Тікелей эфир

Моңғолияға сапар: Баян өлгейдегі бес күн (жалғасы)

informburo.kz
informburo.kz
Баян өлгейдегі қазақтардың тыныс-тіршілігімен таныстық. Байлықтың игілігін елі көрген, кәсіп ашуға ыңғайлы, ұры-қарыдан тыныш, әлемге әйгілі саяхат аймағы екен.

Алдыңғы мақаламызда әңгімелегеніміздей, Моңғолия мен Ресей шекарасы тек сегіз сағатқа ашық. Оның үстіне Моңғолияның шекара өткелінде бейресми қазақ тілін қолданатынын да айтқанбыз. Ендігі әңгіме Баян өлгейге сапар туралы.

Баян өлгей – бүркіт көтерген, көшпелі өмір салты арқылы әлемге танылған аймақ.

Қосымша оқыңыз: Моңғолияға сапар: Арқадан Алтайға дейінгі ұзақ жол (фоторепортаж)

Баян өлгейге бару арқылы Алтайдың үш бетінің қазақтарымен көрістік

Баян өлгей – Моңғолияның батысындағы ең үлкен аймақ. Біз Қазақстанның Қатонқарағай ауданы жағын жақсы білеміз.

Тура сонымен тұспа-тұс, Ресейдегі Алтай Республикасына қарайтын атақты Жазатырды (жаз отыр – деген сөзден шыққан деседі) жайлайтын Шүй – Қош ағаш және Моңғолияның Баян өлгей аймағының қазақтары, яғни Алтай тауының оңтүстігі, батысы және солтүстігінде өмір сүріп жатқан туыстарымызды көру мүмкіндігіне ие болдық.

Уикипедия ашық энциклопедиясынан алынды:

Моңғолия (моңғ. Монгол Улс – Моңғол елі, ескі моңғолша ) – елі Орталық Азияның шығыс бөлігінде орналасқан. Солтүстігі Ресей Федерациясымен, ал оңтүстігі, шығысы, батысы Қытай Халық Республикасымен шектеседі. Моңғолия бұл екі елдің ортасында орналасқанымен оның батыс нүктесі Қазақстан Республикасының шығыс нүктесіне өте жақын жерде (18 шақырым) орналасқан. Моңғолия мұхитқа шыға алмайды. Жер көлемі – 1 564 116 км². Жерінің үлкендігі бойынша әлемде 17 орында. Астанасы – Ұлан-Батыр қаласы. Халық саны – 2 736 800. Мемлекеттік тілі – моңғол тілі, жазуы – кирилше. Халықтың 95%-ы моңғолша сөйлейді. Қазақтар елдің 4 пайыздан астамын құрайды. Орта мектепте кирилшеден басқа ескі моңғол жазуы оқытылады. Қазақтар көп тұратын Баян өлгей аймағында қазақ тілі оқытылады.

Ресейдің Ташанта шекара бекетінен шығып, 15 минутта Моңғолияның Ақкөл шекара бекетіне келдік. Шекара бекетінің жұмыс уақытын 12 сағатқа көбейту жөнінде Ресей тарапымен келісіліп жатқаны белгілі болды. Ол туралы Моңғолияның Шекараны қорғау басқармасы хабарлапты. Бұл да – арадағы барыс-келістің молайғанының нышаны.


Ресей мен Моңғолия шекарасындағы белгі
Ресей мен Моңғолия шекарасындағы белгі / Жеке мұрағаттан

Моңғолия қазақтары – көшпелі, дала мәдениетінің әлемдегі соңғы бесігі

Жалпы, Қазақстан мен Ресей қазақтары осы заманға бейімделген. Ал мұнда бәрі керісінше.

Бір қарағанда шоқпардай үкі қадап, пұшпақ тымағын баса киген мына қазақтарға суық та, ыстық та әсер етпейтіндей. Бейуаз, тыныш, таза да тәкаппар халықтың дүние танымы әлдеқайда Тәңірге жақынырақ десек артық болмас. Әне, дәл сондай киім киген ақсақалдар мотоцикльмен қасыңа кеп тоқтағанда, бір арнада тоғысқан екі дәуірдің белгісіндей қабылдайсың.

Біз барған уақ – мал төлдететін көктем кезі. Әр тау қуысынан ақтылы қой, үйір-үйір жылқылар кездесіп отырды. Түтіні тұзу үшқан жалғыз ауыл – сол аумақтың иесі секілді сезілді бізге.

