2023-2024 оқу жылына 88 мың білім беру гранты бөлінеді. Оның ішінде: бакалавриатта оқу үшін – 73 мың грант, магистратураға – 13 мың, докторантураға 1890 грант бөлініп отыр. Бұл туралы ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев орталық коммуникациялық қызметінде өткен жиында мәлімдеді.
Атап айтқанда:
- Педагогика – 12 560;
- Өнер және гуманитарлық ғылымдарға – 1615;
- Әлеуметтік ғылымдар – 960;
- Бизнес, басқару және құқық – 1223;
- Жаратылыстану ғылымдары – 7388;
- АКТ – 10 103;
- Инженерлік, өңдеу және құрылыс саласы – 18 744;
- Ауыл шаруашылық – 2273;
- Ветеринария – 975.
"Бұл ретте гранттың 60 пайызы инженерлік-техникалық мамандықтарды қамтиды. Сондай-ақ, тығыз орналасқан, жаңа құрылған және батыс аймақтарындағы жастар үшін де арнайы грант бөлінген. 2023 жылы өңірлік ЖОО-ларға бөлінетін педагогикалық квота саны артып, 6280 грант бөлінгенін ерекше атап өтсем. Ал Серпін бағдарламасы бойынша 3653 грант бөлінді", – деді спикер.
Оқи отырыңыз: 2023 жылы Атырау мен Маңғыстау түлектеріне 3 мың білім гранты бөлінеді
Қуаныш Ерғалиевтің айтуынша, биыл грантқа құжат қабылдау және оның иегерлерінің тізімін жариялау күндерінде өзгеріс болмайды. Грантқа құжат қабылдау уақыты 13-20 шілде аралығында өтеді, ал грант иегерлерінің тізімін 10 тамызға дейін ұсыну жоспарланған. ЖОО-ға қабылдау 25 тамызға дейін жүзеге асырылады.