2018 жылы 6 маусымда Қытай Төрағасы Ши Жинпиң (орысша – Си Цзиньпин, ағылшынша – Xi Jinping) ресми сапармен келген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ерекше құрметпен қарсы алды. Халық құрылтайы сарайының алдындағы от шашудан соң, екі елдің әнұрандары орындалды. Екі ел басшылары Қытай азаттық армиясының құрмет шеруін қабылдады. Қытай орталық телеарнасы түсірген кездесу туралы видеобаян мақала соңында берілді.
Нұрсұлтан Назарбаев Қытай төрағасы – Ши Жинпиң, Қытай Мемлекеттік Кеңесі басшысы – Ли Кычиаң (Li Keqiang), Қытай халық құрылтайы тұрақты комитетінің төрағасы – Ли Жаншу (Li Zhanshou) бастаған билік өкілдерімен және іскер топ басшыларымен кездесу өткізді. Сонымен бірге Шаңхай Ынтымақтастық Ұйымының кезекті саммитіне қатысты.
Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси және сауда дипломатиясынан бұрын Қытайдың АҚШ бастаған батыс елдерімен және көршілерімен байланысы туралы айтпай кетуге болмайды.
АҚШ пен Қытайдың сауда соғысы қалай басталды?
2017 жылы желтоқсанда АҚШ-тың сауда өкілі Роберт Лайтитизер Дүниежүзі сауда ұйымының (ары қарай ДСҰ) жалпыға ортақ сауда ережелерін сақтамаған Қытайға наразылығын білдірген болатын. Тіптен, Трамп бастаған АҚШ билігі "Қытайдың сапасыз да арзан тауарлары өндірісті тұншықтырып, жұмыссыздықты өсіріп жіберді" деп мәлімдеген. Сонымен бірге АҚШ-тың зияткерлік меншік құқын ұрлау мәселесі де басты тақырыпқа айналды.
2018 жылы 22 наурызда Трамп өзінің сайлау алдындағы уәдесін орындап, Қытайдың 1333 затына кедендік салықты 25 пайызға өсіретінін жариялады. Осылайша Қытайға 60 миллиард доллардай салмақ түсті. Сонымен бірге зияткерлік меншік құқын заңсыз пайдаланғаны үшін ZTE, Huawei сандық техникалардың АҚШ-қа кіруіне ресми шектеу қойды. Сандық чиптерді саудалауды тоқтатып, жоғары техникалы өндірістегі микросхемаларды Қытайға беруден бас тартты.
Қытай тарапы да АҚШ-қа наразылық білдіріп, болат, қоладан бастап ауылшаруашылық өнімдерін қамтыған 232 түрлі затты кіргізуді тоқтата тұратынын мәлімдеді. Бұл туралы Қытайдың қаржы әлемі сайты хабарлады.
Қытай Кеден басқармасының мәліметіне сәйкес, Қытай мен АҚШ арасындағы жалпы сауда көлемі 1992 жылы 33 миллиардтан 2017 жылы 583,7 миллиард АҚШ долларына дейін өскен.
ZTE корпорациясиясының жеңілісі және визалық шектеу
АҚШ-тың жоғары технологиялық өнімдерінің бір бөлімдерін экспорттауға шектемесі әлемдік жоғары технологиялық өндіріс орталығына айналуға тырысып жатқан Қытайдың арманын өшірді.
Бұл Қытайдың бірнеше триллиондаған долларлық кірісін ресми тоқтатты. Оның үстіне Қытайдың Латын Америкасындағы және Африкадағы мүдделеріне де қауіп төнді.
7 маусымда өткен Қытай мен АҚШ арасындағы сауда келіссөзінен кейін ZTE-ге қатысты АҚШ-тың технологиялары мен зияткерлік меншік құқын заңсыз пайдаланғаны үшін Қытай билігі бір миллиард доллар айып төлеп, 0.4 млрд долларды кепілге қойды. Сонымен қатар бұл компанияның басшылығын толығымен өзгертті.
Осыған орай АҚШ жоғары технологиялық мамандықтар бойынша қытайлық студенттер мен ғылыми тұлғаларға берілетін визаға шектеу енгізгенін хабарлады. Осы арқылы зияткерлік меншік құқын қорғап, микросхема технологиясын ұрлаудың алдын алмақшы еді.
