Amanat фракциясының депутаты Мәди Ахметов премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың атына жолдаған сауалында "Балалар жылының" аясында құрылысы 9 жыл бұрын басталған Қарағанды қаласындағы 200 орындық облыстық көпсалалы балалар ауруханасын және Жезқазған қаласындағы 320 орындық балабақшаны биылдың соңына дейін іске қосуды сұрады.
Депутаттың айтуынша, кірпіші қаланып бастап, кейін тоқтап қалған нысандар Қазақстанда көп екенін сынға алды.
"Әлі күнге дейін еліміз бойынша аяқсыз қалған жобалардың нақты тізімі жоқ. Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері мен аймақтық әкімдіктер ұсынған ақпарат бір-біріне кереғар, мүлде сай келмейді. Жергілікті әкімдіктер ұсынған мәліметтерге сәйкес Қарағанды облысында 27 нысан, Елордамызда 16, Түркістан облысында 11, Маңғыстау облысында 10 нысан тұралап, "сақалды" құрылыстың көшін бастап тұр. Олардың көбі халық игілігіне жарайтын әлеуметтік нысандар, яғни балабақша, емхана мен мектептер", – деді Мәди Ахметов.
Оқи отырыңыз: Құрылыс материалдарының құны сәуірден бері 50-70 пайызға көтерілген