Тікелей эфир

324 мың теңге: Мемлекет жерлеу үшін қандай қаржылай көмек береді?

Жерлеуге берілетін төлемнің бірнеше түрі бар.

Қазақстанда адам қайтыс болған жағдайда оның отбасына біржолғы төлем жасалады. Жерлеуге берілетін төлемнің бірнеше түрі бар. Бұл туралы "ҚазАқпарат" халықаралық ақпарат агенттігі жазды.

"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жерлеуге арналған жәрдемақы зейнеткерлер, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мен мемлекеттік арнайы жәрдемақы алушылар қайтыс болған жағдайда тағайындалады. Жерлеуге арналған біржолғы төлем мөлшері 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 35 айлық есептік көрсеткіш, яғни 120 750 теңге. Төлемді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне жүгіну арқылы, www.egov.kz "электрондық үкімет" веб-порталы, сондай-ақ проактивті қызметпен алуға болады",  – деп жазылған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарламасында.

Одан бөлек, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында  жинағы бар адам қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелеріне 94 айлық есептік көрсеткіш, яғни 324 300 теңге көлемінде біржолғы төлем тағайындалады. Төлем қайтыс болған адамның жеке зейнетақы шотында бар қаражаттан артық болмауы тиіс. Төлемді алу үшін тұрғылықты жері бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының филиалына жүгіну керек.


Оқи отырыңыз: 6 шаршы метр жер тегін: Астанада марқұм адамды жерлеу тәртібі әзірленді.


"Зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан адам қайтыс болған жағдайда сақтандыру ұйымы зейнетақы аннуитеті шартында белгіленген мөлшерде, кемінде 35 АЕК (2023 жылғы 1 шілдеден бастап – 120 750 теңге) төлем жасайды", – деп жазылған құжатта.

Серіктестер жаңалықтары