Баян өлгей аймағы (моңғ. Баян өлгий Аймаг, қазақша баламасы – Бай өлке, Байбесік) – Моңғолияның 21 аймағының ең батыстағы ең биік таулы аймағы. 1940 ж. құрылған. Аймақ орталығы – Өлке қаласы. Аймақ 13 сұмын (аудан) мен 90 бақтан (ауыл-қыстақ) тұрады.

Қазіргі әкімі – Ғылымхан Айыпұлы.

Баян өлгей аймағында тұратын адам саны 111 мыңнан асады, халқының 93% – қазақтар, қалғаны моңғолдың ұраңқай ұсақ руы мен тыва ұлтының өкілдері.


Моңғолия шекарасына кірген жердегі Қызылүй атанған жер осы. Шекарадан өткен жұрт осы жерден бозы(манты демекші) жейді екен.
Моңғолияның шекарасына кірген жердегі Қызылүй атанған жер. Шекарадан өткен жұрт осы жерден бозы (орысша – манты) жейді екен / Фото informburo.kz

Біз Баян өлгей аймағының орталығы Өлке қаласына 19 наурыз түстен кейін келіп жеттік. Онда Қуанған Ұлықпан, Төкей Сансызбай, Тұраш Жанарбек деген азаматтар күтіп алды. Серік Оспан аға екеумізді Баян өлгей аймақтық әкімдіктің ғимаратындағы қонақ үйге орналастырды.


Серік Оспан аға екеуімізді Баянөлгей аймақтық әкмдктің ғимаратындағы қонақ үйге орналастырды. Суретте Аймақ әкімдік ғимараты.

Аймақтың әкімдік ғимараты / Фото informburo.kz


Баян өлгейде маңдайшалықтар моңғолша және қазақша – екі тілде жазылады екен.


Баянөлгейде мекеме аттары екі тілде жазылады

Баян өлгейде мекеме аттары екі тілде жазылады / Фото informburo.kz


Біз Unitel телефон СИМ картасын алып, интернетке қосылдық. Бұл байланыс үшін СИМ картасы кемі 15 күнге беріледі. Ешқандай құжат сұрамайды. Әр күні 512 Mb интернет беріледі және өзара байланыс жасау тегін. Жалпы әр адам үшін 2500 төгрөг айналасында.

Естеріңізге тағы да сала кетейін, 1 теңге шамамен 7,5 төгрөгке тура келеді.

Жалпы, Моңғолияда телефон байланысы мен интернет қолжетімді әрі арзан. Сонымен бірге басқа да бірнеше байланыс түрлері бар.


Осы жерден Unitel байланыс жүйесінің сим кардтын сатып алдық.

Осы жерден Unitel байланыс жүйесінің СИМ картасын сатып алдық / Фото informburo.kz


Әр киіз үйде ұлағат пен қатар өркениет бар

Мысалы, сол тау жағалаған әр отбасы күн нұрынан қуат алып, тұрмыстық техникаларды қолданып отыр. Біз қарайтын Қазақстанның телеарналарын көреді. Жол бастаушыларымыздың айтуынша, мұндағы өмір жазда бұдан да қызықты.

Тау бөктерлерінде – жайлауға жамырай қоныстанған ауыл ортасына ақ шаңқан киіз үйде көшпелі балабақша да жұмыс істейді екен.

Баян өлгей қаласы да заманауилана бастаған. Қала ортасын жарып аққан Қобда өзенінің екі жағын бойлай 4-10 қабатты ғимараттар салынып, коттедж қалашығы бой көтерген. Таза да еңселі дәмханалар мен қонақ үйлер қатары көбейіп жатыр.

Біз барған кезде әкімдік Наурыз тойына дайындалып жатыр екен.

Қазақта: "Ұрлықты бір күні туырлық жасырады, бір күні ши жасырады" деген сөз бар. Оның себебі, киіз үйді тіккен кезде керегенің сыртын алдымен шимен, сосын туырлықпен жабады. Туырлық пен шидің арасына заттарды тығып қоюға ыңғайлы болуынан шыққан сөз болса керек.