Трамп талаптарын Бейжіңге қатаң түрде орындатып жатыр
Қытайлық зерттеу сайтының сарапшысы У Якүннің (吴娅坤 – Wu Yakun) жазуынша Қытайда 300 миллион бас шошқа бар. Оның негізгі жемі – соябұршақ жармасы мен жоңышқа ашытпасы. Ал Қытай жыл сайын АҚШ-тан 14 миллиард долларға соябұршақ сатып алады. Бұл – бір ғана мысал.
7 маусымдағы келісімге сай Қытай ауылшаруашылық және мұнай-газ өнімдерін АҚШ талап еткен төмендетілген кедендік салықпен кіргізуге де келіскен. Есесіне АҚШ-та отандық өнімдердің тірлігі жанданып, жұмыссыздық үш пайызға азайғаны хабарланды.
Тіптен Трамптың халық алдындағы беделі 53 пайызға дейін жоғарылады. Халықаралық саяси сахнадағы дәрежесі де айтарлықтай көтерілді.
АҚШ-тың әскери ұшақтасығыштары Оңтүстік Қытай теңізінде жүр
2016 жылы АҚШ-тың "егер Бейжің Оңтүстік Қытай теңізіндегі даулы аралдарды әскери аймаққа айналдыру әрекетін тоқтатпаса қарсы шараға тап болады" деп ескертті. Оған Қытай билігі даулы аралдарға өзінің егемен ел екендігі туралы мәлімдемемен жауап берген еді.
2016-2017 жылдары аталған теңіз аймағындағы Қытайдың әскери белсенділігі артты. Тіптен, жасанды аралдар салып, оған әскер тұрғыза бастады. АҚШ бұған жауап ретінде 2017 жылы Тайуанға (Тайвань) қару-жарақ берді және Тайуанға одақтас елдермен байланыс орнатуға көмектесті.
2018 жылы 29 мамырда Пентагон басшысы Джеймс Меттис АҚШ әскери ұшақтасығышының Шиша топ аралы (Paracel Islands) маңында әскери операция жасағанына орай мәлімдеме жасады. Онда АҚШ әскери кемелері Халықаралық ортақ су жолын қорғайтынын, осы өңірдегі мемлекеттердің оның пайдасын көруге құқылы екенін айтқан болатын.
Бұл Қытайдың шамына тисе де, оның іс-әрекеті АҚШ пен одақтастарының қатты қарсылығына ұшырады. Сонымен 2018 жылы маусымнан бастап ол Оңтүстік Қытай теңізіндегі қаруларын алып кетуге мәжбүр болды.
Осылайша Қытайдың Оңтүстік Қытай теңізіндегі ықпалы әлсіреді.
Қытай мен АҚШ-тың сауда соғысынан Қазақстан не ұтады?
Екеуара текетірестен кейін, Қытай билігі ет-сүт және басқа ауылшаруашылық өнімдері мен шикізат секторындағы АҚШ-қа тәуелділікті барынша төмендетуге тырысып жатыр.
Атап айтқанда, Қытай шығыс солтүстіктегі Хилоңжиаң (Hi Longjiang) және Жилин (Ji Lin) өлкелеріне соябұршақ өсіруді қолға алды. Сонымен бірге Орта Азия мен Ресейге бағытталған кейбір саудалық шектеулерді алып тастауға мәжбүр болды.
Мысалы, Нұрсұлтан Назарбаевтың осы жолғы Қытайға сапары барысында ет және жоңышқа өнімдерін Қытайға экспорттауға мүмкіндік алуы осыдан болса керек. Алайда Қазақстанның ет-сүт өнімдері Қытай үшін өте аз.
Сол себепті, Қытай Қазақстанда соябұршақ базасын салғысы келеді.
8 маусым күні Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға сапары аясында екі ел арасында "Еуразия нұрлы қаржы қоры" (Eurasian Nurly (Bright) Investment Fund) қорын құруға қатысты құжаттарға қол қойылды. Құжатқа "Бәйтерек" ұлттық холдингінің басқарма төрағасы Айдар Арифханов пен "CITIC Eurasian Capital Limited" компаниясының директоры Сунь Ян (Sun Yan) және Қытай-Еуразия экономикалық қорының президенті Линь Ган (Lin Gan) қол қойған. Бұл туралы "Бәйтерек" ұлттық холдингінің баспасөзі хабарлаған болатын.
