Тікелей эфир

АЭС бойынша республикалық референдум. Жазба трансляция

Informburo.kz күні бойы референдумның қалай өтетінін баяндайды.

6 қазан күні Қазақстанда республикалық референдум өтеді деп белгіленді. Референдум кезінде азаматтар бір ғана сұраққа жауап береді – "Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?". Дауыс берушілер "иә, келісемін", "жоқ, келіспеймін" деген екі жауаптың бірін таңдай алады. 

Осы орайда Informburo.kz жазба трансляция ұсынады.


20.00 – Қазақстандағы дауыс беру учаскелерінің бәрі жабылды. Алғашқы exit-poll мәліметтері 00.00-ден кейін жарияланады. 
19.00 – Футболдан Қазақстан құрамасы УЕФА Ұлттар Лигасы аясындағы кезекті тур ойынын өткізу үшін Аустрия астанасы Вена қаласына аттанды. Қазақстандық футболшылар мен құрам мүшелері Вена қаласындағы Қазақстан Республикасының елшілігінде ұйымдастырылған референдум учаскесіне барып, дауыс берді.
18.17 – Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, 2024 жылғы 6 қазандағы сағат 18.00-дегі жағдай бойынша тізімдерге енгізілген азаматтардың жалпы санының 61,56 пайызы бюллетень алды.
Ең жоғары көрсеткіш Қызылорда облысында –  79,87 %, ал ең төмен көрсеткіш Алматыда –  22,91 %. 
18.00 – Еуразиялық экономикалық комиссияның төрағасы Бақытжан Сағынтаев референдумда дауыс берді. Ол өзінің Instagram аккаунтында дауыс беру учаскесінде түскен суретін жариялады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВ (@sagintayev.b)

17.52 ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов Қазақстанда атом электр станциясының құрылысына арналған референдумда дауыс берді. Ол өзінің мекен-жайы бойынша тіркелген учаскеде таңдауын жасады. 
17.37 – "Еркіндік қанаты" қоры Астанадағы сайлау учаскесінен өз бақылаушысының шығарылғанына байланысты үндеу жариялады.
Мәлімдемеде бақылаушы учаскелік референдум комиссиясының сайлау заңнамасын бұзып жатқанын видеоға түсіргені туралы айтылған. Атап айтқанда, бақылаушы комиссия қосымша тізімге осы учаскеде дауыс беруге құқығы жоқ сайлаушыны енгізгенін түсірген. 
"Алайда комиссия төрағасы бақылаушының белсенді азаматтық позициясын жақтырмаған, кейінірек оны сайлау учаскесінен шығару туралы акт жасалды", - делінген хабарламада.
Бақылаушы сайлау заңнамасын қорғау мақсатында учаскедегі заң бұзушылықты видеоға түсірген. Конституция бойынша оның бұлай істеуге құқығы бар.
"Бейнежазбаның мақсаты заңбұзушылық фактісін түсіру болған еді, бұл бейнежазба сайлаушылардың жеке деректері көрінбейтіндей қашықтықтан жүргізілді", - деп түсіндірді "Еркіндік Қанаты".
17.23 – Қазақстандықтар әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан референдум учаскелерінде дауыс беріп жатыр. Дауыс беру процесі Болгария, Грекия, Латвия, Литва, Румыния, Финляндия, Эстония, Аустрия, Бельгия, Германия, Испания, Италия, Венгрия, Нидерланды, Норвегия, Польша, Словакия, Франция, Хорватия, Чехия, Швейцария, Швеция және Ұлыбритания елдерінде жалғасып жатыр. Сонымен қатар, Африка және Таяу Шығыс елдері –  Оңтүстік Африка Республикасы, Эфиопия, Египет, Иордания, Катар, Сауд Арабиясы және Кувейтте де қазақстандықтар дауыс беріп жатыр. 
16.55 – Бүгін АЭС мәселесі жөніндегі референдумда заң бұзған екі азамат әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл туралы Бас прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басқарма басшысы Бекжан Қараманов мәлімдеді. 
"Бүгін екі заң бұзу фактісі анықталды. Біріншісі – жеке тұлғаның қоғамдық пікірге заңсыз сауалнама жүргізуіне қатысты. Ол Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 120-бабы 3-бөлігі бойынша жауапқа тартылды, оған тиісті айыппұл салынды. Екіншісі – бұл заңсыз үгіт. Мұнда азаматтық тұлғаға қатысты осы Кодекстің 102-бабы бойынша айыппұл салынды. Екі жағдайда да заң бұзғандар өз кінәсін мойындады", - деді Қараманов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Бекжан Қарамановтың айтуынша, прокуратура мен сот органдарына референдумға қатысты талап-арыз түспеген.

16.45 – Нысана көздеуден ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Александра Ле референдумда өз таңдауын жасады. 
Ол Астана қаласындағы Велотректе орналасқан сайлау учаскесінде дауыс берді.
"Мен елордада жарыста жүргеніме қарамастан, өзімнің азаматтық борышымды өтедім. Әрбір қазақстандық азамат осы бір маңызды шешімге асқан жауапкершілікпен келіп, дауыс беруге тырысады деп үміттенемін. Әрбір азаматтың даусы маңызды", - деді Александра Ле. 
16.35 – АӨСШК бақылаушылары Қазақстанда атом электр стансасын салу жөніндегі референдумның өтуіне баға беріп, дауыс беру барысында ешқандай кедергі жасалмағанын атап өтті.
"Азаматтардың дауыс беруге белсене қатысқанын және жұмысшылар мен комиссия мүшелерінің кәсіби дайындық деңгейін атап өтеміз. Дауыс беруші азаматтардың, әсіресе жастардың өте жоғары белсенділік танытқанын байқадық. Дауыс беруге көп жастар отбасыларымен келді. Учаскелік комиссия дауыс беру үшін жағдай жасап, туындаған мәселелер бойынша жан-жақты түсіндірмелер берді.  Олар әсіресе сайлаушыларға, қоғамдық ұйымдарға және халықаралық бақылаушыларға ізетпен қарым-қатынас жасады», - деді АӨСШК Бас хатшысының орынбасары Чжан Лин.

16.25 Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев референдумда дауыс берді.

Нұрлан Ұранхаев Семей қаласындағы №93 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.

"Аса күрделі мәселені Президент халықпен бірге ақылдаса отырып шешуді айтты. Абай облысы бойынша 474 сайлау учаскесі ашылып, заңға сәйкес жұмыс істеп жатыр. Отбасыммен бірге өз таңдауымызды жасадық. Дауыс беруге келген жерлестеріміздің қарқыны жақсы. Абай елі береке-бірлігін көрсетіп, осы науқанды абыроймен өткізеді деп сенемін",- деді Нұрлан Ұранхаев.

Абай облысында 487 сайлау комиссиясы жұмыс істеп тұр. Оның ішінде бір облыстық аумақтық комиссия, қалалар мен аудандарда 12 аумақтық комиссия бар. Сонымен қатар 474 учаскелік комиссия жұмылдырылған.

16.15 – Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, 2024 жылғы 6 қазандағы сағат 16.00-дегі жағдай бойынша тізімдерге енгізілген азаматтардың жалпы санының 57 пайызы бюллетень алды.

Ең жоғары көрсеткіш Қызылорда облысында – 76,15 %, ал ең төмен көрсеткіш Алматыда – 20,57 %.

Сонымен қатар, Астана уақыты бойынша сағат 16.00-де Вашингтон, Нью-Йорк, Оттава қалаларында референдум учаскелері ашылғаны туралы хабарланды.

15.40 –  жазушы Бигелді Ғабдуллин Алматыдағы №235 учаскеде дауыс берді. 

Бигелді Ғабдуллин/ Фото жазушының әлеуметтік желісінен алынды


"Өз елімнің болашағы үшін дауыс бердім. Қай нұсқаға дауыс бергенімді өздеріңіз тауып көріңіздер", – деп жазды жазушы өзінің әлеуметтік желісінде. 

