Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Парламент отырысы басталмас бұрын журналистерге сұхбат беріп, мектептердегі орын тапшылығы туралы айтты.
Оның мәліметінше, биыл Қазақстан 7600-ге жуық мектеп жұмыс істейді. Онда 3 миллион 700 мыңға жуық бала білім алады.
"Үлкен мәселе – мектептердегі орын тапшылығы. Бұл мәселе кезең-кезеңмен шешіледі. Біз 2021 жылы Президенттің тапсырмасы шеңберінде 277 мектепті іске қостық. Ол мұның алдында ешқашан болмаған көрсеткіш. Биыл біз 260-қа жуық мектеп салып іске қосамыз. Бұл да жақсы көрсеткіш. Негізі, бізде мың мектепті 2025 жылға дейін салу жоспары болған. Бұл тапсырма жылдам орындалып жатыр. Мың мектеп салынған кезде миллион бала қамтылып, үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен жойылады", – деді Асхат Аймағамбетов.
Министрдің айтуынша, бұл мұғалім тапшылығы мен апаттық жағдайдағы мектептер мәселесін шешуге де мүмкіндік береді.
Асхат Аймағамбетов сонымен бірге мемлекет басшысы тапсырған "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы туралы да әңгімеледі.
"Бұл жоба жай мектеп салудан өзгеше жоба. Мәселен, елордада жаңаша бір мектеп салынып еді, барлық тұрғындары балаларын сол мектепке беруге ұмтылды. Өйткені, ол мектепте балаларға қолайлы жағдайлар жасалған. Онда робототехника, физика, химия мектебі де бар. Қандай заманауи құрылғылар керек – соның бәрімен жабдықталған. Осындай мектептерді саламыз. Онда бастауыш сыныптарға арналған жеке блок болады. Оның өзінің асханасы, дәретханасы, басқа да кабинеттері бөлек болады. Бұл жоба әлімжеттік мәселесін шешуге де негіз болады", – деді Асхат Аймағамбетов.