Жарты миллиард АҚШ долларына тең қаржы құйылады деп күтілген қордың Қазақстанның шикізат секторын Қытайға бағыттау үшін құрылып жатқаны белгілі болды.
Қазақстанның Қытайға экономикалық тәуелділігі артты
Бұл туралы тәуелсіз сарапшы Ержан Нұрхан:
– Менің зерттеуімше, Қазақстанның мұнай-газ саласының басым бөлігін иеленген Қытай компаниялары енді тау-кен өндірісін мықтап қолға алыпты.
Оның үстіне Қазақстанның Қытайға берешегінің 13,33 миллиард долларға дейін өскені белгілі. Оның 730 миллионы – осы жолғы сапарда қол жеткізген несие.
Қытайдың иелігіндегі Алтын банкі Қазақстандық Халық банктің 60 пайыздық акциясын, кейбір үлкен зауыттар мен ғылыми зерттеу орталықтарын да сатып алуы Қазақстан халқын да, түрлі әлемдік саясаткерлерді де алаңдатады, – деп отыр.
Қытайдың Қазақстанға стратегиялық тәуелділігі артып келеді
Қазақстан – Қытай үшін шикізат көзі ғана емес. Араб, парсы, түркі, славян және Еуропа елдерімен байланыстыратын қақпа. Қытайдың ең маңызды стратегиялық серіктесі. Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" стратегиясының түйіні де осы.
Оның үстіне АҚШ пен Жапонияның және Тайуан мен Шығыс Оңтүстік Азия елдерінің Қытайға наразылықтарының күшеюі – ауыр соққы болды. АҚШ әскери ұшақтасығыштары Въетнам, Филиппин, Тайуан, Сингапур елдеріне дейін жетті.
Сонымен, Қытай "Бір белдеу, бір жол" стратегиясына басымдылық берді. Бұл туралы Қытай іскер топтарымен кездескен Нұрсұлтан Назарбаевтың: "Қазақстан – 180 миллионнан астам тұрғыны бар, кедендік шекарасы жоқ, Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі. Қазақстан аумағы арқылы Қытай мен басқа да Азия елдерін Ресей, Каспий, Қара теңіз, сондай-ақ Иран және Түркия арқылы Еуропамен байланыстыратын 5 темір жол және 6 халықаралық автомобиль жолы өтеді. Бұл жүкті Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға және кері қарай 15 күнде жеткізуге мүмкіндік береді. Ал, жүк теңіз жолымен жеткізілетін болса, 2-3 есе көп уақыт кетер еді" деуі тегіннен емес.
Қытай бұрынғыдай емес, мүмкіндікті пайдалануымыз керек
Айдос Сарым: "Қытай – бұрын арзан еңбеккүш алаңы болды. Неше жүз мыңдаған зауыттар салынды. Ал қазір сол зауыттардың басым бөлігі еңбеккүші арзан көрші елдерге көшіп кетті. Алайда Қытайдың жоғары техникалы өнім өндірісі мен қуатты өнеркәсібі қалыптасты.
Ол – өзін өзі айналдырып отырған өте үлкен базар. Біз сол мүмкіндікті пайдалана алуымыз керек. Өзіңіз ойлаңыз. Біздің азғана адам – еңбеккүш те, базар да болып жарытпайды.
Сондықтан тиімді өндіріс көздерін қалыптастыру арқылы Қытай базарына шығуымыз керек. Мысалы уран, кен өндірісі, ішпек-жемек өндірісі қатарлы" дейді.
Назарбаевқа несие, Путинге "Достық орденін" берді
7 маусымда Қытай Қазақстанның тасжол құрылысына 727 млн 212 мың доллар көлемінде несие беруге келісті. Бұған Алматы мен Қарағанды тас жолы жөнделеді.
8 маусымда Бейжіңдегі Халық сарайының Алтын залында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ши Жинпиң Ресей Президенті В.Путинге "Достық орденін" тапсырды. Бұл орден – Қытайдың жаңадан тағайындалған шетелдіктерге арналған ең жоғары наградасы. Бірінші орденмен Путин марапатталды.
Кейбір АҚШ сайттары мұны Қытайдың АҚШ-қа көрсеткен қыры ретінде бағалап жатыр.
Назарбаевтың Қытайға сапары табысты болды, қорқыныш та жоқ емес
Айдос Сарым: "Қытайға ет, ауылшаруашылық өнімдерін экспорттауға мүмкіндік туды. Бұл – біздің ең ұтатын жеріміз. Қытай халқының тек бір тобына ауылшаруашылық өнімдерін сату арқылы байып кетуімізге болады.