15.34 – Белгілі әртістер Майра Ілиясова, Ерік Жолжақсынов, Ерлан Малаев, Әділ Ахметов, Самал Есләмовалар Астанада дауыс берді.

Актриса Самал Есләмова/ Фото: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

"Біздің бүгінгі шешімдеріміз ертең күніміздің іргетасын қалайды. Зиялы қауым өкілі ретінде мен үшін еліміздің болашағын білім мен тәжірибеге сүйене отырып құрғанымыз өте маңызды", – деді ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова. 

Астанада 460 учаске бар. Оның 352-сі – ашық, 34-і – жабық, ал 74-і дипломатиялық өкілдіктер мен елшіліктерде орналасқан. 

15.10 – Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үлкен ауылында сағат 14-00-ге дейін тұрғындардың 70 пайыздан астамы дауыс беріп үлгерген. Осы сағатқа дейін ауылдағы №332 учаскеге 775 тұрғын  келіп, өз таңдауын жасапты.

"Бүгінгі референдумда біз тұрғындардың айрықша белсенділігін байқап отырмыз. Учаскеде барлығы қалыпты режимде өтіп жатыр, ешқандай өрескел заңбұзушылық тіркелген жоқ",- деді Үлкен ауылындағы референдум учаскелік комиссиясының төрайымы Әлия Үкібаева. 

Алматы облысында жалпы саны 643 учаске ашылған. 

14.57 – Талдықорғанда Отан соғысының ардагерлері дауыс берді.

Референдумда өз таңдауын жасаған ардагерлер қатарында Ысқақ Құсайынов, Төлеубай Шектібаев, Қаңтарбай Сәрсенбайұлы бар.

Фото: Жетісу облысының әкімдігі

"Менің балалық шағым біздің тарихымыздың қиын кезеңдерімен сәйкес келді – бұл соғыс пен аштық. Тағдыр маған бейбіт өмір мен бақытты күндерді көруді бұйырды. Сондықтан бүгін мен еліміздің болашағы үшін дауыс беремін", - деп атап өтті ардагер Ысқақ Құсайынов.

14.40 – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров референдумда дауыс берді. 

"Мен ел мүддесін негізге ала отырып дауыс бердім және отандастардың әрқайсысы ел ертеңіне оң әсер ететін салмақты шешім қабылдайтынына сенімдімін",- деді министр Instagram желісінде.

14.27 – Референдумда дауыс бергендер саны 51 пайыздан асты, референдум өткізілді деп саналады.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, 2024 жылғы 6 қазандағы сағат 14.00-дегі жағдай бойынша тізімдерге енгізілген азаматтардың жалпы санының 51,77 пайызы бюллетень алды.

Ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысында – 67,38%, ал ең төмен көрсеткіш Алматыда – 16,91%.

"Республикалық референдум туралы" ҚР Конституциялық заңының 31-бабы 2-тармағына сәйкес, егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбi дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткiзiлген деп саналады.

14.25 – ҚР Ұлттық гвардия сарбаздары АЭС мәселесі бойынша референдумда алғашқылардың бірі болып дауыс беруді аяқтады. 

Фото ҚР Ұлттық гвардия баспасөз қызметі 

14.05 – Душанбедегі әлем біріншілігіне қатысып жатқан Қазақстанның дзюдодан ұлттық құрамасы ҚР елшілігіне дауыс беруге келді. 

ҚР дзюдодан ұлттық құрамасы/ Фото ҚР Сыртқы істер министрлігі

13.53 – "МузАРТ" тобының солисі Кенжебек Жанәбілов референдумда дауыс берді. 

"Біз өз еліміздің алдағы ұзақ жылғы даму барысына ықпал ететін шешімдерге немқұрайлы қарамауымыз қажет. Референдум – бұл ортақ іске өз үлесіңді қосып, өз пікіріңді білдіру мүмкіндігі", - деді әнші.

13.48 – Бас прокуратура сағат 13.00-дегі жағдай бойынша дауыс беру процесі өрескел бұзушылықтарсыз – қалыпты жағдайда өтіп жатқанын хабарлады.  

