Былтыр Сауд Арабиясы шет елдің мұсылмандарын қабылдамай, тек жергілікті тұрғындардан 60 мың адам ғана қажылық парызын өтейтінін айтқан болатын. Алайда биыл белгілі бір шектеулер арқылы шетелдіктерге де жол ашты, деп мәлімдеді ҚМДБ қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділла Бекжігітов.
"Биыл қажылық маусым-шілде айына тұспа-тұс келіп тұр. Үлкен қажылықтың уақыты 7-12 шілде аралығы деп белгіленді. Қазақстаннан қажыға аттанушылар Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Ақтау қалаларынан тікелей рейстер арқылы және Сауд Арабия мемлекетінің Жидда мен Мәдина қалаларына барады. Олар аталған төрт қаладан 28 маусым мен 3 шілде аралығында аттанып, 15-21 шілде аралығында елге оралады", – деді Жәнділла Бекжігітов.
Мұнымен қатар, ҚМДБ өкілі неліктен 65 жастан асқан қазақстандықтардың қажылыққа баруына тиым салынғанын түсіндірді.
Оқи отырыңыз: Намаз оқымай, ораза ұстау дұрыс па? Ауыз бекіту үшін білу тиіс 20 сұраққа жауап
"Елімізде қажылыққа баруға өтініш жасағандардың көпшілігі 65 жастан асқан азаматтар болып тұр. ҚМДБ биылғы қажылық рәсіміне қызмет етуге үміт білдірген туристік фирмалар арасында арнайы конкурс жариялады. Осы конкурс негізінде 14 туроператорға қажылық орны бөліп берілді. Осы 14 компанияның статистикасын алып қарасақ, бірінші тіркелушілердің 30 пайызы, енді бірінде 40 пайызы, тағы бірінде 45 пайызы 65 жастан асқан қарт кісілер болып шықты. Сауд Арабиясының қойған талабы бойынша ол кісілердің құжатын қабылдау мүмкін болмады. Мұны олар түсіністікпен қабылдады. Себебі екі жыл бойғы пандемия шектеулері халық осыған тәрбиеледі. Өтініш жіберген ата-апаларымыз бәлкім келер жылы шектеуді алып тастар үміттеніп күтіп отыр. Себебі былтыр Сауд Арабиясы шет елдің мұсылмандарын қабылдамай, тек жергілікті тұрғындардан 60 мың адам ғана қажылық парызын өтейтінін айтқан болатын. Алайда биыл белгілі бір шектеулер арқылы шетелдіктерге де жол ашты. Соған қарағанда келер жылы пандемияның ауылы ұзап, қарт кісілерге де рұқсат беріледі деп үміттенеміз", – деді ҚМДБ өкілі.