Шағын және орта бизнес иелеріне жылына 6% мөлшерлемемен 7 млрд теңге көлемінде несие беріледі. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов мәлімдеді.
"Бизнес жол картасы – 2020-2025" бағдарламасы қаржылық және қаржылық емес қолдау шараларын қарастырды. Биыл шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелендіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл негізінен "Бизнес жол картасы – 2020-2025" бағдарламасының пайыз мөлшерлемесін субсидиялау және кәсіпкерлер несиесіне кепілдік беруі арқылы жүзеге асып отыр. Мұнымен қатар, мемлекеттік гранттар мен бизнес жобаларға жетіспей тұрған инженерлік инфрақұрымдарды ұсынады. "Бизнес жол картасы – 2020-2025" бағдарламасы аясында несие 5 жыл мерзімге, жылына 6% мөлшерлемемен беріледі. Несие сомасы ең көп дегендей 7 млрд теңгеге дейін барады және салаға қатысты шектеу болмайды", – деп сендірді Тимур Жақсылықов.
Әрі қарай вице-министр 6%-дық мөлшерлеменің қазіргі инфляция деңгейі мен ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінен айтарлықтай төмен екеніне тоқталды.
"Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап "Бизнес жол картасы – 2020-2025" бағдарламасы аясында басымдылыққа ие жобаларды несиелеу механизмі жүзеге асып келеді. Көпшілік үшін ол "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы атымен таныс. Бағдарлама халық көп тұтынатын тауарларды өндіруді қолдауға бағытталған. "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы қазір жұмыс істеп тұрған кәсіпкерліктердің өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік береді", – дедіТимур Жақсылықов.
Еске салсақ, Қазақстанның ауыл әйелдері форумын ұйымдастыру комитетінің төрайымы Майра Айсина ауылдық жерлердегі 81 әйелдің өз бизнесін сәтті бастап, қосымша 200 жұмыс орнын құрғанын хабарлады. Әйелдер 2 және 4 мың АҚШ доллары көлемінде грант алған.