"Бүгін прокуратура органдарына республикалық референдумға қатысты өтініштер түскен жоқ. Сондай-ақ қазіргі уақытта сот органдарына да талап арыздар енгізілмеген", - деді ҚР ІІМ өкілі.

13.35 – Қазақстандағы ең ұзақ жасаған қария Қазақстанда атом электр станциясының құрылысына арналған референдумда дауыс берді.

Дауыс беру рәсімі 114 жастағы Түймегүл Темірбаеваның үйінде өтті. Ол Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы, Қызылжар ауылында тұрады. Референдум комиссиясының мүшелері қарияның үйіне арнайы келген. 

"Қазақстанның әрбір тұрғыны жасына қарамастан өзінің азаматтық позициясын білдіруге міндетті. Мінеки, мен де дауыс бердім. Отанымызға бейбітшілік, ашық аспан тілеймін",- деді Түймегүл Темірбаева.

13.00  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет" орденінің иегері, актер Азамат Сатыбалды Қазақстанда атом электр станциясының құрылысына арналған референдумда дауыс берді. 

Актер азаматтардың бүкіл ел үшін маңызды шешім қабылдауға қатысуларының маңыздылығын атап өтті.

"Әрқайсымыз осындай іс-шараларға қатысуымыз керек. Біздің балаларымыз бен ұрпақтарымыз ең жақсы нәрсеге ие болуы керек және біз оған бар күшімізді салуымыз қажет. Референдум – бұл Қазақстанның болашағына өз үлесін қосу мүмкіндігі", - деп атап өтті Азамат Сатыбалды.

12.39  Алматыда тағы бір атақты спортшы – спорттық гимнастикадан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов АЭС құрылысы бойынша референдумда дауыс беруге қатысты. 

Нариман Құрбанов \ Фото: Алматы ӨКҚ

Атақты спортшы өзінің үлгісімен ел үшін осы мәнді  оқиғаға қатысудың маңыздылығын көрсеткісі келетінін атап өтті. 

Нариман Құрбанов \ Фото: Алматы ӨКҚ

"Өз дауысыңды беру – әркімнің азаматтық борышы, мен міндет деп айтар едім. Әркімнің өз таңдауы бар және оны жасау керек. Қазақстандықтар бұл мәселеде жауапкершілікті көрсететініне сенімдімін", – деді Нариман Құрбанов.

12.22  Қазақстанның халық әртісі, танымал эстрада әншісі Роза Рымбаева Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша референдумға қатысты.

Фото: Алматы ӨКҚ

Әнші №17 мектеп-интернатта орналасқан №387 сайлау учаскесіне барды.

Роза Рымбаева іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, бүгін ел және әрбір қазақстандық үшін тарихи күн екенін атап өтті. 

Роза Рымбаева / Фото: Алматы ӨКҚ

"Азаматтарымыздың референдумға қатысуы – Қазақстанның болашағын түсінудегі маңызды қадам. Бүгінде әрқайсымыздың өз ұстанымымызды білдіруге мүмкіндігіміз бар. Қарқынды өзгерістер жағдайында референдум қорытындысы бізге еліміздің қозғалысын дамыту векторын көрсетеді", – деді ол. 

12.05 – Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, 2024 жылғы 6 қазандағы сағат 12.00-дегі жағдай бойынша тізімдерге енгізілген азаматтардың жалпы санының 39,23%-і бюллетень алды.

Ең жоғары көрсеткіш Шымкент қаласында – 57,03%, ал ең төмен көрсеткіш Алматыда – 11,88%.

Азаматтардың уақытша болатын жерлеріндегі 358 референдум учаскесінде дауыс беру аяқталды.

12.03 – Ербол Мырзабосынов АЭС салу мәселесі бойынша референдумда дауыс берді.


 
Туризм және спорт министрі Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша республикалық референдумға қатысты.

Ербол Мырзабосынов № 359 референдум учаскесінде дауыс берді.