Екіншіден, елімізді Еуразия құрлығының сауда көпіріне айналдыруға тағы бар қадам жасалды. Яғни инвестиция тартылып, жұмыс мақсаты айқындалды.
Алайда қорқыныш та жоқ емес. Қазақстан Қытайдың экономикалық қақпанына түсіп бара жатыр деушілердің саны көбейіп барады. Яғни экономикалық қауіп басым. Сондықтан Қазақстан билігі Қытаймен біріккен кәсіпорындардың немесе Қытай кәсіпорындарының нақты есебі туралы мәліметтерді ашық көрсету арқылы халықтың алаңдауын басуы керек.
Үшіншіден, билік басындағы жемқорлықтың асқынуы ұлттық мүддені үнемі құрбандыққа шалады".
Қытай Қазақстан бастаған Орталық Азия елдерінен сескенеді
Германиялық журналист Өмірхан Алтын мырзаның айтуынша, Орталық Азия елдері Қытайдың мазасыз өлкесі саналатын Шынжаңмен шекаралас. Өздеріндегі ұйғыр, қазақ қатарлы түркі текті халықтармен Орта Азия елдерінің тығыз байланыста болуы да Қытайдың жүйкесіне тиіп отыр.
Енді оған, АҚШ-тың "5С+1" стратегиялық саяси бағытын, АҚШ-тың әскери базасы орналасқан Ауғанстан мемлекетін қоссаңыз жетіп жатыр.
Бұл – теңіз жағалауы тарылып, маңайы сақтыққа көшкен Қытай үшін құтыла алмайтын бас ауру. Сириядан қашып, Ауғанстанды паналаған Ислам мемлекеті содырларынан да қорқу сейілмей тұр.
Орта Азия халқы да соңғы жылдары Қытайдағы түркі текті этникалық топтардың жалпыға ортақ адамдық құқының тапталып жатқанын айтып, наразылықтарын жиі танытып келеді. Тіптен, батыс елдерінен көмек сұраушылар көбейіп кетті. Қазір мұндай топтар Қазақстан билігіне де талаптар қойып жатыр.
Қытайдың инвестициялық саясаты кез келген нәрсені сатып алуға бейімделген
– Тіптен, үкімет адамдарын да сатып алып, өз мүдделері үшін пайдаланады. Оның үстіне салған инвестициясы қанша көп болса да, оған Қазақстан мемлекеті кепілдік берсе де, Қытай өз компаниялары арқылы жұмыс жүргізіп келеді.
Қытай Қазақстанға берген қаржыны мұндағы өз компаниялары арқылы бақылауда ұстап отыр. Ол компаниялар қажетті тауарларды да Қытайдан сатып алады. Ал бүкіл шығын Қазақстанның квази-мемлекеттік секторының қарызы ретінде мемлекеттің мойнына ілінді.
Бұл да – ойланарлық жағдай. Қытай мұндай сауда саясатын Африкада, Орта Азия елдерінде қарқынды жүргізіп отыр. Міне, бұл Дүниежүзілік сауда ұйымының Қытайға қарата жүргізген саясатын жұмсартуына кедергі болып отыр, – дейді Ержан Нұрхан ағамыз.
"Бір белдеу, бір жол" – қытайларды көшіру, байлық бөлісу жолы
Бұл туралы Қытайдың Білім вице-министрі Тян Шуежүн (Tian Xuejun) 2017 жылы Мемлекеттік Кеңесте берген есебінде: "2012 жылдан бастап Қытайдың 350 мыңнан астам студенті "Бір белдеу, бір жол" бойындағы елдерге оқуға түсті. 2014 жылдан 2016 жылға дейінгі аралықта Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" бойындағы жалпы сауда көлемі 3 триллион АҚШ долларынан асты. "Бір белдеу, бір жол" – тек қана Жібек жолы ғана емес, сонымен қатар шетелде білім алу, байлық бөлісу жолы. Сонымен бірге иммиграцияның жаңа толқының бағыты" – деп атап көрсеткен.
Соңғы мәліметтерге қарағанда, 2012 жылдан бері осы саясат арқылы тоғыз миллионнан астам қытайлық шетелге қоныс аударыпты.
