Елдегі ірі компаниялардың барлығы шығындыларға автоматтандырылған мониторинг жүргізуге міндеттелді. Бұл үшін оларға екі жыл уақыт беріледі, деп мәлімдеді ҚР ЭГТРМ экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов.
"16 ірі өнеркәсіптік объект эмиссияларды 20%-дан 30%-ға дейін төмендету бойынша міндеттемелерді өзіне алды. Оларға қол жеткізу үшін кәсіпорындар ең озық қолжетімді технологияларды енгізіп, тиісінше жаңа экологиялық кодекс шеңберінде кешенді экологиялық рұқсаттар алатын болады", – деді комитет төрағасы.
Сондай-ақ, Зұлфұхар Жолдасов 2025 жылға қарай Жол карталарын іске асыру 10 қалада атмосфераның ластану индексін жоғары деңгейден орташа деңгейге дейін төмендетуге мүмкіндік беретініне тоқталды. Бұл өз кезегінде атмосфералық ауаның жай-күйін жақсартуға ықпал етеді. Бұдан басқа, 7 КТҚ және 24 жаңа полигон салынып, 12 КТҚ қайта жаңартылады.
"2023 жылға дейін барлық ірі компания шығындыларға автоматтандырылған мониторинг жүргізуі тиіс. Сондай-ақ, бұл мәліметтер комитетке келіп түсетін болады. Осының арқасында біз эмиссия көрсеткіштерін онлайн бақылап, ереже бұзушылықтарға бірден әрекет ететін боламыз. Бұдан өзге бұл жергілікті тұрғындарға нақты ақпаратты уақытында жеткізіп отыруға мүмкіндік береді", – деп қосты Зұлфұхар Жолдасов.
Еске салсақ, Маңғыстау облысында тұрғындар үйлерінен 20 метр жердегі жанар-жағармай базасын көшіруді талап еткені туралы хабарлаған едік. Ауыл тұрғындары базада жарылыс болуы мүмкін деп қауіптенеді.