Тікелей эфир

"Айыппұлмен құтылмайды, сотта татуласпайды". Отбасында зорлық-зомбылық көрсететіндерге жаза күшейді

Агрессорды тұтқында ұстау мерзімі ұлғайды.

Былтыр тұрмыста зорлық-зомбылық көрсетті деп арыз жазғандардың 70 мыңнан астамы үйге полиция келген соң райынан қайтқан. Алайда полиция кеткен соң агрессор мен жәбірленуші арасындағы жағдай шиеленісіп, салдары ауыр болған. Осы орайда, отбасындағы бұзақыларға қатысты заңнамаға өзгерістер енгізіліп, жаза күшейтілді. Енді екі тарап сотта қайта татуласа алмайды және әкімшілік хаттаманы полиция қызметкері жәбірленушінің өтініші болмаса да толтыра алады, деп мәлімдеді ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлқайыров. 

Жыл басынан бері жәбірленуші тарапты қорғау мақсатында 25 938 бұйрық шықты. Бұзақылардың үстінен 17,5 мың әкімшілік хаттама толтырылды. 

Ішінде сот шешімімен:

  • тұтқындалды – 4 294;
  • ескерту жасалды – 2 946;
  • айыппыұл салынды – 543 азаматқа. 

Жәбірленушілердің тең жартысы – 9 026 адам сотта өзіне зорлық-зомбылық көрсеткен адаммен татуласты. 

"Іс жүзінде жәбірленуші тарап өміріне қауіп төніп тұрған кезде полицияға хабарласады. Алайда тәртіп сақшылары үйге келгенде бұзақының үстінен арыз жазудан бас тартады. Өткен жылы осындай 70 мыңнан астам жағдай тіркелді. Өкінішке орай, полиция кеткен соң отбасындағы түсініспеушілік ары қарай жалғасып, салдары ауыр болып жатады. Осыны ескеріп заңнамаға бірнеше өзгеріс енгіздік. Әкімшілік заңнамаға өзгеріс 1 шілдеден, ал қылмыстық заңнамаға 19 мамырдан бастап енгізіледі", – деді Ренат Зұлқайыров. 


Оқи отырыңыз: Қазақстанда балаларға арналған мобильді тариф жоспары енгізілуі мүмкін


Біріншіден, отбасында жанжал шығарып, зорлық-зомбылық көрсету фактісі бойынша енді жәбірленушінің өтінішінсіз әкімшілік құқық бұзу туралы іс қозғауға болады. Хаттаманы толтыру үшін оқиға болған жердегі азаматтардың көршілердің куәгерлігі мен полиция бейне тіркеуішіндегі видео жеткілікті. Соңғы шешімді сот шығарады. Екі тараптың мәселені екінші рет татуласу арқылы шешуіне тыйым салынады. 

"Өткен жылы сотқа 47 іс жетіп, оның 20 мыңында екі тарап татуласты. Жәбірленуші бұл шешімді агрессор немесе туыстары қысым жасағандықтан қабылдайтындықтан, екінші рет сотта татуласуға тыйым салынады. Бірінші ретте татуласуға болады. Бұл көптеген адамға психологиялық қысымның азаюына көмектеседі", – деді комитет өкілі. 

Екіншіден, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жаза күшейеді. Нақты тұтқынға алу мерзімі белгіленді. 


Оқи отырыңыз: ТЖМ балалардың терезеден құлауының алдын алатын шараларды еске салды


  • Қазіргі заңнамаға сәйкес, мұндай қылмыс үшін 5, 10 немесе 15 күнге дейін жаза қарастырылған. Іс жүзінде сот бұзақыларды 1-ден бастап 5 күнге дейінгі мерзімге қамайды. Енді отбасылық жанжал үшін агрессорға ескерту жасалады немесе 5 күнге қамалады. Яғни "дейін" деген ұғым жоқ. Осы әрекетін қайталаса 10 тәулікке қамалады.
  • Қол көтерсе 10 тәулікке, әрекетін қайталаса 20 тәулікке (бұрын 15 тәулікке дейін) қамалады.
  • Денсаулығына жеңіл зақым келтірсе 15 тәулікке, қайталаса 25 тәулікке (бұрын 20 тәулік болатын) қамалады.
  • Жәбірленушіні қорғау туралы бұйрық шығып, агрессор тиісті ережелерді бұзса, 10 тәулікке қамалады. Бұрын ескерту жасалатын немесе 5 тәулікке қамалатын. 

"Бұларға қоса соттың ерекше талабын орындамаған жағдайда 15 АЕК көлемінде айыппұл салынатын, қазір оны алып тастады. Бұған дейін айыппұл салып, 7 тәулікке қамаса, қазір 10 тәулікке дейін қамауда ұстайды. Осы талапты екінші ретте де орындамайтын болса, 20 тәулікке қамалады. Бұрын 10 тәулікке қамалатын", – деп қосты Ренат Зұлқайыров. 


Оқи отырыңыз: Қауіпсіздіктің қарапайым ережелері. Біз күнделікті неге мән бермейміз?


 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары