Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында өткен әлем чемпионатында ағайынды Арслан мен Арсен Берік жеңіске жетіп, чемпион атанды.
8 жастағы Арслан 24 келі салмақта өнер көрсетіп, финалда Пәкістан спортшысынан басым түссе, 6 жасар Арсен 20 келіде сынға түсіп, ақтық сында кувейттік спортшыны жеңген.
Арсланның әкесі Алмас Өтебаевтың айтуынша, екі спортшы да 4 жасынан бастап жаттыққан.
"Арслан менің үлкен ұлым, ал Арсен – інімнің баласы. Екеуі де спорт десе ішкен асын жерге қояды", – дейді Алмас Өтебаев.
Оқи отырыңыз: Қазақстандағы танымал егіздер кімдер?
Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен дүбірлі додада әлемнің 120 мемлекетінен 5 мыңға жуық спортшылар өнер көрсетті. Арслан мен Арсеннің салмағында АҚШ, Канада, Франция, Ирландия, Ұлыбритания, Кувейт, Сауд Арабиясы елдерінің өкілдері бақ сынады.
"Болашақта джиу-джитсудың бір тармағы Олимпиада бағдарламасына енуі мүмкін. Сондықтан, осы спорт түрімен қарқынды түрде шұғылданып, алдағы уақытта Қазақстанның намысын абыроймен қорғағым келеді", – дейді Арслан Берік.