
Қазақстандық лоукостер Қытайға Алматы – Инин (Құлжа) – Алматы жаңа маусымдық бағыты бойынша қатынайды. Алғашқы рейс 2025 жылдың 18 мамырына жоспарланған. Рейстер аптасына екі рет – бейсенбі және жексенбі күндері орындалады.
Инин, сондай-ақ Құлжа атауымен белгілі қала, Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағында орналасқан және Іле-Қазақ автономиялық аймағының әкімшілік орталығы қызметін атқарады. Қазақ диаспорасының басым көпшілігі осы қалада тұрады. Инин Қазақстан мен Қытай шекарасындағы негізгі көлік торабы Хоргос маңына жақын орналасқан. Алматыдан Ининге дейінгі жол құрлықпен орта есеппен 10 сағатты алса, рейспен шамамен бір сағат уақытты алады.
"Алматы – Инин (Құлжа) бағыты бойынша билет бағасы барлық салықтар мен жолжүкті қоса алғанда бір бағытқа 15 мың теңгеден басталады. Билеттер www.flyarystan.com ресми сайтында, мобильді қосымша арқылы және басқа сату арналары арқылы брондауға қолжетімді", – делінген әуе компанияның баспасөз хабарламасында.
Оқи отырыңыз: "Көрші ғана емес, тату досқа айналдық": Қазақстан туризмінің Қытайдағы жылы не берді
Сонымен қатар, FlyArystan бұған дейін Астанадан Үрімшіге 2025 жылдың 13 сәуірінен бастап аптасына екі рет орындалатын рейстердің қайта басталатынын жариялаған болатын. Астанадан ұшу бейсенбі және жексенбі күндері жоспарланған, ал Үрімшіден кері рейстер дүйсенбі және жұма күндері орындалады.
Айта кетейік, 2025 жыл ресми түрде Қытайдың Қазақстандағы Туризм жылы болып жарияланды. 2023 жылдың 10 қарашасынан бастап екі ел арасында визасыз режим енгізілді.