2021 жылы атаулы әлеуметтік көмек алған 51 мыңнан астам отбасы кедейлік жағдайынан шықты. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек департаментінің директоры Асқар Ниязов айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі.
Асқар Ниязовтың айтуынша, барлық еңбекке қабілетті АӘК алушыларды жұмыспен қамтуға жәрдем көрсетіліп жатыр. Осылайша 2021 жылдың қорытындысы бойынша шартты атаулы көмек алатын 273,4 мың еңбекке қабілетті тұлғаларының ішінен 206,5 мың адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылған.
"Биыл елімізде 199,8 мыңнан астам адамға жұмыспен қамту шаралары бойынша көмек көрсету көзделген. Оның ішінде электрондық еңбек биржасы арқылы бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, өз ісін ашқысы келетіндерге 20 300-ден астам грант, жастар практикасына 22 мың жолдама, оқу орындарын бітірген жас мамандар үшін 3 мың жұмыс орны көзделген. 36 мың адам біліктілікті арттыру курстарынан өте алады, 16,6 мың уақытша жұмыс орны, қоғамдық жұмыстарда 52,1 мың уақытша орны құрылады, 8,1 мың адам үшін жұмыс күші аз өңірлерге көшуге субсидиялар беріледі", – деді Асқар Ниязов.
Оқи отырыңыз: Түркістан мен Маңғыстау кедей өңірлер көшін бастады. Инфографика
Сондай-ақ, 2020 жылы атаулы әлеуметтік көмек алған 184,7 мың отбасының ішінен 47,4 мың отбасы өз өмірін қалыпқа келтіру үшін берілген мүмкіндікті нәтижелі пайдаланып, кедейлік жағдайынан шыққан. "Бұл азаматтар қазір атаулы көмек алмайды алмайды. Ал 2021 жылы АӘК алған 198,4 мың отбасының 51 400-ге жуығы қазір кедейлік жағдайынан шықты", – деді Асқар Ниязов.
1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда 111,4 мың отбасы немесе 557,1 мың адам 18,8 млрд теңгеге атаулы әлеуметтік көмек алған. Өңірлік бөліністе 2021 жылдың қорытындысы бойынша АӘК алушылардың ең көп саны Шымкент қаласында – 47,2 мың отбасы (23,8%), Түркістан облысында – 42,9 мың отбасы (21,7%) және Алматы облысында – 22,6 мың отбасы (11,4%) байқалады. АӘК алушылар саны ең аз өңірлер – Солтүстік Қазақстан облысы – 2,7 мың отбасы (1,3%) және Атырау облысы – 1,6 мың отбасы (0,8%).