ҚазАқпарат агенттігіне берген сұхбатында Қазақстан құрылысшылар одағының басшысы Талғат Ерғалиев құрылыс материалдары нарығындағы өндірістік және сауда-саттық тұрақсыздығына байланысты көптеген компаниялар жоспарларын қайта қарап, құрылыс көлемін қайта есептеп жатқанын хабарлады.
"Сондықтан алдағы уақытта, 2024-2025 жылдары баспана тапшылығы сезілуі мүмкін", – деді ол.
Талғат Ерғалиевтің сөзінше, құрылысқа қажетті негізгі материалдың басым бөлігі сырттан әкелінеді. Яғни, құрылыс материалының бағасы қымбаттай түспек.
Оқи отырыңыз:
- "Шаңырақ", "Ұмай", "Жас отбасы". 2022 жылы баспаналы болудың жеті жолы
- "Бір аптада баспаналы болдық": Әйелдерге арналған "Ұмай" ипотекасы несімен ұтымды?
"Кейінгі 7 жылдағы жағдайды қарап, сол арқылы алдағы уақытқа болжам жасасақ, баспана нарығындағы инфляция 12-14% болып, құрылыс материалдарының бағасы кемінде 10-15% қымбаттайтынын көреміз. Сондықтан ахуал тұрақтана қоймайды. Керісінше осы қарқынмен шиеленісуі мүмкін",– деді құрылысшылар одағының басшысы.
Мұндай болжамның мәнін ол былай түсіндірді:
"Ресейге қарсы салынып жатқан санкциялардың құрылыс нарығына түсіретін шынайы салмағын біз тамыз-қазан аралығында сезінеміз. Әзірге материал мен тауардың қоры жеткілікті. Бірақ, шамамен күзден бастап санкциялардың нақты әсерін көреміз. Осы кезде құрылыс бағасы қайта қымбаттайды".