"Бүгін менің туған күнім. Ой, бәле-ай! Мына адамдар неге жатыр тойламай?!" деп жырлаған Мұқағали Мақатаевтың туғанына биыл 90 жыл. Республика бойынша ақпан айы басталғалы ақынды еске алу мақсатында түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Соның бірі Алматыда Жамбыл жасөспірімдер кітапханасында өткен Мен өмірді жырлау үшін келгенмін..." атты ақынды еске алу кеші. Шара барысында "Жамбыл жастары" театрының тұсауы кесіліп, алғашқы қойылымын қойды. Мектеп оқушылары да келіп, ақынның жырларын оқыды. Шара барысында кеш қонақтарының Мұқағали жайлы естеліктерін жазып алдық.
Ергенбай Әбуев, актер:
– 1986 жылы "Дариға, домбырамды берші маған" деген хабар шықты. Хабар сәтті өткеннен кейін әрі қарай біз Мұқағали поэмаларынан телеқойылым қойдық. Бірінші "Шолпан" поэмасынан бастадық. 1989 жылы Мұқағалидың туған жері Қарасаздың шалғынында жатып "Дариға, жүрек" поэмасының телевизиялық фильмін жасап шығардық. Содан бері қарата мен Мұқағалимен біргемін десем артық емес.
Мұқағали Дариға туралы поэма жазды, өлең оқыды. Бұл Дариға сонша кім болды екен деген ой келген. Ол Мұқағалидың әйелінің туған ағасы тірі кезі. Өзімен бірге оқыған бір сыныптасы бар екен. Солармен далада кездестік. Дариға Мұқағалидың әкесінің інісінің әйелі екен. Қазақтың қоржындас үйі дейді, бір басында інісі, бір басында өзі тұрған. Ол кезде Мұқағали бар-жоғы он жастағы бала еді. 1941 жылы ағасын да, әкесін де соғысқа алып кетеді. Он сегіздегі Дариғаның тұрмысқа шыққанына екі-ақ ай болған екен. Әдемілігі соншалық ағамыз үйге тастамай, мектепке ертіп баратын көрінеді. Дариға сабақ біткенше қасында отырып, үйге ертіп қайтатын еді дейді. Сөйтіп жүргенде ағамыз соғысқа кетеді. Дариға бес жыл күтеді, он жыл күтеді, бірақ оралмайды. Ақыры амалдың жоғынан басқа бір адамға тұрмысқа шығады.
Мұқағали ақын болып, ел танып қалған шақ. Ауылына келгенде тойдың үстінен шығады. Жеңгесі кейінгі тиген күйеуімен бірге тойда қонақ болыпты. Сол кезде балалық шағы, ағасы есіне түсіп, "Қайран, жеңгем" деп өлең шығарады.
... Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем!
Қайғыға мойымаушы ең.
Қайдан келген?!
Сағынып жүрсің бе әлде, қадірлім-ай,
Баяғы жастығыңды майданда өлген?...
Аманқос Мектептегі, Әл-фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, филология ғылымдарының докторы:
– Жас кезде ақындардың өлеңін жатқа айтып жүретінбіз. Жатақханаға шықпас бұрын пәтерде тұрдым. 1975 жылы тамыз айының орта шені немесе аяқ жағы болуы керек. Алматының жап-жарық, шуақты, ғажап күндерінің бірі. 51-автобуспен Көк базарға келдім. Таңғы сағат сегіздердің шамасы. Қалтамда бес тиын да жоқ. Бас поштаға ақша алуға бара жаттым. 15-автобусқа мінемін деп аялдамада тұрдым. Бір кезде дауыс гүр ете қалды. Жалт бұрылып қарасам – Мұқағали. Ұлы адамдар туралы анекдоттар айтып тұрды. Есім ауып қатып қалыппын. Бір кезде Мұқағали маған қарап тұр екен. Қолы емес, саусағы қозғалады. Мені шақырып тұрғанын бірден түсіндім. Жақындағанымда "мен кіммін" деп сұрады, "Мұқағали ағасыз ғой" дедім. Шамалыдан кейін "мен кіммін" деп қайта сұрады. Естімей қалды десем, дәл жанында айтып тұрмын. Тағы да Мұқағали аға екенін айттым. Үшінші рет сұрағанда "Мұқағали ақынсыз ғой" дедім. Ол "ақын десең, табан астында менің бір шумақ өлеңімді оқышы" деді. Кідіріп тұрмадым, бірден:
"Поэзия, менімен егіз бе едің?
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім..." – деп шұбыртып кете бердім.
