13 миллион теңге: Астанада әжейді алдап соққан дропперлер ұсталды

Фото: Polisia.kz
Фото: Polisia.kz
Полицейлер қаскөйлерді тікелей ұшақ ішінде қолға түсірді.

Астанада тәртіп сақшылары 84 жастағы қарияны 13 миллион теңгеге алдап соққан алаяқтық схеманы әшкереледі, деп хабарлайды Polisia.kz. 

Полиция мәліметінше, қылмыскерлер жәбірленушімен байланысып, өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар телефон арқылы егде жастағы әйелге оның әпкесі жол-көлік оқиғасына кінәлі деп жалған ақпарат жеткізген. 

Жарақат алған адамды шұғыл емдеуге қаражат қажет деген сылтаумен алаяқтар әйелді қомақты соманы қолма-қол тапсыруға көндірген. Алданғанын кеш түсінген қария бірден полицияға жүгінді. Жедел-іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары күдіктілердің жеке басын анықтап, олардың елден әуе рейсі арқылы кетуге тырысып жатқанын анықтады. Полицейлер қаскөйлерді тікелей ұшақ ішінде қолға түсірді. 

"Тексеру барысында күдіктілерден 11 мың АҚШ долларынан астам қаржы тәркіленді. Анықталғандай, олар ақшаның бір бөлігін жұмсап үлгерген. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер – көрші елдің азаматтары. Олар Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды", – делінген хабарламада. 

Серіктестер жаңалықтары