Жаңа жыл қарсаңында Primeminister.kz редакциясы 2023 жылы Қазақстанда әлеуметтік салада атқарылған жұмыстарға шолу әзірледі. Оның негізгі бөліктерін Информбюро оқырмандарының назарына ұсынамыз.
Жұмысқа орналастыру
11 айдың қорытындысы бойынша өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 908,5 мың адам жұмысқа орналасты, оның ішінде:
- 257,1 мың – ұлттық жобаларды іске асыру барысында;
- 294,3 мың – бос жұмыс орындарына;
- 357,1 мың – мемлекет басшысының "10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны" бастамасы аясында.
Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтарға бизнес ашу үшін 400 АЕК (шамамен 1,3 млн теңге) мөлшерінде 9,1 мың мемлекеттік грант берілді. Осының арқасында жаңа тігін шеберханалары, наубайханалар, сұлулық салондары, сүт өндіру және басқа да кәсіпорындар жұмыс істей бастады.
Мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына биыл 196,3 мың адам жұмысқа тұрды, оның ішінде:
- әлеуметтік жұмыс орындарына – 17,3 мың;
- жастар практикасына – 33,1 мың;
- қоғамдық жұмыстарға – 120,7 мың;
- "Алғашқы жұмыс орны" жобасы бойынша – 9,6 мың;
- "Ұрпақтар келісімшарты" жобасы бойынша – 488;
- Күміс жас" жобасы бойынша – 15,1 мың.
Наурызда 21 жастан 35 жасқа дейінгі өз ісін бастағысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысып жүрген жастар үшін 2,5% жеңілдікпен несие беру бағдарламасы іске қосылды. Нәтижесінде жалпы сомасы 25,4 млрд теңгеге 5,4 мың бизнес-жоба мақұлданды.
Ұлттық қор – балаларға
Мемлекет басшысының "Ұлттық қор – балаларға" бастамасы аясында оны орындау тетігі әзірленіп, қажетті заңнамалық түзетулер қабылданды. Жоба 2024 жылғы 1 қаңтардан басталады. Енді Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа дейінгі барлық балалардың арасында үлестіріледі. Осылайша, жиналған қаражатты білім алуға немесе баспана сатып алуға жұмсауға болады.
Жалақыны арттыру
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда 600 мыңға жуық азаматтық қызметшінің жекелеген санаттарының жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға кезең-кезеңмен көтеру үрдісі жалғасын тапты. Нәтижесінде 2025 жылға дейін олардың жалақысы 2 есеге артады. Салалық мемлекеттік органдар да осындай жұмыс жүргізіп жатыр.
Атап айтқанда, мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдары педагогтарының, ішкі істер және қорғаныс органдары жүйесінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары педагогтарының, біліктілігі жоғары медицина мамандарының жалақысы көтерілді.
Құтқарушыларға (лауазымдық жалақының 70 пайызы), сондай-ақ мемлекеттік орман күзеті қызметкерлеріне, табиғатты қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторларына, жануарларды қорғауға мамандандырылған ұйымдардың инспекторларына және т.б. (лауазымдық жалақының 100 пайызы) денсаулыққа және адам өміріне зиян келтіруі мүмкін жұмыс үшін қосымша төлем белгіленді.
Зейнетақы мен жәрдемақыны арттыру
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша:
- 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы төлеу мерзімі 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұлғайтылды;
- 1 шілдеден бастап "Алтын алқа" немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендері табысталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін ұлғайтылды;
- 1 шілдеден бастап жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі және асыраушысынан айрылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, арнаулы мемлекеттік жәрдемақыларды алушылар қайтыс болған жағдайда жерлеуге арналған біржолғы төлем мөлшері 15,7 АЕК-тен 35 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
1 қаңтардан бастап республикалық бюджеттен төленетін барлық жәрдемақының мөлшері 8,5 пайызға көбейді. Бұл шамамен 2 млн адамға әсер етті.
Оған қоса 1 шілдеден бастап мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылған адамдар үшін жәрдемақы мөлшері тағы 14,5 пайызға ұлғайтылды. Бұл жәрдемақының жылдық мәнде 23 пайызға өсуін қамтамасыз етті.
1 желтоқсандағы жағдай бойынша барлық жәрдемақы алушылардың саны шамамен 2 млн адамды құрайды. Төлемдерді жасауға 1 қаңтардан бастап барлығы 1,1 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалды.
1 қаңтардан бастап Қазақстанда ынтымақты зейнетақы 10,5 пайызға өсті. Оған қоса Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан 60 пайызына дейін, ал ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін қолданылатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 838 теңге болды.
1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанда 2,3 млн зейнеткер бар. 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлеуге барлығы 3 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалды.
Әлеуметтік қолдау
Отбасының цифрлық картасы аясында табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға проактивті түрде әлеуметтік қолдау тағайындау енгізілді. Төлем тағайындалатын адамға SMS-хабарлама жіберіледі, ол жауап ретінде өз келісімін беруі қажет. Өтінішті рәсімдеу және жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режимде жүргізіледі, содан кейін қаражат төлем алушының банк шотына аударылады.
1 желтоқсандағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек 113,6 мың отбасынан 595,7 мың адамға тағайындалды. Биыл осы мақсаттарға бюджеттен 65 млрд теңге бөлінді. АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.