Бір кезде белгі берді, кілт тоқтадым. "Композитор қонақ үйде жатыр еді, кешеден бері демалып жүрміз" деп астарлап сөйледі. "Енді бой жазып жүр едім" деді де, қалтасынан 1 рубль суырып алды да, қолыма ұстатты. "Үстіне тиын қосып ана жерден вино алып келші" деді. Сол заманның реті осындай еді. Менің қалтамда көк тиын жоқ. Қуана-қуана жүгірер едім, бірақ "аға, менде ақша жоқ" деп жауап бердім. Сол кезде күректей екі қолымен менің белімнен қысып, "айналайын, уды біз ішейік, сендер аман болыңдар" деп екі рет қайталады. Жанындағы адаммен әңгімелесіп кетті. Автобус келгенге дейін екеудің әңгімесін тыңдап тұрдым. Мұқағалидан той-думанның ызғары, шаршау байқалғанымен әңгіме айтқысы кеп шығармашылық биікте тұр. Аузынан шыққанның бәрі ұлы адамдар: Достоевский, Толстой, Абай, Гетенің өмірінен естеліктер айтып тұрды.
Бір кезде 15-автобус келді, бәріміз автобусқа міндік. Таңертеңгі 8.30 шамасы. Автобуста адам аз болса да, отыратын орындар бос емес. Автобустың аяқ жағында бір қыз отыр екен, соның бергі жағындағы орын ғана бос. Композитор Мұқағалиға отырыңыз деді. Бір кезде қызық жағдай болды. Қып-қызыл көйлектегі қарындас сұлудың сұлуы, қап-қара қос бұрым, қара торының әдемісі. Мұқағали қызға бұрылып анайылау сөздер айтты. Мұқағалидың дикциясына, әңгімелеріне қарап есі ауып тұрған автобустағылар кенет аң-таң болды. Мұқағали соны сезді ме екен, сәл-пәл үнсіз қалды.
Иек артқан теңізге мүйістейін,
Келші, қарғам, шашыңнан иіскейін?
Иіскейін тек қана, тиіспейін,
Келші, қарғам, шашыңнан иіскейін? – деп шұбырта жөнелді.
Айтқан сөздерінің бәрі өлең боп құралып жатыр:
Қолаң қара шашың-ай күн қақтаған!
Қос бұрым-ай жотаңда бұлғақтаған!
Қарғам, сенде жерімнің иісі бар-ау,
Жер иісі жұпардан қымбат маған!
– деген шумақтарды естігенде есімнен ауып құлап қала жаздадым. Өйткені, Мұқағалиды іздеп жүріп оқитынбыз. Өлеңдерін жаттап алуға тырысып тұрмын.
Достарыма айтсам шын көрмейді. Ойыңнан шығарып алғансың деп мойындамады. Біраз уақыт өткен соң ақпан айында жатақхана бөлмесінде шырт ұйқыда жатсам Ахмет деген ақын досым "Аманқос, тұр" деп келіп тұр. Қолыма "Өмір дастан" кітабын ұстатты. Сол күні дүкенге түскен екен.
Иек артқан теңізге мүйістейін,
Келші, қарғам, шашыңнан иіскейін, – деп басталатын өлеңді жатқа айтып тұр. "Аманқос, айтқаның рас екен" дейді.
Сол кездегі қоғамның дерті ащы су болатын. Бұл өмірден түңілгендіктен емес, қоғамның ластығына байланысты адамдардың өзін жұбатуы сияқты көрінетін. Осы оқиғаны Лашын апайға көзі тірісінде айтып бердім. Ендігі ойым сол қарындас қайда жүр екен? Мұқаңның айтқан сөздері оған қалай әсер еткенін білгім келеді. Анайы сөздерді естігенде "ағай, қызық екенсіз" деді де қойды. Ал табан астында шығарылған өлеңді естігенде оның түріне қарап ішкі жан дүниесінде болып жатқан құбылыстарды сезіп тұрдым. Мен сол кезде Мұқаңның суырыпсалма, табиғаты тұнып тұрған ақын ретінде аузынан шыққан сөздердің барлығы миллиондаған градуспен қорытылып, адамның құлағын арбайтын, жанын тербететін ғажайып поэзия боп шығатынына куә болдым.
Майса Ықылас, суретші:
– Мұқағалидың өлеңдерінен оның суретші екенін сезінемін. Себебі студент кезде оның өлеңдері мені сурет салуға итермеледі. Поэзияға сурет салу өте қиын. Мұқағалидың өлеңдерінде сондай тартымды, адамның ішкі дүниесін баурап алатын сезім бар. Сол лирика жағы шығармашылығыма арқау болды.
"Иек артқан теңіздей мүйістейін" деген өлеңіне байланысты қазақ қызының портретін жасадым. Теңізге баруды армандаған ақынның "Теңізге бір барамын" өлеңіне сурет салдым.
Графика ғана емес, киізден картина жасап жүрмін. Бір өлеңге кейде бірнеше сурет саламын. Поэзияға сурет салу қиын, себебі өлеңде адамның ішкі дүниесі жатыр. Рухани байланыс болса ғана жүректен жүрекке жетеді. Өзімнің ішкі күйімді Мұқағали өлеңі арқылы сезінемін де, ақынның көзімен қарағандай боламын.