Шиі оралып, турлығы жабылу алдындағы киіз үй

Шиі оралып, туырлығы жабылу алдындағы киіз үй / Фото informburo.kz


Ұрлық түсінігі жоқ ел

Ал, базар әр күні сағат 10-11 шамасында басталып, түстен кейін сағат 16-17 шамасында жабылады екен. Бұл да – асықпайтын, алаңсыз өмірдің белгісі.

Ақша айырбастау орталықтары да көбейген. Қатарынан тұрған 6-7 кішкене ісханаларда жалғыз-жалғыздан ақшаларын жайып тастап алыпсатарлар отыр. Бейнебақылау жоқ. Ұрлау, тонау атымен болмаған, болмайды да.

Тіптен, сапарымыздың үшінші күні Түкей ағамыз бізді Асқар Шаймерден мырзамен бірге Тұлбо сұмынына (Сұмын – бізше аудан) қонаққа апарды. Асқар мырза жол бойы көлігін тастап кетті. Көліктің ашық қалғанын артынан таныстары қоңырау шалып, ескертті. Ал Асекеңде уайым да, алаң да жоқ. Кеште бір-ақ оралдық.

Міне, осындай тыныш, таза, уайым-алаң жоқ қаланы, аймақты өмірде бірінші рет көріп тұрмын.

Біздің делегацияны Өлке қаласының әкімі Бақытқұмар мырза қабылдады

Бақытқұмар Хақанұлы мырза – Қожаберген батырдың ерлік істерін білетін, көзі ашық азамат екен. Сондағы халықтың өтінішіне сай Қожаберген батырдың кесенесі орнатылатын орынға бекіту жасап жатқанын ескертіп, ескерткіш қойылатын жерді көрсетті.


Өлке қаласының мері Х. Бақытқұмар Қожаберген батырдың ескерткіші тұратын жерді бекіту туралы шешімді жариялап тұр

Өлке қаласының мэрі Б.Хақанұлы Қожаберген батырдың ескерткіші тұратын жерді бекіту туралы шешімді жариялап тұр / Фото informburo.kz


Қожаберген батырға ескерткіш халықаралық жолдың бойына, жолдың қалаға кірген жеріндегі Қобда өзенінің босағасына қойылады. Бұл жол әуежайға да барады екен.


Қожаберген батырға ескерткіш осында қойылады.

Қожаберген батырға ескерткіш осында қойылады / Фото informburo.kz


Өлке мен Қытайдың Алтай аймағындағы Алтай – өзара дос қала. Сол достықты куәлендіретін арнайы ескерткішті Қытайдың Алтай қаласының қазақ әкімі 2017 жылы әкеліп орнатыпты.


Өлке қаласының қасындағы шоқыға орнатылған достық ескерткіші. Ескерткішті Қытайдың Алтай қаласы әкімдігі 2017 жылы орнатыпты.

Өлке қаласының қасындағы шоқыға орнатылған достық ескерткіші / Фото informburo.kz



Достық шоқысынан Өлке қаласына көз салдық

Достық шоқысынан Өлке қаласына көз салдық / Фото informburo.kz


Өлке қаласы Қобда өзенінің екі жағына жарыла орналасқан.


Достық шоқысынан қарағандағы Өлке қаласының батыс жағы

Достық шоқысынан қарағандағы Өлке қаласының батыс жағы / Фото informburo.kz


Әр үйге құдайы қонақсыз!

Мұнда байырғы қазақы қонақжайлық жойылмаған. Әр үй сіздің туысыңыз іспетті. Есіктен кірсеңіз, төріне шақырып, құдасындай күтеді. Олар үшін құдайы қонақ – құт, қырықтың бірі – Қыдыр деп есептейді. Тәтті-дәмдісін алдыңызға төсеп, сый-сияпатын да ұсынады.

Бір қарағанда заманнан алыс қалған секілді сезілетін, тақиясының үстіне тымағын киген ақсақалдарымыз бен кимешек-шылауышын тартқан ақ басты аналарымыздың дегдарлығы жүрекке сол баяғы ұлы сезімді қайта әкеліп орнататындай.

Ол ауылда қыз біткен еркектің бетіне қарамайды. Ал жігіттер қасқырдай айбынды, қырандай текті. Ар-ұжданның сындарынан өтіп, адамгершілік пен ар-намысты жүректеріне пісірген.

Ешкім ешкімді пайдаланып кетпейді, алдамайды, басынбайды, басындырмайды. Ондай нәрселер олардың түсіне де кірмейтін шығар.


