1 сынып оқушыларына арналған "Менің алтын жазу үлгім" атты жұмыс дәптеріндегі балалардың көкркем жазуы үшін берілетін сөздері тізбесінде "өл" деген сөз берілген. Бұл әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп, желі қолданушылары оқу құралының сатылымнан алынуын талап етуде, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Оқу құралының авторы ретінде С.В. Трофимова деп жазылған. Арна тілшілері автормен байланыса алмады. Есесіне бұл мәселеге орай пікір білдірген Білім және ғылым министрлігі өкілінің айтуынша, бұл дәптер министрлік тарапынан бекітілген оқу құралдарының тізімінде жоқ. Ал мұндай дәптерді қосымша оқу құралы ретінде пайдалану не пайдаланбауды мектеп басшылығы шешеді екен.
"Аталған жазу дәптері секілді қосымша оқу басылымдарын, оқулықтарды, дәптерлерді және басқа қосымша материалдарды таңдау құқығы білім беру ұйымдарына берілген", – деді Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуәлиева.
"Менің алтын жазу үлгім" дәптері интернет арқылы және базарларда еркін сатылып жатыр. Арнаның хабарлауынша, саудагерлер бұл оқу құралын ата-аналар жиі сатып алады екен.
Материалдың толық нұсқасын төмендегі видеодан көріңіз: