Алматы облысында шаруашылық жерлерді суаруға арналған каналға 7 жасар бала құлап кеткен. Ағыны қатты суға батып кете жаздаған баланың айғайлаған дауысын естіген ауыл тұрғыны бірден көмекке келіп, оқушыны аман алып қалды, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Талғар ауданына қарасты Кеңдала ауылын жағалай өтетін канал көптің үрейін ұшырып отыр. Себебі, су арнасының екі жағында саяжайлар орналасқан. Тұрғындардың айтуынша, балалар үшін қауіпті орын саналған бұл жер 1971 жылдан бері күрделі жөндеуден өтпеген.
"Талғар ирригация" мемлекеттік мекемесінің маманы бюджеттен қаржы бөлінетінін айтты.
"Кейбір адамдар тіпті заңсыз көпірлер орнатқан. Қазіргі уақытта күрделі жөндеу жұмыстарын жасау үшін сметалық құжаттары өңделіп жатыр. Осы жылдың күзіне қарай облыс әкімдігінен 2 млрд 700 мың теңге бөлінеді деп жоспарлануда. Жобаға сәйкес қай жердің бетін жабу керек, қай жерге көпір салу керектігі барлығы қарастырылған", – деді "Талғар ирригация" мемлекеттік мекемесінің маманы Валерий Мальцев.
Ал, Талғар қаласының ауруханасына түскен бала бірден жансақтау бөліміне жатқызылған. Су жұтып, қолы мен аяғы жараланған жеткіншек қазір облыстық балалар ауруханасына ауыстырылыпты.