12.01 – Қазақтелеком компаниясының басқарма төрағасы Бағдат Мусин референдумда дауыс берді. 

"Әбдікәріммен референдумға барып, дауыс бердік", – деп жазды Бағдат Мусин.

Бағдат Мусин ұлымен / Фото: экс-министрдің телеграм арнасынан

11.59  Қазақстанның Халық артисі, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, театр әрі кино актері және режиссері Асанәлі Әшімов Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша референдумда дауыс берді.

Фото: Алматы әкімдігі

Қазақ киносының аңызы жұбайымен бірге Б.Момышұлы атындағы № 131 мектеп-лицейінде орналасқан №382 сайлау учаскесінде дауыс берді. Артист бұл оқиғаның еліміз үшін маңыздылығын атап өтті.

Фото: Алматы әкімдігі

"Бұл – біздің азаматтық борышымыз, оны елеусіз қалдыруға болмайды. Мемлекет халықтың шешім қабылдауына мүмкіндік берді. Сондықтан референдумда дауыс беру маңызды. Ел өркендеуі керек, бұл біздің қолымызда!" – деді Асанәлі Әшімов.

11.55 – Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Ақмарал Әлназарова республикалық референдумда дауыс бергенін хабарлады.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Акмарал Альназарова (@akmaralalnazarova)

11.49 Астананың қоғамдық штабы Гумилев атындағы ЕҰУ учаскесінде бақылаушылардың бірі дауыс беру барысына кедергі келтіріп, фото және бейнетүсірілім жүргізгенін хабарлады. Штаб мәліметінше, бақылаушы комиссия төрағасының ескертуіне құлақ аспағандықтан, учаскеден шығарылған. 

11.39 – Қонаевта "Тұлпар" ретро автокөліктер салонының басшысы Мұрат Сіргебаев автошеру ұйымдастырды.

Фото: Алматы облысы әкімдігі

"Біз барлық саяси науқанға белсенді қатысамыз. Бүгін референдумға орай, халықтың көңіл-күйін көтеру үшін автошеру ұйымдастырдық. Бұл күні ел болашағы анықталады. Сондықтан әр азамат шет қалмай, азаматтық позициясын білдіруі тиіс деп ойлаймын", – деді кәсіпкер.

Фото: Алматы облысы әкімдігі

10 көліктен құралған шеру бірнеше референдум учаскелеріне барды. Олар 5 көшені толық аралап, 17 шақырымнан астам жолды жүріп өтті.

11.33  Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов тиісті референдум учаскесінде өз таңдауын жасады.

"Бүгін еліміз үшін маңызды оқиға – атом электр станциясын салу жөніндегі референдум өтіп жатыр. Референдум – демократияның маңызды құралы. Әр азамат өзінің позициясын білдіруге құқылы. Мен өз елімнің тұрғыны ретінде отандастарыммен бірге дауыс беруге келдім", – деді Асхат Бердіханов.

Асхат Бердіханов / Фото: Алматы облысы әкімдігі

Жалпы Қонаев қаласы бойынша 30 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 26-сы ашық, төртеуі – жабық учаске. Сайлаушылар саны – 44 581.

11.18 – Бүгінгі республикалық референдумге дауыс беруге Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев келді.

"Алматы облысы адам көп шоғырланған облыстардың бірі. Облыс бойынша 1 миллионға жуық халықтың дауыс беру мүмкіндігі бар. Маңыздылығын айтсақ, ертеңгі күні әр адамның дауысын есептеп, ары қарай жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бүгін келетін адамдардың тілегі қандай болады, үкімет те соған байланысты жұмыс атқаратын болады", – деді Марат Сұлтанғазиев.

Марат Сұлтанғазиев / Фото: Алматы облысы әкімдігі

11.17 – "Еркіндік қанаты" ҚҚ №14 ЕҰУ Студенттер үйіндегі сайлау учаскесінен бақылаушының шығарылғаны туралы мәлімдеді. Бақылаушының айтуынша, учаске төрайымына оның болжалды бұзушылықтарды суретке түсіріп, бейнеге жазғаны ұнамаған.

