10 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанның ішкі істер органдарына 7 939 адам жеткізілді, деп хабарлады Ішкі істер министрлігінің жедел штабы.
Алматыда полиция қызметкерлері Ұлттық ұлан мен арнайы жасақ әскерилерінің қатысуымен Алматыдағы екі базарда 207 адамды ұстады.
"Сонымен қатар, ұрланған 5 автокөлік, жаңа компьютерлер, ноутбуктер, музыкалық орталық сынды ұрланған заттар, сондай-ақ екі тегіс ұңғылы және төрт суық қару тәркіленді",– деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, Ұлттық қауіпсіздік комитеті 4 мен 8 қаңтар аралығында Алматы қаласындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 2 экстремистік топты құрықтады. Ал, 9 қаңтарда экстремистік әрекетке алдап-арбау, экстремистік ұйымға басшылық ету және оған қатысу, сондай-ақ жаппай құқыққа қайшы акцияларды жүргізу күдігімен бір ұяшықтың 4 мүшесі ұсталды.
ҰҚК дерегінше, ұйым жетекшісі – халықаралық террористік ұйыммен байланысы бар, жаппай тәртіпсіздікке белсенді түрде атсалысқан шетел азаматы.
Тергеу қызығушылығына сәйкес кейбір ақпараттарды жариялау әзірге мүмкін емес.