2025 жылы әлеуметтік және еңбек салаларындағы төлемдер 14 пайызға өсті

Фото: Информбюро
Фото: Информбюро
Қазақстанда республикалық бюджеттен 41 түрлі әлеуметтік төлем жасалады.

2025 жылы әлеуметтік-еңбек саласына арналған республикалық бюджет шығыстары 6 трлн 108 млрд-тан астам теңгені құрады. Бұл 2024 жылғы шығыстардан 14%-ға немесе 748,7 млрд теңгеге артық, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Көзделген шығыстардың 97,9 пайызы немесе 5 трлн 982 млрд теңгесі азаматтарға әлеуметтік төлемдерге бағытталады. Оның ішінде: 

  • 4 трлн 262 млрд теңге зейнетақымен қамсыздандыруға қарастырылған, бұл шамамен 2,5 млн зейнеткерді қамтуға мүмкіндік береді (саны 77,8 мыңға өскен);
  • 1 трлн 720 млрд теңге – барлық жәрдемақыларды төлеуге, бұл шамамен 2,3 млн адамды қамтуға мүмкіндік береді.

"Қалған қаражат халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыруға, мүгедектігі бар адамдарды техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етуге, азаматтық қызметшілердің еңбекақысын арттыруға және тағы басқаларға бағытталады", – делінген министрліктің хабарламасында. 


Оқи отырыңыз: 2025 жылы зейнетақы, жәрдемақы және әлеуметтік төлемдер мөлшері қалай өзгереді


Еске салайық, қазіргі кезде республикалық бюджет қаражаты есебінен базалық және ынтымақты зейнетақыны қоса алғанда, әлеуметтік төлемдердің 41 түрі төленеді. 

2024 жылы жәрдемақылар мен зейнетақыларды төлеуге 4,5 млн адамға, оның ішінде 2,4 млн зейнеткер мен 2,1 млн мемлекеттік жәрдемақы алушыға 5 трлн 261 млрд теңге жұмсалды.

Серіктестер жаңалықтары