Шахмат балалар бойындағы әртүрлі дағдыны дамытуға септігін тигізеді. Сол себепті, біз осы қозғалысты қолдай түсуіміз керек, деп мәлімдеді оқу-ағарту ісі министрі Асхат Аймағамбетов.
"Дебат, өзін-өзі басқару және кітапқа құштар мектеп деп айтып жатырмыз. Бұған қоса біз басқа да бағыттарды дамытуымыз керек. Соның ішінде шахмат қозғалысын қолдауымыз қажет. Қазір жастарымыз осы шахмат бойынша әлемде керемет көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Жалпы мектептерде шахмат қозғалысы жақсы дамып жатыр. Бірақ, әлі де дамыта түсуіміз керек. Алдыңғы жылы Шымкент қаласында, мектептердің барлығы демей-ақ қояйын, бірақ көпшілігінде осы шахмат бойынша жақсы жүйелі жұмыс жүргізілген. Басқа да облыстардың кей мектебінде шахмат үйірмелері жұмыс істеп тұр", – деді Асхат Аймағамбетов.
Ары қарай министр арнайы шахмат ойнау мен шахмат қозғалысының үлкен шығынға әкелмейтініне тоқталды.
"Басқа спорт түрлерімен салыстырсақ, шығын аз. Оны оқушылар 5-10 минуттық үзіліс кезінде ойнай береді. Шахматты үйрететін әріптестерімізді де дайындау аса қиын емес. Дене шынықтыру орталығы арнайы кесте дайындап, жүйелі жарыстар ұйымдастыруы керек. Әрине, балаларымыздың бүгінгі жетістіктері өте жақсы. Бірақ, одан да жоғары жетістіктерге жете аламыз деп ойлаймын", – деді министр.
Оқи отырыңыз: Жалақы 2,5 есе көп: Өңірлерге үздік педагогтерді тарту бағдарламасы басталды
Десе де, Асхат Аймағамбетов мәселенің халықаралық жарыстарда орын алуда емес екеніне тоқталды. Айтуынша, шахмат балалардың бойындағы әртүрлі дағдыны дамытуға септігін тигізеді.
"Сол себепті біз осы қозғалысты қолдаймыз. Мұнымен қатар, Алматы қаласына барғанда мектеп жанындағы жылыжайлар бойынша өте жақсы қозғалыс барын, байқау өткізгенін көрдім. Республика бойынша осы қозғалысты қолдап, тиісті байқау өткізуді тапсырамын", – деді Асхат Аймағамбетов.