Наурыздағы айында жұмсалған миллиондарға байланысты басы дауға қалған Сәкен Майғазиев қызметінен кетті. Әлеуметтік желі қолданушылары Шымкент қаласының наурыздағы шараларға жұмсаған 500 миллион теңгеден астам қаражатының есебін ең алдымен Сәкен Майғазиевтен сұраған еді, деп хабарлады 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Шымкент қалалық мәдениет басқармасы Сәкен Майғазиевтің мәдениет үйі жетекшілігінен өз еркімен кеткенін хабарлады. Басқарма оның "шығармашылық жұмысының көбеюіне" байланысты қызметінен босатуды сұрап, өтініш білдіргенін хабарлады. Арна тілшілері әншінің тікелей өзінен қызметінен кетуі жайлы пікір ала алмаған.
Қоғам белсенділері бұған дейін Сәкен Майғазиев басқарған Мәдениет үйі арқылы 500 миллион теңгеден астам сомаға түрлі шаралар өткізу үшін тендерлер жарияланғанын, алайда оның есебі ашық болмағанын наурыз айының соңында жазған болатын. Бұл мәселеге журналистік зерттеу жүргізген "Қазақ таймс" порталының тілшісі Мият Кәшібай Сәкен Майғазиев "Түркістан сарайы" директоры болып тұрып, жақында тағы бір мемлекеттік сатып алу жасағанын айтады. Тілшінің сөзінше, "Түркістан сарайы" Шәмші әндерінің концертін өткізу үшін қызметін небәрі бірнеше күн бұрын ғана бастаған кәсіпкермен құны 60 млн теңгеге келісімшарт жасасыпты.
"Цимедиагрупп" 16 шілдеден екі күн бұрын ғана мемлекеттік тіркеуден өткен компания. Сондай мемлекеттік тіркеуден өткеніне екі-ақ күн болған компанияға не себепті бір көзден алпыс миллион тендер бергені бізге түсініксіз", – дейді журналист Мият Кәшібай.
Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: