15 жастағы қыз бен жас жігіттің некесін қиған ауыл имамына қатаң сөгіс берілді

Фото: irecommend.ru
Фото: irecommend.ru
Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы бұл заңға да, ортақ жарлыққа да қайшы деп отыр.

Қызылорда облысында жас жігіт пен 15 жастағы қыздың некесін қиған ауыл имамы жазаланды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Мүфтияттың ережесін бұзғаны үшін оған қатаң сөгіс берілді.

Себебі, мешіттегі молдаларға неке куәлігінсіз бұл рәсімді жасауға тыйым салынады. Бірақ Нартай Бекежанов атындағы ауылдың имамы жастардың ата-аналары өтініш жасаған соң осындай қадамға бардым ақталыпты.

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы бұл заңға да, ортақ жарлыққа да қайшы деп отыр.

Еске салайық, Шиелі ауданында 21 жастағы Нұртілеу Ибрагимов өзінен алты жас кіші әйелін жүкті қылғаны үшін сотталған болатын.

Судья "кәмелетке толмаған жасөспірімді төсек қатынасына тартты" деген баппен айыпталушыны 12 жылға бас бостандығынан айырған. Ал екі жастың ата-анасы үкіммен келіспейді.

Олардың айтуынша, үлкендер қос ғашыққа батасын берген. Сотталушының жары да күйеуіме сүйіп қосылдым деп отыр. Қазір қайын жұртының үйінде келіндік міндетін атқарып жүрген Аяла колледжде оқиды. Ол жүктілік кезінде емханаға барғанда бұл жайтты полиция тергеуге алған. Бірақ қазір құрсағындағы шақалағы шетінеп кеткен екен.

"Бас имамның бастамасымен, жалпы жергілікті тәртіптік кеңес мүшелерінің қатысуымен ол мәселе қаралды. Оған қатысты өзіне тиісті қатаң сөгісі берілді. Неке қиюға келген екі жастың ЗАГС-ке тіркелген қағазы болу керек. Егер ол болмады дегеннің өзінде арнайы өтініш берген анықтамасы болу керек. Осылар болса, неке қиылады жалпы", – деді Қызылорда облысы орталық мешітінің тәртіптік кеңес өкіл Қайырбек Отызбаев.

Серіктестер жаңалықтары