Қытайдағы өмір сүру үшін түсетін қысымның көбеюі – халықтың шетке көшу арманын тіптен асқындырғаны белігілі. Сондықтан Қазақстан да сол көштің жолында екенін ойлағанымыз жөн.
Қытайды үркітпей, қазақ мәселесін шешуге мәжбүрлей аламыз
Бұл жолы Қытайдағы қазақ мәселесі де көтеріледі деген үміт болды. Алайда дипломатиялық саясат тұрғысынан алғанда оның ресми түрде айтылмайтыны белгілі. Әзірге бейресми түрде айтылған-айтылмағаны белгісіз күйде қалды.
Айдос Сарым "Қытайдағы қазақты көшіріп алу жағын қарастыру керек" деп отыр.
15 мамыр 2018 жыл, Еуропарламенттің адам құқықтарын қорғау жөніндегі комитеті Брюссельде Қытайдағы қазақ мәселесін көтерді. Еуропарламент залындағы Өмірхан Алтын / Сурет Өмірхан Алтынның жеке мұрағатынан алынды
Өмірхан Алтынның айтуынша, сауатты саяси дипломатия үнемі саяси ойындар түрінде іске асып отырады. Ол:
– Қазақстан қазірше тек емеуірін танытып отыр. Қытайды ашық үркіткен жоқ. Бірақ Қытайдағы қазақ мәселесіне Еуро Одақтың, АҚШ-тың араласуының Қытайға оңай тимесі анық. Ал Қазақстан "тышқанды інінен шығарып алып, ұруды" тосып отырған адамға ұқсайды. Әңгіме тышқанды басқа біреу арқылы ұрғызу. Бұл – Қазақстан үшін тиімді.
Халықтың жанайқайы барған сайын үдеп, Қытайға қарсы пиғыл да асқынып барады. Ол да екі елдің билігін ойландырады.
АҚШ-тың экономикалық саясатта Қытайды тұқыртуы – біздің елге жақсы үлгі. Қазірше Қытай өзіне ешкім тең келмейді деген сеніммен басқаларды көзге ілмеудің кесірі тиерін әлі түсінбеген тәрізді. Қазақстан халқы да, Еуразия халқы да Қытайға қорқа қарай бастады. Міне, бұл – Қытайдың жеңілісі. Қазақстан да өз тәсілі арқылы жауап қайтаруы керек, – дейді.
Қытай қауіпті, бірақ қорқынышты емес, әлсіз жақтары көп
Бәз біреулер Қытайды "алып, ештеңеден қорықпайтын" ел ретінде дәріптеп жүр. Тіптен, "Қытайдағы қазақ мәселесін Қазақстан да, Еуро Одақ та, АҚШ та шеше алмайды. Тек сабырлықпен Алладан сұрап, күту керек" дейтін адамдар пайда болды.
Алайда, сол Қытайды АҚШ сауда соғысында жықты. Тек мықты тегеурін мен сауатты саяси дипломатия, ұтымды тәсіл керек. Себебі, Қытай көп жақтан Қазақстанның қабағын күзетеді. Бірақ оны білдірмейді.
– Қытай – қуатты экономиканың иесі. Дегенмен халқының жан басына шаққандағы экономикалық табысы түкке тұрғысыз. Оның үстіне, әлемдік нарықта және саяси дипломатияда көптеген елдің қарсылығына ұшырап жатыр.
Сондықтан, Қазақстан керек болса, Қытайдың Орта Азиядағы экономикалық және стратегиялық мүддесін көзір етіп, Ресей, АҚШ, Еуро Одақпен пікірлесе отырып, оған қысым жасай алады. Бір қарағанда Қазақстанның сүйенер тірегі жоқ секілді болғанымен, шын мәнінде Қытайдың Қазақстанға қарата жүргізген саяси және экономикалық стратегиясын әлем жіті қадағалап отыр. Ол – Ресейді де, "Бір белдеу, бір жолдың" соңғы тиянағы Еуро Одақты да, түркі дүниесі мен араб-парсы өңірін де ойландыратын ұзақ болашақтық мүддеге саятын маңызды буын, – дейді Өмірхан ағамыз.
Қытай қаупін білу үшін, оның сыры мен тілін білетіндер көбеюі керек
Айдос Сарым: "Қытайдан барлық әлем қорқады. Мен Қытаймен көрші Въетнам қатарлы елдерде болдым. Олар да қорқады. Бірақ сауатты түрде байланыс орнатып, олардың базарына кіріп отыр. Бізге артық үрей емес, нақты жұмыс керек. Себебі, біз Қытайдан қашып құтыла алмаймыз".
