ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында "Бақытты отбасы" тұрғын үй бағдарламасына 2023 жылы 20 млрд теңге бөлінетінін айтты.
Бұған дейін Ашық НҚА порталында Отбасы банкіне алдын ала және аралық тұрғын үй несиесін беру үшін 49,9 млрд теңге бюджеттік кредит беру туралы Үкімет қаулысының жобасы жарияланған болатын.
Оқи отырыңыз: Депутат толық емес отбасыларға 2 пайыздық ипотека алу шарттарын жеңілдетуді ұсынды
Еске салайық, "Бақытты отбасы" бағдарламасына 2023 жылы бірқатар өзгерістер енгізіледі.
Атап айтқанда, жеңілдетілген несие беруге негізделген бағдарламаға көпбалалы отбасылардан бөлек, жетім балалар, І және ІІ топ мүгедектігі барлар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады.
Сондай-ақ, бағдарламаға қатысуға үміткерлердің табысы туралы талап алынып тасталды. Бұрын үміткер отбасының әрбір мүшесінің табысы 115 905 теңгені құрауы тиіс болған.
Үшінші және негізгі өзгерістердің бірі – қарыз сомасының шекті мөлшері жойылды. Егер бұрын үміткердің тұрғылықты жеріне байланысты 10-15 млн теңге аралығында несие берілсе, ендінесие сомасы пәтердің шаршы метрінің құнына қарай есептеледі:
- Астана мен Алматыда 290 мың теңгеден;
- Атырау, Маңғыстау облыстарында 240 мың теңгеден;
- Шымкент қаласы, Қостанай, Түркістан, Қарағанды, Ұлытау облыстарында 220 мың теңгеден аспауы тиіс.