Тікелей эфир

Айман Омарова: Шеруге шыққан балалардың саясаттан хабары жоқ, оларға қару-жарақ тасытқан

Адвокат мұны "мәжбүрлі экстремизм" деп атады.

"Ақиқат" қоғамдық комиссиясының жетекшісі, құқық қорғаушы Айман Омарова Қаңтар оқиғасы кезінде қамауға алынған азаматтарға қатысты мәліметтермен бөлісті. Сондай-ақ, ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан қамауға алынған азаматтардың қылмыстық ісіне қолжетімділікті қамтамасыз етуді өтінді. 

"Бүгінгі таңда Қаңтар оқиғасына байланысты 1 962 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде 1 544-і – бөтеннің мүлкін ұрлау, 121-і – бөтеннің мүлкін қасақана жою, 71-і – қару мен оқ дәрілерді заңсыз сату бойынша. Осы қылмыстарды жасады деген күдікпен 308 адам ұсталып, оның 32-сі арнайы прокуратураға, 276-сы полиция департаментіне жіберілді. 190 адамға қатысты қамау-бұлтартпау шарасы тағайындалды. Екі күдікті үйқамаққа алынып, 58-і кепілмен, 8-і жеке кепілдікпен босатылды", – деді Айман Омарова.

Адвокаттың мәліметінше, тағы екі адамның ісі дәлелді негіздер бойынша тоқтатылған. Сондай-ақ, күні кеше Алматы қаласында 10 адам үйқамаққа шыққаны белгілі болды.

"Бізге полиция департаментінің берген мәліметі бойынша, қатысушының көбінің ұлты – қазақ пен ұйғыр. Зерттеген кезде кейбіреуі өз ұлтын "қазақ" деп жазғанымен, ұлты басқа сияқты. "Ұлтың кім?" деп сұрағанда "қазақ" деп айта салғандай. Мен полицияға ата-анасының ұлтына қарау керегін айттым. Ал өңірлер бойынша көбінесе – Түркістан мен Алматы облысының тұрғындары. Басқа облыстардан да бар, бірақ олардың үлесі аз. Сондай-ақ, көбінесе не жұмыс істейтініне қарамағаны белгілі болды. Менің ойымша, көпшілігі "Алтын Орда" базарында жұмыс істейді. Арасында басқа елде, мәселен Сауд Арабиясында туғандар да бар", – деді адвокат. 


Оқи отырыңыз: Жаппай тәртіпсіздік кезінде халық алдына шықпаған әкімдер кімдер?


Осы орайда Айман Омарова президенттен көмек сұрап, аталған қылмыстық істерге қолжетімділікті қамтамасыз етуді өтінді. Тергеу аяқталғанша мәліметтерді БАҚ-та таратпау туралы қолхат беруге дайын екенін айтты. 

Бұдан өзге адвокат балалардың митингіге шығу мәселесіне тоқталды. 

"Олар бейбіт шеруге баратын балалар емес. Олардың көбі саясат туралы ештеңе білмейді. Бейбіт шеруге көбіне белсенділер, оқығандар шығады. Ал бұл балалар – көбіне жүр десе, еріп кете беретіндер. Оларға қатысты қару-жарақ қолданып, кейбіреуін атып, кейбіріне қару-жарақ тасытқан. Мұны біз "мәжбүрлі экстремизм" деп айтамыз", – деп қосты Айман Омарова. 

Еске салсақ, Талдықорғанда тәртіпсіздік кезінде ұсталған екі мектеп оқушысының үйқамақта отырғаны туралы хабарлаған едік. Оларға сабаққа қатысуға тыйым салынған.

Серіктестер жаңалықтары