Тікелей эфир

50 жылда Орталық Азия мұздықтары 30 пайызға қысқарды. Ғалымдар табиғи апаттардың алдын алу жолдарын талқылады

Мұздықтар мен арктикалық мұздардың еруінен дүниежүзілік мұхит деңгейі көтеріліп жатыр.

Алматыда климаттың өзгеруі мен экологиялық проблемаларға қатысты бірінші халықаралық аймақтық семинар өтті. Мамандар соңғы уақытта жиілеп кеткен табиғи апаттарға қалай қарсы тұруға болатыны жөнінде сөз қозғады.  

Температураның көтерілуі климаттың өзгеруіне және апатты салдарға әкеп соқты. Бүгінгі таңда әдеттен тыс ыстық ауа райы, құрғақшылық және соның салдарынан орман өрті, мұздардың еруінен су тасқыны секілді жойқын табиғи апаттар жиілеген. Мұздықтар мен арктикалық мұздардың еруінен дүниежүзілік мұхит деңгейі көтеріліп жатыр.

Климаттық дағдарыс Жердің барлық бөлігіне әсер етті деуге болады. New York Times журналы 193 елден алынған ақпаратты талдағаннан кейін "Планета бізге SOS сигналын жіберуде" деп жазды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы климаттың өзгеруінен туындаған өлім мен ауру жағдайларының көбеюіне байланысты бұл мәселені "адам денсаулығына ең үлкен қауіп" деп атады.

ЮНЕСКО мәліметтері бойынша, климаттың өзгеруіне байланысты Дүниежүзілік мұра тізіміндегі ормандардың 50%-дан астамына қауіп төніп тұр. Сондай-ақ, теңіз нысандарының үштен екісіне – тартылу қаупі жоғары өмірлік маңызды су қоймаларына қауіп төніп тұр. Топырақтың құрғауы, орман өрті, су тасқыны және дауыл климаттың өзгеруінің салдары болып табылады.

Орталық Азия, атап айтқанда, Қазақстан да климаттың өзгеруінің зардаптарын татып отыр. Алматыда өткен семинарда ғалымдар мен сарапшылар климаттық өзгерістер мен экологиялық проблемаларға қатысты мәселелерді талқылап, жобалық, командалық міндеттерді шешті.


Оқи отырыңыз: Климатолог Алексей Кокорин: Cу тасқыны енді әр 5 жыл сайын қайталануы мүмкін


Жаһандық экологиялық қор, БҰҰДБ және ЮНЕСКО ұйымдастырған семинар "Орнықты дамудың кешенді әдістерін әзірлеу және климаттың өзгеруіне бейімделу үшін нивал-гляциалдық жүйелерді бағалаудағы өңірлік ынтымақтастық арқылы Орталық Азия елдерінің тұрақтылығын нығайту" бірегей жобасын бастауға дем берді. 

Жоба криосфера мониторингіне, мұздықтарды зерттеуге және су ресурстарын басқарудың озық кешенді әдістерін енгізуге қатыса отырып, Орталық Азия елдеріне бірыңғай халықаралық диалогтың бөлігі болуға мүмкіндік беретін стратегияны әзірлеу үшін құрылған.

Сарапшылар аймақтағы экожүйенің маңызды факторы – криосфераны егжей-тегжейлі зерттеудің маңызына назар аударды. Тянь-Шань мұздықтары Сырдария өзені бассейнінің, ал Памир тауларының мұздықтары Амудария өзені бассейнінің ағынын еріген сумен қамтамасыз етеді. Криосфера мұздықтар мен қар жамылғысының көрінетін бөлігінен басқа, жер асты мұзы, тас глетчерлер, морена және мәңгі тоң кіреді.

Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық топтың арнайы есебінде мамандар қар жамылғысы, мұздықтар мен мәңгі тоңның азайғанын атап өтті. Соңғы 50 жылда Орталық Азия мұздықтары 20-30%-ға қысқарды, бұл дабыл қағатын мәселе екендігі сөзсіз.

Бұл орайда, климаттың өзгеруі мұздықтардың еруіне және сәйкесінше су ресурстарының сақталуына әсер етеді.

Сарапшылардың пікірінше, ғаламдық жылынуға байланысты таулардағы жауын-шашын көбінесе қар емес, жаңбыр түрінде болады. Нәтижесінде өзендердің гидрографы өзгереді, бұл экологиялық проблемаларға, егістіктерді суаруға және ауылшаруашылық секторының қажеттіліктері үшін судың жетіспеушілігіне әкеледі.

Семинар маңызды диалог алаңына айналды, онда әртүрлі елдердің ғалымдары баяндама жасап, пікір алмасты, әріптестерінің сұрақтарына жауап берді.

"Қолда бар білімді криосфера бойынша бірыңғай ақпараттық деректер базасы шеңберінде шоғырландыру маңызды, – деп атап өтті гляциолог, Орталық Азиядағы криосфера жөніндегі жобаның үйлестірушісі Мартина Барандун (Фрибург университеті). – Ортақ көзқарас пен келісімділікті қалыптастыру, ұлттық іс-қимыл жоспары мен өңірлік стратегиялық бағдарламаны әзірлеу, криосфера мониторингі бойынша Орталық Азия елдерінің әлеуетін нығайту, су ресурстарын басқару және қауіптер мен табиғи апаттарға қарсы тұру саласында тәжірибе алмасу қажет".

Серіктестер жаңалықтары