23-29 сәуір аралығында Қазақстан аумағында, оның ішінде Алматы қаласында "Ауқымды толықтыра иммундау" тақырыбында Еуропалық иммундау апталығы өтеді, деп хабарлады Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.
Иммундау апталығының міндеті – халықты вакцинациямен қамту деңгейін арттыру, халыққа әрбір баланың вакцинациямен алдын алатын аурулардан қорғалуы қажет екенін түсіндіру.
"Иммундау апталығын өткізу кезеңінде медицина қызметкерлерінің күш-жігері қандай да бір себептермен профилактикалық егулерді уақтылы алмаған, сондай-ақ қол жеткізу қиын аумақтарда тұратын халықтың белгілі бір топтарын вакцинациялауға бағытталатын болады" делінген ресми хабарламада.
Оқи отырыңыз: Балаларға екпе салдыру дұрыс па? Маңызды 10 сұраққа жауап береміз
Еуропалық иммундау апталығын өткізу кезеңінде вакцинация тұрғылықты жері бойынша емханаларда тегін жүргізіледі.
"Қаланың емханалары вакцинация мәселелері бойынша халыққа консультациялық көмек көрсетуге, вакцинация туралы деректерсіз басқа өңірлерден келген немесе екпе алмаған балаларды егуге дайын. Вакцинация туралы ақпарат алу үшін тұрғылықты жеріңіздегі емханаларға хабарласыңыз", – деп хабарлады Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті.