
Биылғы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның мектептеріне 8 мыңнан астам педагог еңбек етуге келді. Мұғалім болғысы келетін жастар саны едәуір өсті. Егер өткен жылы "Алтын белгінің" 1500 иегері педагог жолын таңдаса, 2024 жылы олардың саны 1800-ге дейін өсті, делінген Үкіметтің 2024 жыл қорытындыларына арналған шолуында.
"Сапалы білім беру және мақсатты тәрбие білім беру ұйымдары басшыларының кәсіби әлеуетімен тығыз байланысты. Оларды мемлекет басшысының бастамасымен "Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы" жобасы аясында дайындайды. Сонымен қатар биыл мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім берудің 376 педагогы сертификатталды. Бұдан басқа, 80 мыңнан астам мұғалім "Өрлеу" БАҰО АҚ ұйымдастырған біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Оның ішінде ауыл педагогтары 57,8% құрады", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: 800 мың теңгеге жуық айлық алу үшін қай өңірде мұғалім болу керек?
Сондай-ақ, шолуға сәйкес, бүгінде мектептердің 67% ауылдарда орналасқан. Қала мен ауылдағы білім беру мекемелерінің білім сапасының айырмашылығын теңестіру мақсатында "Ауыл мектебі – сапа алаңы" жобасы әзірленді. Оның аясында:
- Ақтөбе облысында "Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, шағын жинақталған ауылдық мектептердің әлеуетін дамыту";
- Алматы облысында "Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша білім беру сапасын арттыру";
- Маңғыстау облысында "Отпан" тірек мектептерінің желісін дамыту";
- Ұлытау өңірінде "Ustaz Ulytau" сияқты басқа да өңірлік бастамалар шеңберінде іске асырылып жатыр.
Жоба нәтижелері 2023 жылмен салыстырғанда шағын жинақталған ауылдық мектептердегі білім сапасы орта есеппен 7-9%-ға артқанын көрсеткен.
"Әлеуметтік осал отбасылардың балаларына әлеуметтік қолдау көрсету үшін білім алушыларды бітіру емтихандарына дайындауда 2024 жылғы қыркүйекте еліміздің 3180 мектебінде "Цифрлық мұғалім" атты жаңа жоба іске қосылды. Оқушыларға электрондық платформалар мен цифрлық білім беру ресурстарына қолжетімділік қамтамасыз етілген. Негізгі пәндер бойынша қосымша сабақтармен 21114 білім алушы қамтылды", – делінген шолуда.