Ауылдағы ата-әжелерге сәлем беруге аттандық

Ауылдағы ата-әжелерге сәлем беруге аттандық / Фото informburo.kz



Сағынысып кезіккен туыстар

Сағынысып кезіккен туыстар / Фото informburo.kz


Бұнда кимешек-шылауышын шешпеген, пұшпақ тымағын тастамаған қазақтар тұрады. Байырғы бабалар өмірін көз алдыңызға келтіріп, көкіректі сыздатады.

"Бір шәйнек шай мен бір жілік ет – қазақтың бөлінбеген еншісі" деген екен аталарымыз.

Кезі келгенде қаладан әкелген базарлықтарымызды да тараттық.


Астанадан барған сәлем-сақаттарды бердік

Астанадан барған сәлем-сауқаттарды бердік / Фото informburo.kz


Бұл сандықта бабаларымыздың аманаты, тарихымыздың белгісі, ата-әжелеріміздің ерлігі сақталған...


Әр үйдегі сандықта қазына бар

Әр үйдегі сандықта қазына бар / Фото informburo.kz


Баян өлгей – әлемге әйгілі бүркітшілер отаны

Моңғолдар құс ұстамайды. Тіпті, ақбас құмай, тазқара сынды құстарды киелі санайды. Ал қазақтар аспандағы бүркіт, қаршыға, ителгі сынды құстарды қолға үйретіп, аңға салады. Бүркітшілік – негізі сал-серіліктің, демалыстың бір бөлегі іспетті. Ал қазір Моңғолияның туристік аймаққа айналуына себеп болған.

Бүркітшілер мен қазақтың көшпелі өмірі туралы түсірілген батыс фильмдері әлемнің назарын Моңғолияға бұрды. Айшолпан сынды бүркітші қарындасымызды көруге келетіндер қаншама.

Бұл үрдіс Баян өлгейдің туризм саласының дамуына өте үлкен әсер етіп отыр. Әр күні топ-топ болып шұбырған шетелдіктер ешкімге таңсық болмай қалған. Есесіне сол саяхатшыларға қызмет көрсететін топтар мен жеке кәсіпкерлер қалыптасып үлгеріпті.


Баянөлгей аймағы әкімдігі алдына орнатылған Бүркітшіге арналған ескерткіш

Баян өлгей аймағы әкімдігі алдына орнатылған бүркітшіге арналған ескерткіш / Фото informburo.kz



Наурыз мерекесі шеруіндегі бүркітшілер

Наурыз мерекесі шеруіндегі бүркітшілер / Фото informburo.kz


Қала мэрі: біз халықтан қорқамыз...

Қала басшысы Бақытқұмар Хақанұлының айтуынша, осыдан екі жыл бұрынғы парламенттік сайлауда жеңіске жеткен халықтық партия өкілдері қазір билікке келген. Осыдан бірнеше жыл бұрын жұмыссыз жүргендер өз жақтастарының жеңіске жетуімен билікке келіпті.

Бір қызығы, қала әкімі болсын, аймақ тіптен үкімет басшысы да халықтың пікірімен санасады. Халыққа ұнамаған адамды кез келген уақытта биліктен алып тастайды екен.


Аймақ әкімі ғимаратының сол қанаты жанына қойылған Зуқа баты Сәбитұлына арналған ескерткішү Ескерткіз Зуха батыр көшесінде.

Аймақ әкімі ғимаратының сол қанаты жанына қойылған Зуқа батыр Сәбитұлына арналған ескерткіш / Фото informburo.kz


Баян өлгейде бес елдің ақшасымен сауда жасай бересіз

Мысалы, біз түбіттен жасалған бұйымдарды сатып алғанымызда теңгемен есеп айырыстық. Саудагердің айтуынша мұнда келетін шетелдік саяхатшылар көп, сондықтан ақша айырбастап та жатпайды. Кез келген ақшаны мүмкіндігінше қабылдауға тырысады екен. Моңғол төгрөгімен қоса айналыста қазақ теңгесі, орыс рублі, АҚШ доллары, қытай юані жүр.


