Өткен жылы 3 117 қазақстандықтан тоқ ішек обыры анықталып, 1 504 адам осы індеттен көз жұмған. Обырдың бұл түрі Қазақстанда таралуы мен өлім-жітім есебі бойынша үшінші орында тұр. Осы орайда, "Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығы" интервенциялық радиология мен эксперттік эндоскопия орталығының жетекшісі Қанат Батырбеков 50 жастан асқан азаматтарға тексеруден жылдамдатып өтуге кеңес берді.
Скринингтен мемлекеттік облыстық ауруханалар мен онкологиялық диспансерде өтуге болады.
"Колоректалды скрининг Қазақстанда 2011 жылы енгізілді. Ол – елде өткізілетін 6 кең таралған скринингтің бірі. Өкінішке орай, тоқ ішек обырына шалдыққан науқастарда бастапқыда ешқандай белгі болмауы мүмкін. Сондықтан олар өзінің ауруға шалдыққанын сезбейді. Бұл індетке көбінесе 50-70 жас аралығындағы азаматтар шалдығып жатыр", – деді "Қазақ эндоскопия қоғамы" БҚ төрағасы Қанат Батырбеков.
Сондай-ақ, маман екі жылда бір рет скрининг өтіп отыру қажеттігін айтты. Науқастың бұл індетке шалдыққан-шалдықпағанын анықтау процесі 4 кезеңнен тұрады:
- иммундық химиялық анализ – iFOBT өткізеді, гемокульт тест тапсырады;
- iFOBT анализ оң нәтиже берсе, науқас эндоскопиялық тексеруге жіберіледі. Эндоскопиялық тексерудің алдында тоқ ішек арнайы дайындықтан өтеді. Бұл үшін маманда жоғары сапалы видеоэндоскоп пен нәтиже сақталатын фото-видео мұрағаттың болуы шарт;
- тоқ ішектің дайындығы Бостон шкаласы арқылы анықталады. Егер дайындық 6 ұпайдан төмен бағаланса, науқас эндоскопиялық тексеруге қайта басынан дайындалады. Ал 6-дан жоғары ұпай беріліп, тексеріс оң нәтиже көрсетсе, науқас онкологқа бағытталады;
- онколог науқасты эндоскопия не хирургия жолымен емдейтінін анықтайды.
Қанат Батырбеков бұл індетке шалдығуға бірінші кезекте екі зиянды әдеттің әсер ететінін айтты. Олар – ішімдік ішу мен шылым шегу. Сондай-ақ, бұған канцероген де әсер етуі мүмкін.