11.05 – Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев АЭС бойынша референдумда дауыс берді.

Нұрсұлтан Назарбаев / Фото: Informburo.kz

10.56 – Мегаполистің №173 мектеп-лицейінде орналасқан №585 сайлау учаскесінде алматылықтарды бойлары екі метрлік батырлар қарсы алды. Осы акциямен ұйымдастырушылар көшпенділер әлеміне, оның ішінде Ұлы дала рухына енуге мүмкіндік беретін тақырыптық ауан ұсынды.

"Біз референдум болатын маңызды күнге назар аударғымыз келді. Меніңше, әрбір қазақстандық өз мемлекетінің болашағы туралы ойлануы тиіс. Сондықтан бүгінде әркімнің өз пікірін білдіруі өте маңызды. Мен өзім дауыс бердім, туған жерімнің болашағына ерекше мән беремін", – деді батырлардың бірі Самат Шамрат.

Фото: Алматы ӨКҚ

10.43  Қазақстанның Халық әртісі, Қазақ КСР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, композитор және әнші Алтынбек Қоразбаев Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдумға қатысты.

Өнер майталманы №202 мектеп-гимназиясында орналасқан № 211 учаскесіне келді. Алтынбек Қоразбаев референдумның маңыздылығына ерекше тоқталды.

Алтынбек Қоразбаев / Фото: Алматы ӨКҚ

"Бүгін әрбір дауыс маңызды. Біз осы референдум нәтижесі арқылы халықтың көңіл-күйін, сенімін, үмітін, қоғамымыздың даму жолындағы көзқарасын біле аламыз. Сондықтан баршаңызды дұрыс шешім қабылдауға шақырамын", – деді Алтынбек Қоразбаев. 

10.38 – Еңбекшіқазақ ауданының мәдениет үйіндегі № 123 сайлау учаскесінде Алтын адам бейнесінде киінген азамат дауыс берді. Ол аудандағы белсенді азамат – Жасұлан Сейдазимов.

Жасұлан Сейдазимов \ Фото: Алматы облысы әкімдігі

10.35 – Қаржы министрлігінің басшысы Жасұлан Мәдиев "Астана Опера" театрында орналасқан учаскеде дауыс берді.

Жасұлан Мәдиев / Фото: Informburo.kz

10.17 – ОСК мәліметтері бойынша, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, 2024 жылғы 6 қазандағы сағат 10.00-дегі жағдай бойынша тізімдерге енгізілген азаматтардың жалпы санының 17,79%-і бюллетень алды.

Фото: ОСК баспасөз қызметі

Ең жоғары белсенділік Қарағанды облысында (30,63%), Астанада (24,08%) байқалады. Алматыда референдумға келушілер көрсеткіші төмен – 8,66%.

Азаматтардың уақытша болатын жерлеріндегі 107 учаскеде дауыс беру аяқталды.

10.16 Астана әкімі АЭС бойынша референдумда дауыс берді.

"Таңертең №211 сайлау учаскесіне барып, дауыс бердім", – деп жазды Астана әкімі Жеңіс Қасымбек желідегі парақшасында. 

Фото: instagram.com/jenis_qasymbek/

10.13 "Қазақстан – 2023" аруы Сәбина Ыдырысова, "Әлем аруы Қазақстан – 2023" Мәдина Әлмұханова және "Алматы аруы – 2024" Эльдана Сауранбаева Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша референдумға қатысты.

Фото: Алматы ӨКҚ

Қыздар сайлау учаскелеріне тәж киіп, лентасын тағып келді. Олар референдумның маңыздылығын атап өтіп, ұстанымын білдіру азаматтық жауапкершіліктің маңызды бөлігі екенін айтты.

Фото: Алматы ӨКҚ

"Бүгін қабылдаған әрбір шешіміміз болашағымызға әсер ететініне сенемін. Жас буын өкілі ретінде еліміздің болашағына қатысуымыз керек деп ойлаймын. Референдум қоғамды жақсылыққа ұмтылуда біріктіретін маңызды оқиғаға айналды", – деді Сәбина Ыдырысова №295 учаскеде дауыс бергеннен кейін.

