Биылғы жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны – 59,6 пайызды, еңбекке қабілетті жастан кіші – 26,7 пайызды және зейнеткерлер 13,7 пайызды құрайды. Олардың 16 пайызы – жоғары білімді, 39 пайызы – орта кәсіби білімді, 43,1 – пайызы жалпы орта білімді және 1,9 пайызының білімі жоқ. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.
Жалпы жыл басынан бері 15 637 этникалық қазақ қандас мәртебесін алған.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың 65,2 пайызы – Өзбекстаннан, 9,2 пайызы – Қытайдан, 8,8 пайызы – Ресейден, 8 пайызы – Түрікменстаннан, 4,8 пайызы – Моңғолиядан және 4 пайызы басқа елдерден келген.
"Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (28,1%), Маңғыстау (16,3%), Түркістан (8,7%) және Жамбыл (6,1%) облыстарына, сондай-ақ Астана (9%), Шымкент (6,9%) және Алматы (5,5%) қалаларына қоныстанды", – деп жазылған хабарламада.
Оқи отырыңыз:
Қандас мәртебесін қалай алуға болады? Шеттегі қазақтарға арналған нұсқаулық
Айта кетейік, 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 103,5 мың этникалық қазақ оралған.