2023 жылдан бастап әскери қызметшілер жалақысы 60% дейін өседі. Бұл туралы қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов айтты.
"Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылы ҚР Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің лауазымдық жалақысы орта есеппен 60%-ға артады. Сондай-ақ келесі жылы ҚР Қарулы Күштерінің арнайы мақсаттағы бөлімшелеріндегі әскери қызметшілердің лауазымдық жалақысын 20%-ға арттыру жоспарланған", – деді Сұлтан Камалетдинов ОКҚ брифингінде.
Оның айтуынша, әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау мәселелерін жақсарты жұмыстары да қолға алынған.
"Үкімет 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Қарулы Күштер мен Ұлттық ұланның ұшу құрамының лауазымдық жалақысын арттыруды, әскери медицина қызметкерлерінің ақшалай үлесін азаматтық медициналық мекемелердегі медицина қызметкерлерінің жалақысы деңгейіне жеткізуді, жоғары әскери оқу орындары оқытушыларының жалақысын азаматтық ЖОО деңгейіне дейін арттыруды, ТЖ зардаптарын жою кезінде ақшалай қаражаттың Ұлттық ұланмен және ІІМ-мен бірдей 3 еселенген мөлшерін мақұлдады", – деді Сұлтан Камалетдинов.