Мектептерде жасанды жолмен бір маманның жүктемесін бірнеше ұстазға бөліп беріп отырған директорлар бар. Мұндай мектеп жетекшілері заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады, деп мәлімдеді оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
"Жаңа тәртіп бойынша 3100 маман жұмысқа қабылданды. Комитетке жұмысқа қабылдану тәртібін тексеруді тапсырамын. Конкурс ашық әрі әділ өткенін он күн ішінде тексеріп шығуға болады. Әр облыстан тиісті ақпараттар алып, қандай да бір ауытқулар анықталса, онда тиісті шаралар қабылданады", – деді министр.
Ары қарай Асхат Аймағамбетов директорлардың мектебіндегі бос орынды жария етпейтінін сынға алды.
"Көптеген директор мектепте бос орын барын көрсетпейді, жасырып ұстайды. Оны біз жақсы білеміз. Тарификация жасаған кезде ғана көрсетеді. Кейін қыркүйек айы өткен соң "мұғалім таппадық" деп сағатты іштегі ұстаздарға бөліп береді. Бұған қатысты заңда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бос сағатты бөлудің өзінде тәуекелдер көп және объективті жұмыс жүрмейді. Жасанды жолмен осылай бір ставканы 4-5 адамға бөліп беріп отырғандар бар. 16 сағатты қалай бес адамға бөліп беруге болады? Сонда бір сыныптағы математика пәнін үш мұғалім оқытады ма?" – деді Асхат Аймағамбетов.
Оқи отырыңыз: "Болашақтың" ауыл квотасына ие стипендиаттары кепілге мүлік ұсынбайды
Мұнымен қатар, министр бірнеше облыста екі жарым ставкада істейтін адамдардың саны көп екеніне тоқталды. Айтуынша, мектептегі ұстаздардың 40-50 пайызы артық жүктемемен отыр. Ал кей өңірде ұстаздардың 10-20 пайызының бір жүктемесі де жоқ.
"Мұны қалай түсінуге болады? Жұмыста біз бекіткен тәртіпті бұзып алатындар болса, онда жауапкершілікке тартамыз. Мақсат – мектепті білікті, білімді педагогтермен қамтамасыз ету. Біз мұғалімдерді ашық әрі әділ конкурс арқылы жұмысқа алуымыз керек", – деді министр.
Ведомство басшысы педагогтерді жұмысқа қабылдау тәртібінің өзгергенін еске салды. Бұдан былай ұстаздар өзін-өзі бағалайды. Ал комиссия тек бұл бағалардың дұрыс қойылған-қойылмағанын тексереді.
Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаты ауыл балаларына мемлекеттік грант санын арттыруды ұсынды
"Әр педагог құжаты мен өтінішін тапсырған кезде, өзіне тиісті балын қойып береді. "Менде 50-60 ұпай" деп қойып берсе, онда конкурсты өткізетін комиссия осы балды негіздейтін ақпараттың бар-жоғын тексереді. Егер дәлелдейтін ақпараты болмаса, онда балын азайтады. Жұмысқа қабылдау объективті жүруі тиіс. Осы тәртіпті бұзбай тиісті деңгейде орындауды тапсырамын", – деп қосты Асхат Аймағамбетов.