Амангелді Құрмет, саяси сарапшы: "Егер Қытай қаупіне келсек, қоғамды үнемі үрейлендіре беру рухани иммунитетті əлсіретеді. Иə, биліктің кемшілігі көп. Бірақ, бұқара көп жағдайда жауапкершілікті билікке артып қояды. Қауіптің алдын алу үшін дұшпанның тілін, сырын білмек керек. Біз Қытай қаупі туралы айтамыз да, олардың сыры мен тілін біле алмай жүрміз. Сақтану үшін алдымен тілін үйренген абзал. Сонда шүлдірлеген қытайдың ойын оқып аламыз. Онсыз өзгенің айтқанына еріп, содан аспай қаламыз.
Екіншіден, жаңағы ірі көлемдегі қарыз – ел қауіпсіздігінің кепілі де бола алады. Миллиардтарды салған Еуропа мен АҚШ Қытайды тым еркінсітпес. Саяси тұрғыда солай. Ал қоғамдық тұрғыдан алсақ, біздің өзіміздің шыңдалғанымыз дұрыс. Əзірге тек қорқып-үркіп, алып-қашпа əңгіме төңірегінен аса алмай тұрмыз. Қытайдағы қандастарға қатысты ауызбірлік таныта алмауымыз да сол осалдығымыздың белгісі. Осал болсаң кім көрінген басынады ғой".
Қазақстанның сыртқы қарызын дұрыс түсіну керек
Амангелді Құрмет: "Мемлекеттің сыртқы қарызы адам басына шағып есептелмейді. Үкіметтің қарызы – 57 млрд доллар болса, қалған 110 млрд доллар компаниялардікі. Инвесторлар əкелген техника, шетелдік компаниялардың мүлкі сияқты дүниелердің қаржылай есебі. Еуро облигациялар мен құнды қағаздар, ішінара ақшалай келісімдер.
Яғни, сипаты əр түрлі. Əрі қарыз берушілер қарызды бірден қайтару туралы талапты сирек қояды. Тек бізден қарыз алғандар көп болса, жақсы баланс болады. Яғни, біздің компаниялар шетелдерде филиал ашқанда сондай жағдай қалыптасар еді.
Əзірге алашағымыз тым аз. Ал берешекке келсек, Голландияға берер қарызымыз көп – $49,8 млрд. Одан соң ағылшындар – $27 млрд. Үшінші АҚШ – $13 млрд. Төртінші Қытай – $12 млрд. Сондықтан сыртқы қарыз туралы айтқанда тек Ши Жинпиңнің суретін қоя бермеңдер".
"Қытайдың соғысынан емес, саудасынан қорқу керек"
Бұл туралы ХХ ғасырдың басында Жүсіпбек Аймауытов атамыз: "Қытайдың соғысынан емес, саудасынан қорқу керек. Олар сауда істеп жүріп-ақ қатын-бала, үмек-шүмегімен сабанның топанындай ағылып келіп, сенің жеріңе ата қонысындай орнығып алады. Ел алу, жер алу Қытайға түкіргеннен де оңай. Ол көптігімен алады" депті.
Ендеше, ең алдымен ұлттық болашағымыз жемқорлықтың құрбанына айналып кетпеуі үшін, парламенттік және халықтық билікті күшейту керек.
Екіншіден, мемлекеттік құзіретті органдар қауіпсіздік шараларын қайтадан пысықтап, бір қатар ішкі қауіпсіздік ережелерін тұрақтандырулары керек. Осы арқылы қытайлардың емін-еркін орнығып, экономикалық экспансия жасауына жол берілмейді.
Үшіншіден, Қазақстан азаматтарының "Бір белдеу, бір жол" стратегиясындағы басымдылық құқын сақтауына мемлекет көмектесуі керек.
Төртіншіден, әлемдік саяси топтарды орынды қолдану арқылы көрші алыптармен баланысты сауатты түрде реттеп отырған дұрыс.
Бесіншіден, Қытайдағы қазақ мәселесі – Қазақстанның тағдырын белгілейтін маңызды буын. Біз осы мәселені шеше алсақ, халық та, ұрпақ та бізге риза болады әрі сенеді.