Тікелей эфир

Айдос Сарым: Мақсат – саяси алаңды жаңартып, жаңа ойыншыларға мүмкіндік беру

Депутат Конституциялық сотты қайта құрудың маңыздылығына тоқталды.

Қазақстанның экономикалық даму моделінің өзінің әлеуметтік шегіне жеткенін көріп отырмыз. Біз оларды әрі қарай қозғалту және дамыту үшін қажет энергия көздерін таба алмайтын сияқтымыз, деп мәлімдеді мәжіліс депутаты, ҰҚСК мүшесі Айдос Сарым.

"Неге қазір?" деген сұрақ туып жатыр. Қазір қоғам өте күрделі жағдайда тұр. Сарапшыларда "кейбір демократияландырудың өзі қауіпті, қатер төндіре ме" деген алаңдаушылық бар. Шынымен де, ондай қорқыныш пен үрейге негіз бар сияқты. Менің ойымша, реформаларды іске асыру үшін де, экономиканы дамыту үшін де саяси реформалар ауадай қажет. Өйткені, Қазақстанның экономикалық даму моделінің өзінің әлеуметтік шегіне жеткенін көріп отырмыз. Біз оларды әрі қарай қозғалту, дамыту үшін қажет энергия көздерін таба алмайтын сияқтымыз", – деді мәжіліс депутаты.


Оқи отырыңыз: Әшімбаев: Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары – ұлт ретінде өсуіміздің жарқын көрінісі


Депутаттың сөзінше, азаматтық қоғамның ашылуы, қоғам ішіндегі еркіндік, сөз бен ой бостандығы ғана айналып келгенде азаматтардың энергиясын оята алады.

"Кешегі үш жаңа аймақтың ашылуына қатысты әңгімелер 25 жылдан бері айтылып келе жатыр. Соның өзі сол аймақта тұрып жатқан халықтың еңсесін көтеріп, өмірге деген құштарлығын оятып, өміріне деген жауапкершілік алуға деген қадамдар. Осы саяси реформалардың барлығы айналып келгенде саяси бәсекелістік ережелерін қайта жасақтауға бағытталған. Кешегі партиялар туралы заңға, бүкіл сайлау үдерісіне, Конституциялық заңға енгізілген өзгерістердің мақсаты саяси алаңды жаңарту, саяси алаңға жаңа ойыншылардың келуіне мүмкіндік беру. Сол арқылы жаңа саяси диалогты бастау", – деп сендірді Айдос Сарым.

Мұнымен қатар, ол Конституциялық соттың қайта құрылуы елдегі сот жүйесінің дамуына айтарлықтай жол ашатынын алға тартты. Айтуынша, Конституциялық сот дамыған мемлекеттерде биліктің бөлек тармағының рөлін атқарып отыр.


Оқи отырыңыз: Майгелдинов: Ұлытауда Жошы, Алаша хан кесенелері бар, бірақ оларға баратын жол жоқ


"Конституциялық соттың өмірге келуі, әділеттілікті қамтамасыз ету жолындағы кешенді бір институтқа айналуы, менің ойымша, Қазақстандағы сот жүйесінің дамуына жақсы пәрмен береді. Себебі, нақты бір топ азамат бірігіп, адам құқықтары жөніндегі уәкіл немесе прокуратура арқылы конституциялық сотқа жүгініп, өзінің ғана мәселесін емес, өзіне ұқсас заңсыздықтардың іске аспауына қол жеткізеді. Өйткені, конституция тікелей іске асатын, императивті құжат болып келеді. Ал біздің өмірімізде соттар қаншалықты Конституциялық сотқа жүгінеді? Екінші бағыт – көптеген Шығыс елдерінде бақылау және аудиториялық палаталар бар. Бұлар негізінен биліктің бөлек тармағы болып кеткен. Әсіресе, Қытай, Корея сияқты мемлекеттерде. Бізде жоғары аудиториялық палата жұмыс істеп, ол туралы арнайы Конституциялық заң болады. Оның жалпы мемлекет бюджеті, салық төлеушінің қаражаты жүрген жердің барлығын тексере алатын мүмкіндікке қол жеткізуі, тікелей мәжіліске қарап, алдында жылына екі рет есеп беруі ашықтықты қамтамасыз етіп, заңсыздық пен жемқорлықты тиюға пәрмен береді", – деп қосты Айдос Сарым.

Бұдан өзге ол саяси реформаларды іске асыру тәртібін қарастыру қажеттілігіне тоқталды.

Еске салсақ, мемлекет басшысының Конституциялық сот құруды ұсынғаны туралы хабарлаған едік.

Серіктестер жаңалықтары