Ашық диалог порталында мектеп педагог-психологы Татьяна Давыденконың сауалы жарияланды. Оның айтуынша, мектепте террористік қызметтен зардап шеккен балалар білім алады. Алайда, оларды елге қайтарылғаннан кейін төменгі сыныптарға белгілеген.
"Балалардың ең ересегі 17 жаста, алайда ол 8 сыныпта оқиды. Оның қатары мектеп бітіріп жатыр не қазір колледжде білім алады. Қатарынан кем болуына байланысты балада оқуға деген ынта жоқ. Оны мектепке тек жауапкершілік пен борыш сезімі жетелейді", – деп жазды Татьяна Давыденко.
Мектепте одан бөлек 14 (6-сынып), 11 (4-сынып) жастағы балалар білім алады.
Татьянаның сауалына жауап берген Оқу-ағарту министрлігі Балалар құқығын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова комитет бұл оқиғаны бақылауға алатынын хабарлады. Сондай-ақ, ол террористік қызметтен зардап шеккен балалармен жұмыс мұндай балаларды әлеуметтік бейімдеу ережесіне сәйкес жүргізілетінін еске салды. Ереженің 10-бабына сәйкес, жергілікті білім беру басқармасы бұл санатқа жататын бала туралы мәлімет түскеннен кейін оған психологиялық, медициналық және педагогикалық консультация беріледі.
"Комитет бұл жағдайды бақылауға алады, алайда кәмелеттік жасқа толмаған балалармен жұмыс қолданыстағы заңнама аясында жүргізілуі тиіс", – деп жауап берді Насымжан Оспанова.