31 арнаның жаңа телемаусымының аясында көрермендер 7 қыркүйектен бастап әр демалыс күндері сағат 11:00-де "Сана" телехикаясын тамашалай алады. Бұл туындының мақсаты – Қазақстанда кеңінен белең алып тұрған құмар ойынның себеп-салдарын көрерменге көрсете отырып, оның адам өмірі мен тағдырына қалай балта шабатынын түсіндіру.
Телехикая режиссері Азамат Ержанұлының айтуынша, туынды өмірдегі ең өзекті мәселелердің бірін қозғайды.
"Біз идея іздегенде және сценарий жазғанда өмірде болып жатқан не болған шынайы оқиғалардан шабыт аламыз, кейіпкерлеріміздің прототипін өмірден іздейміз. Дәл сондай өзекті тақырыптардың бірі – лудомания, яғни құмар ойындарға бой алдыру. Бұл – қазіргі қоғамда адамдардың жасы да, қарты да, ері де, әйелі де елтіп жүрген қатерлі дертке айналып отыр. Қаншама отбасының шаңырағы шайқалып, қаншама тағдыр сабағынан үзілді. Біздің "Сана" телехикаямыз, міне, осы мәселені көтереді", – деді Азамат Ержанұлы.
Оның сөзінше, телетуындының басты кейіпкері – лудомания дертіне шалдығып, туған-туысына жаман атты болып, айрандай ұйып отырған отбасын айырылған жігіт.
"Бұл хикаядағы оқиғалар шынайы өмірден алынған. Әрбір сахнаның өзі шын өмірдегі біреудің отбасында болған және қазір де болып жатыр. Сол себептен біздің "Сана" атты сериалымызды тамашалаған кезде көрермен күнделікті өмірде кездестірген оқиғаларын танып отыратынына сенімдімін", – деді режиссер.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ал сериалдың сценарий авторы Нұржігіт Хайдар елімізде мұндай мәселемен бетпе-бет келіп отырған жандар аз емес екенін айтады. "Солардың тығырыққа тірелген тағдырын осы телехикая арқылы ашуға тырыстық" дейді ол.
"Сана атауының өзі екі мағына береді. Біріншісі – адамның сана-сезімі болса, екіншісі мағынасы "құмар ойынға құртқан ақшаңды сана, ұтылған ойындарыңды сана" деген бұйрық райлы етістікті білдіреді. Менің ойымша бұл сериал халықтың жүрегінен орын алып, адам санасына ой тастайды", – деді Нұржігіт Хайдар.