Семейде қазақтың көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері және саяси публицист Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған "Соңғы үкім" тарихи фильмінің түсірілімі аяқталды, деп хабарлады Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы.
Жобаның түсірілімі 2021 жылы Алматыда басталып, ал биыл түсірілім процесінің негізгі бөлігі Семей қаласында және Алматы мен Абай облыстарының табиғи нысандарында өтті. Фильмнің тұсаукесері "Қазақ" газетінің 110 жылдығына орай 2023 жылдың 2 ақпанына жоспарланып отыр.
"Фильм ХХ ғасырдың басындағы қазақ саяси элитасының ең жарқын көшбасшыларының бірі, қазақ грамматикасының негізін қалаушы, ғалым, ақын және публицист өмірінің қырық жылын қамтитын шағын эпизодтардан тұрады. Киножоба бастауыш мектептің қарапайым оқытушысынан ұлттың ұстазына айналған Ахметтің таңғажайып тағдырына әсер еткен маңызды оқиғалар туралы баяндайды. "Алаш" партиясының негізін қалаушылардың бірі, қудаланған, бірнеше рет қамауға алынған, бірақ соған қарамастан толық драма мен трагедияға толы дәуірде әдемі махаббатқа да орын таба білген саясаткер-күрескердің қиын өмірі көрсетіледі", – делінген Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының хабарламасында.
Ахмет Байтұрсынұлының рөлін Азамат Сатыбалды сомдады. Сондай-ақ, фильмде Дарья Александрова, Александр Багрянцев, Ерлан Кәрібаев ойнады.
"Байтұрсынұлы – біздің мақтанышымыз. Менің ойымша, біздің жас ұрпақ осындай фильмдерді көруі тиіс. Өйткені, Ахмет ағаның жасаған істері, Алаш Орда қайраткерлерінің ерлігі – бүгін кездеспейтін батылдық. Сондықтан сол кездегі оқиғаларды заманауи көрерменге көрсету керек", – деді актер Азамат Сатыбалды.