Алматы тұрғындары сайлау учаскелеріне барып, сағат 20:00-ге дейін дауыс бере алады.

10.01 – Референдум кезінде Алматыда 100 "Инватакси" мен 20 кезекші көлік мүмкіндігі шектеулі тұрғындарды тасымалдайды.

Фото: Алматы қаласы әкімдігі

"Инватакси" қызметін мына диспетчерлік қызмет нөмірлері арқылы шақыруға болады:

  • арбамен жүретін және тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтар үшін: +7 747 402 6415, +7 707 710 6050 (WhatsApp);
  • көру қабілеті бұзылған азаматтар үшін: +7 705 980 87 09, +7 705 831 48 14.
Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көлік қызметін көрсету үшін 20 кезекші автокөлік бөлінген. Кезекші автокөлікті мына нөмір арқылы шақыруға болады: 338-30-09

9.51 Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Астанадағы Ұлттық кітапханадағы №164 сайлау учаскесінде дауыс берді.

9.50 – Аты аңызға айналған қазақстандық опера әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бибігүл Төлегенова да атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдумға қатысты. Бибігүл Ахметқызы үйінде дауыс берді. №559 сайлау учаскесінің өкілдері бюллетеньдерге арналған урнаны Бибігүл Ахметқызы тұрып жатқан үйге әкелді. 

Бибігүл Төлегенова / Фото: Алматы әкімдігі

9.35 Үш дүркін әлем чемпионы Сора Рахмонова жолдасымен референдумда дауыс берді. Спорттағы жұлдызды жұп Нұрсұлтан Орынбасаров және Сора Рахмонова Іле ауданы, М.Түймебаев ауылындағы  №404 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. 

Фото: ӨКҚ баспасөз қызметі

9.13 – Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Астанадағы Ұлттық кітапханадағы №164 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Мәулен Әшімбаев  / Фото Informburo.kz

9.05 – Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының ғимаратындағы учаскеде дауыс берді.

9.00 – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев референдумда дауыс берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев / Фото: "Қазақстан" телеарнасы

8.50 – Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдумға қатысты.

Руслан Жақсылықов / Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы

Жалпы Қарулы күштердің әскери бөлімдері мен мекемелерінің аумағында 24 учаске ұйымдастырылды. Осы уақытта Қарулы күштерде сарбаздар мен курсанттардың дені өз таңдауын жасады. Офицерлер мен сержанттар құрамы, сондай-ақ азаматтық персонал тұрғылықты жері бойынша дауыс беріп жатыр.

8.49 – Кеген ауданы Ұзынбұлақ ауылындағы №573 сайлау учаскесіне бір әулеттің бес буынының өкілдері келіп дауыс берді. 103 жастағы Шортанова Күлпара, оның 85 жастағы ұлы Марат, 50 жастағы немересі Олжас, 25 жастағы шөбересі Бейбіт және 18 жастағы шөбересі Марал өз таңдауын жасады.  

8.27 – АЭС салынуы мүмкін деп болжанып отырған Үлкен ауылы референдумда дауыс беріп жатыр. Үлкен ауылдық округінде №332 дауыс беру учаскесі өз жұмысын бастады. Таңертеңнен бері ауылдың 150-ден астам тұрғыны дауыс берді.

8.24 – Алматыда барлық сайлау учаскелерінде республикалық референдум Қазақстан әнұранын салтанатты түрде орындаудан басталды. №6 оқушылар үйіндегі дауыс беру учаскесінде әнұранды ерекше орындады. Онда сурдоаудармашылар әнұранды ым-ишара тіліне аударған. Бұл іс-шара негізінен осы ауданда тұратын есту және сөйлеу қабілеті бұзылған азаматтарға әнұранды орындау арқылы патриоттық көңіл-күй сыйлауға мүмкіндік берді.

8.12 – Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев АЭС салу мәселесі бойынша референдумда дауыс берді. Энергетика министрлігінің басшысы Smart БО учаскесіне барды.

