауысып тұрмаса мына заманда жаңа Байтұрсынұлы шығуы мүмкін емес. Түсінемін, баспаға тұрақты авторлармен жұмыс істеу ыңғайлы. Бірақ Ахмет Байтұрсынұлының өзі "Әліппеден" басталған "Тіл – Құралына" дейінгі оқулықтарды жетілдіріп отырған", – деді Айгүл Ісмақова.
Ғалым "Қазақ" газетіне ауыл мұғалімдерінен келген хаттарын ескеріп, мұғалімдердің оқыту кезіндегі кездескен мәселе кеңестерімен Ұлт ұстазы оқулықты сонау кеңес кезінде толықтырып отырғанын еске салды.
"Оқулық авторы мен мұғалімнің кері байланысы болған. Не үшін? Ең бастысы қазақ тілі оқулығы сапалы, ұғымды болуы үшін! Оның ішіндегі мәтіндер отаншылдыққа, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін жас ұрпақты білімді, Отанға адал қызмет ететін азаматтар етіп шығаруға сай болуы көзделген. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, отаншыл азамат осы бағытта қызмет ететін мектептің жаны – мұғалім мен ұлттық құндылықтар арқылы жалпыадамзаттық дискурстағы мәтіндермен көркемделген сапалы оқулық негізінде ғана қалыптасады. Осы тұрғыдан оқулық авторлары ауысып тұруын меңзеген едім", – деді ғалым.