Тікелей эфир

2023 жылы Қазақстанда ІІ Түркі универсиадасы өтеді

Ол Түркі университеттері одағы аясында өткізілмек.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде сөз сөйлеп, Түркі мемлекеттерінің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын нығайту қажеттігіне тоқталды.

"Біз 2023 жылы Қазақстанда ІІ Түркі универсиадасын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Оны Түркі университеттері одағы аясында өткізуге болады. Біз академиялық ұтқырлықты дамытып, студенттер арасында мәдениетаралық диалог орнатуға жағдай жасауымыз керек. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастыру қажет. Сондықтан, 2023 жылы Түркі елдері университеттерінің ортақ желісін құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын. Бұл бастама студенттеріміздің түркі тілдерін үйреніп, бауырлас елдердің тыныс-тіршілігімен танысуына жол ашады", – деді мемлекет басшысы.


Оқи отырыңыз: Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының цифрландыру орталығын құруды ұсынды


Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерінің рухани дереккөздерін зерделейтін жобаларға ерекше көңіл бөлуге шақырды.

"Биыл Түркі академиясы Моңғолияда жүргізген қазба жұмысының нәтижесінде маңызды жаңалық ашты. Екінші Түркі қағанатын қайта тірілткен Құтлық қағанның кешенін тапты. Бұл – «түркі» деген сөзі бар ең көне жазба ескерткіш. Осы орайда, мен Түркі халықтарының ортақ жазба мұрасын зерттеуге арналған "жол картасын" әзірлеуді ұсынамын. Ол үшін елдеріміздің мұрағаттары өзара ашық болуын қамтамасыз ету қажет. Келешекте соның негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының "Цифрлық кітапханасын" құруға болады. Бұл жұмыс құнды құжаттар мен сирек кітаптарды ұрпаққа мұра етіп қалдыруға мүмкіндік берер еді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктестер жаңалықтары