Алмасадам Сәтқалиев / Фото Informburo.kz

8.00 – Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев АЭС бойынша референдумда дауыс беруге жұбайымен бірге келді. Ол №48 мектеп-лицей ғимаратындағы №388 учаскесінде дауыс берді. 

Ерболат Досаев №48 мектеп-лицей ғимаратындағы №388 учаскесінде дауыс берді. Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

7.47 – Үлкен ауылы тұрғындары референдумға белсенді қатысуда, деп хабарлады Алматы облысының баспасөз қызметі.

Үлкен ауылдық округіндегі №332 референдум учаскесі жұмысын бастады. Таңертеңнен бастап ауылдың 150-ден астам тұрғыны дауыс беруге келіп, белсенділік танытты.

"Бүгінгі референдумның маңызы зор. Бұл – халықтың елдің болашағына қатысты шешімдерді өз қолына алатын сәті. Әрбір дауыс берушінің таңдауы маңызды. Өз таңдауымызбен біз мемлекетіміздің дамуына үлес қосамыз. Мені бүгінгі референдумға азаматтық борышым жетеледі. Біз өз болашағымызға немқұрайлы қарамауымыз керек", – деді ауыл тұрғыны Рахима Қайырбекова.

Жамбыл ауданында референдумға арналған 77 учаске жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта олардың барлығы сайлаушыларды қабылдауда.

7.38 – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Астанада Ұлттық кітапханадағы №164 учаскеде дауыс берді. 

"Бүгінгі референдум еліміздің экономикалық дамуы тұрғысынан перспективаларды айқындауда өте маңызды. Қай елде болмасын референдумға алдағы онжылдықтарға жоспарды айқындайтын, бірақ шешімді қазір қажет ететін мәселелер шығарылады. Мен референдумға шығарылған мәселе ғана емес, референдумды өткізудің өзін де атап өтер едім. ТМД және Орталық Азия кеңістігінде Қазақстан осындай маңызды мәселе бойынша референдум өткізіп отырған бірінші және жалғыз ел", – деп атап өтті Ерлан Қарин.

07.25 – Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес 2024 жылғы 6 қазанда сағат 7.00-дегі жағдай бойынша өңірде барлық 10 249 учаске дауыс беруге кірісті. 84 учаскеде аумақтық комиссиялардың қабылдаған шешімдеріне сәйкес дауыс беру таңғы сағат 6.00-де басталды. Тізімдерге 12 млн. 244 мың 683 азамат енгізілді.

Учаскелік комиссиялар азаматтардың жазбаша өтініштері бойынша дауыс беру құқығын беретін барлығы 10 623 есептен шығару куәлігін берді. Республикада 10 323 дауыс беру учаскесі бар. Оның ішінде Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктерінде 59 елде 74 учаске орналасқан.

07.20 – Үкімет басшысы Олжас Бектенов Астанадағы Оқушылар үйінде дауыс берді.

07.00 – Қазақстанда Референдум учаскелері ашылды. Референдумның учаскелік комиссиялары жұмысқа кірісті.

6.30 – Қазақстан Республикасының азаматтары референдумда өздерінің конституциялық құқықтарын алғашқылардың бірі болып Корея Республикасында жүзеге асырды, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігі.

Сеулдегі референдумда бірінші қазақстандық болып халықаралық ұйым қызметкері Камила Маутова дауыс берді.

"Бұл шешімнің еліміздің болашағы үшін маңызы зор, ал референдум – қоғамның барлық көзқарастарын ескеру, шешім қабылдауда ашықтықты қамтамасыз ету мүмкіндігі. Үкімет әркімнің пікірін тыңдауға тырысады және біз, азаматтар үшін бұл үдеріске белсенді қатысу өте маңызды", – деді КамилаМаутова.


Оқи отырыңыз: "Өзгерісті өзімізден бастау керек". БҚО-да этномәдени бірлестік өкілдері референдумға қолдау білдірді


 

Серіктестер жаңалықтары