Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша «Аграрлық кредиттік корпорацияға» жастарға берілетін микрокредиттер алуға 6 мыңнан астам өтінім түсті. Микрокредиттің мөлшері 5 млн теңгеге дейін, ал қатысудың ең ұзақ мерзімі – кез келген мақсатта ашылған бизнес үшін 5 жылға немесе мал шаруашылығындағы жобалар үшін 7 жылға дейін. Жылдық номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5%-дан аспайды.
Микрокредит 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз кәсібін ашуға немесе оны кеңейтуге, 5 жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі. Бұл ретте қатысушылардың «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ға өтініммен жүгінген уақыттағы жасы ескеріледі.
Микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі, ол микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды.
Кепілмен қамтамасыз етудің болуы міндетті шарт болып табылады. Ағымдағы жылдың 4-қыркүйегінен бастап жастарға жылдық 2,5% жеңілдікпен микрокредит беру үшін қабылданатын кепілді мүлік түрлерінің тізбесі кеңейтілген.
Оқи отырыңыз: Жастарға арналған 2,5%-дық кредит. Кімдер, қашан және қалай алады?
Сонымен, кепілмен қамтамасыз ету ретінде қосымша қабылданады:
- екінші деңгейдегі банктердегі шоттарда орналастырылған ақша қаражаты;
- республикалық маңызы бар қалаларда, облыстық маңызы бар қалаларда, аудан орталықтарында, облыстық және аудандық бағыныстағы қалаларда, сондай-ақ ауылдарда және ауылдық елді мекендерде жылжымайтын мүлік;
- жеке меншік құқығындағы/бастапқы ұзақ мерзімді өтеулі жер пайдалану (жалға алу) (егістік) құқығындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері;
- жайылымдарды суландыру және қоршау инфрақұрылымы бар жер учаскелері;
- бау-бақша өсіруге арналған жер учаскелері;
- мамандандырылған техника.
Кепілмен қамтамасыз ету болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын және т.б.) тартуға болады.
Өтінім беру үшін құжаттар пакетін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыру қажет.
Оқи отырыңыз: Жастарға арналған ипотека, несие, грант, оқу, стипендия және сыйлықтарға шолу.
Қажетті құжаттар тізімі:
- жеке басын куәландыратын құжат;
- жоба бойынша бизнес-жоспар;
- шоттың болуы туралы қызмет көрсететін банктен анықтама;
- кредиттік берешектің, оның ішінде қаржы ұйымдарынан мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтама (кредиттер болған кезде);
- қатысушының/үміткердің жалақысын және (немесе) өзге де табыстарын растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме) болған кезде;
- кепілді қамтамасыз ету ретінде берілетін мүлікті бағалау туралы есеп;
- кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар.
Микрокредит беру туралы шешім комиссиялық және нақты іс-қимыл жоспарымен өзекті, дәлелді, экономикалық негізделген, қоғамдық маңызы бар, өміршең болуы тиіс жобаның пысықталуын бағалаудың нақты критерийлері негізінде қабылданады.
Қазіргі уақытта микрокредиттер алуға өтінімдер барлық облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қабылдануда.
Оқи отырыңыз: Жастарға арналған 2,5% несие бағдарламасы наурызда басталады. 2023 жылы 5796 адам шағын несие алады.