2020 жылдан 3,5 млн тонна астық қалды. Осы және биыл егістіктен жиналатын астық көлемі қажеттілікті толық өтейді, деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров.
"Республикада былтырғы жылдан қалған астықтың көлемі 3,5 млн тоннаны құрайды. Оның 2,8 млн тоннасы – бидай. Астықтың күтілетін жалпы мөлшері және былтырғы жылдан қалған өнім еліміздің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Бұл туралы айта кету керек. Өйткені, "Баға қымбаттайды" деп неше түрлі сөз жүріп жатыр. Бірақ егін жеткілікті болған соң, бұл жерде проблема болмайды деп ойлаймын", – деп сендірді бірінші вице-министр Айдарбек Сапаров.
Сондай-ақ, ол астықтың сапасын қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. Жалпы республикадағы қоймалардың 80%-ының сыйымдылығы 29 млн тоннаны құрайды. Соның ішінде элеваторлар – 12,4 млн тонна.
"Ал бүгінгі күні лицензияланған элеваторларға 2,6 млн тонна астық келіп түсті. Соның ішінде 2,2 млн тонна – бидай. Түскен бидайдың 91%-ы І,ІІ,ІІІ сыныпқа жатады. Ал 2020 жылы ол көрсеткіш 83% болған еді. Мұнымен қатар, сапалы егін жинау жұмыстарымен бірге мал азығын дайындау жұмыстары да жүріп жатыр. Бүгінгі күні 23,4 млн тонна шөп дайындалды. Ол – 98%", – деп қосты Айдарбек Сапаров.
Еске салсақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары жыл басынан бері 10% қымбаттағаны туралы хабарлаған едік. Көкөніс бағасы 30,2% көтерілген.