Мониторинг барысында Telegram қолданушыларының 744 мың жазбасы сақталған файл желіге тарап кеткені белгілі болды. Тексерісті "Мемлекеттік техникалық қызмет" АҚ-ның KZ-CERT компьютерлік оқиғаға әрекет ету қызметі жүргізді.
Желіге тараған мәліметтер – қолданушының ID, аты, тегі, телефон нөмірі, "өзі туралы" деген бағандағы сипаттамасы. Қазір қазақстандық телефон нөмірлерге 30 мыңнан астам аккаунт тіркелген.
"Telegram-арна авторы қолданушылар туралы жеке мәліметтер жинақталған файлды "Құдайдың көзі" деп аталатын клиенттер базасынан құралған платформа ретінде сипаттайды. Бұл платформаға азаматтар сұратым жіберіп, желі қолданушыларының жеке мәліметтерін иеленеді. Сондай-ақ, мессенджерлер де дерек көзі болуы мүмкін", – делінген "Мемлекеттік техникалық қызмет" АҚ хабарламасында.
Бүгінде ТМД-да бұл қызмет түрін 1 миллионнан астам адам пайдаланады.
Деректердің бұлай желіде тарауы алаяқтардың қолына түсуі мүмкін екенімен қауіпті. Олар жеке мәліметтерді телефон арқылы банктен азаматтардың ақшасын өзіне аударып алу үшін пайдалануы мүмкін.