Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
"2025 жыл Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялансын. Қазақстан Республикасының Үкіметі Жұмысшы мамандықтарының жылын өткізу бойынша қажетті шараларды қабылдасын. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің әкімшілігіне жүктелсін", – делінген жарлықта.
Атап өтейік, мемлекет басшысының кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли Egemen Qazaqstan басылымында жариялаған шолуында президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды "Жұмысшы мамандықтары жылы" деп жариялағанына тоқталды.
"Яғни қоғамда адал еңбек, адал азамат құндылықтарын сіңіру жолындағы жүйелі істер атқарыла бастады. Мысалы, денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты заң медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін айқындап қана қоймай, олардың мәртебесін арттыруды, кәсіби міндетін атқару барысында жан-жақты қорғауды көздейді. Дәрігерлер қауымы бұл жаңалықты ыстық ықыласпен қабыл алды. Тұңғыш рет "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" құрметті атағы бекітіліп, алғашқы иелеріне табысталды. Жалпы, биыл мемлекеттік наградаға еңбегімен үлгі болып жүрген ел азаматтары көп ұсынылды. Келер жылы бұл игі дәстүр жалғасын тауып, еңбек адамына зор құрмет көрсетіледі. Сонымен қатар Мемлекет басшысы білім мен технологияға негізделген экономика құру ісіне зор көңіл бөледі. Мұның бір көрінісі ретінде биыл Ғылым және технологиялық саясат туралы заңға қол қойылуын айтуға болады. Онда ғылыми жетістіктердің нәтижесін өндіріске енгізуді көздейтін технологиялық саясаттың негізгі бағыттары мен тетіктері барынша қамтылды", – деп жазды Берік Уәли.