Тікелей эфир

Айлығы – 96 мың теңге. Депутат мектеп кітапханашыларының жүктеме нормативін қайта қарауды ұсынды

Депутаттың дерегінше, елде 8 мыңға жуық мектеп кітапханашысы жұмыс істейді.

Қазақстанда мәдениет саласына қарасты 4 мыңнан астам кітапханашылардың ғана айлығы артып, қалған 8 мың педагогикалық салаға жататан кітапхана қызметкерлері тыс қалып отыр. Бұл туралы мәжіліс депутат Еркін Әбіл премьер-министрінің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында айтты. 

"Мысалы, Мәдениет саласының кітапханашылары негізгі құрамға жатады және еңбекақыны А (меңгерушілер) және В (қатардағы кітапханашылар) төлем топтары бойынша алып, оларға санаты үшін қосымша ақы төленеді. Зияткерлік мектептеріндегі кітапханашылар педагог-кітапханашы ретінде аттестациядан өткен. Ал орта білім ұйымдарының кітапханашылары 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап біліктілік санаты үшін қосымша төлемнен айрылып, мектеп кітапханаларының меңгерушілері көмекші персоналға жатқызылып, С1 шаруашылық бөлімше меңгерушісі еңбекақы тобына енгізілген", – деді депутат.

Депутаттың дерегінше, елде 8 мыңға жуық мектеп кітапханашысы жұмыс істейді. Олардың 30 пайызы шағын жинақталған мектептерде толық емес ставкада. Олар 3,5 миллион мектеп оқушысы мен жарты миллион мұғалімге қызмет көрсетеді.

"Ең жоғары есеппен алғанда 136 мың теңге, барлық шегерімдерден кейін кітапхана меңгерушісі қолына 96 мың теңге айлық алады. Жалпы білім беретін мектептердің штаттарына сәйкес 21 сынып жинақталса, директордың орынбасарлары, психолог, медбике, бухгалтердің 1,5 ставкасы енгізілген. Бірақ бұл норма мектеп кітапханашысына қолданылмайды, олар үшін қосымша ставка тек 30 сынып жиналса енгізіледі. Бұл бүгінде жұмысының жүктемесі жоғары кітапхана қызметкерлері үшін саладағы кадрлардың тапшылығы мен тұрақтамауына алып келуде", – деді депутат.


Оқи отырыңыз: Ұлттық академиялық кітапхана басшысы: Бізде кітапхана туралы заң жоқ


Бұл ретте ол бірнеше ұсыныс білдірді. Атап айтқанда:

  1. Мектеп кітапханашыларының еңбекақысын мәдениет саласындағы кітапханалардағы еңбекақы деңгейіне дейін арттыру туралы мәселені шешіп, Үкіметтің тиісті қаулыларына өзгеріс енгізу;
  2. Мектеп кітапханасының 1 қызметкеріне жүктеме нормативтерін қайта қарап, мектеп кітапханасы меңгерушісінің 14 сынып жинақталса – 1 ставка, 21 сынып жинақталса – 1,5 ставка, 28 сынып жинақталса 2 ставка өлшемшарттарын бекіту;
  3. Оқу қорымен жұмыс істегені үшін 30 пайыз қосымша төлемдерді негізгі лауазымдық жалақысы емес лауазымдық жалақынан есептеп, есептеу тәртібін қайта қарастыруды сұрады.
Серіктестер жаңалықтары