Көше бойындағы дүкендер

Көше бойындағы дүкендер / Фото informburo.kz


Моңғолия – парламенттік басқарудағы ел

Премьер-министрді парламент сайлап шығарады және министрлерді бекітеді. Ал Моңғолия президентін халық сайлайды. Үкімет парламент алдында жауап береді. Президент мемлекеттің сыртқы саясаты мен қорғаныс саласына ғана жауап береді. Ішкі шаруаға араласпайды.

Моңғолия парламенті – Ұлы Хурал деп аталады. Ұлы Хуралда үш қазақ депутат, үкіметте бір министр, үш орынбасар министр бар.

20 наурыз күні Моңғолияның премьер-министрі Ухнаагийн Хурэлсух бастаған үкіметтік топ Баян өлгей аймағына келді.

21 наурызда орталық театрда қабылдау өткізіп, мемлекеттік сыйлықтар тапсырды.


Үкімет басшысы Ухнаагийн Хурэлсух бастаған делегация келді

Үкімет басшысы Ухнаагийн Хурэлсух бастаған делегация келді / Фото informburo.kz


Біздің білетініміз Моңғолия парламентінің депутаты, Құрылыс, қала құрылымы министрі Бәделхан Қабдісіләмұлы мен Азық түлік, ауыл шаруашылық және жеңіл өнеркәсіп вице-министрі Сәуле Жанымханқызы.

Бұдан басқа тағы да 4-5 министр, комитет төрағалары мен департамент басшылары келіпті.


Бәделхан Қабдісіләмұлы жерлестерімен көрісуде

Бәделхан Қабдісіләмұлы жерлестерімен көрісті / Фото informburo.kz


Моңғолияның үкімет басшысы мен министрлері қарапайым әрі кездесуге келген әр адам үшін қолжетімді екен. Ешқандай халықтан бөлектенбейді және қандай да бір сақтық шаралары ұйымдастырылмаған.

Мысалы біз кездесіп суретке түстік. Тіптен бір апамыз да келіп, селфи жасады.


Үкімет басымен кездесіп, Наурыз мерекесімен құттықтадық

Үкімет басымен кездесіп, Наурыз мерекесімен құттықтадық / Фото informburo.kz



Министрлермен суретке түсу. Оңнан бірінші тұрған Сәуле Жәнімханқызы. Қасымда тағы 4 министр болды. Аттарына тілім де келмеді.

Министрлермен суретке түсу. Оңнан бірінші тұрған Сәуле Жәнімханқызы. Сол жағымда Ц.Цогзалмаа, оң жағымда Б.Батзориг, Д.Сарангэрэл / Фото informburo.kz


Орталық театрдағы Үкіметтің халықпен кездесуіне де қатыстық. Ешкім кеудемізден қақпады. Тоспады да, тексермеді де.

Аймақ халық өкілдері құрылтайының басшысы Д.Бауыржан мен қала мэрі А.Ғылымхан өз қызметтерінен мәлімет берді.

Зал толы адам ішінен суырылып шыққандар пікір айтуға тізілді. Ешкімді алаламай, пікірлерін тыңдап, нақ майданда үкімет басшысы жағынан жауап берілді.


Арыз-өтініш айтуға тізілген азаматтар.

Арыз-өтініш айтуға тізілген азаматтар / Фото informburo.kz


Жиналыс барысында екі көпір, бір жол және басқа да өндірістерді қамтыған салалар бойынша жалпы құны 100 млрд төгрөгке татитын қаржылық мәселе шешімін тапты. Сонымен бірге "Саңылақ малшылар", еңбек озаттары марапатталды.


Мінбеде отырған үкімет мүшелері

Мінбеде отырған үкімет мүшелері / Фото informburo.kz


Аймақта үш қазақша телеарна бар. Және Қазақстан телеарналары көрсетеді

Аймақтық теле-радио кешенінің директоры Оспан Нәби:

– Музыкалық драма театры, кітапханалар жұмыс істеп тұр. "Жаңа дәуір", "Моңғол Заман", "Білім" газетінің таралымы 3-4 мыңның төңірегінде. Моңғол телеарналарымен қатар Қазақстан үкіметінің қолдауымен қазіргі таңда аймақ халқы Қазақстан, Хабар, "Астана", КТК, Жетінші арна, "Балапан", "Мәдениет", "Жетісу", Kazsport, Асыл арна және 31 арналарын көреді. Содай-ақ Моңғол Ұлттық радиосының аймақтық бөлімшесінің қазақ тіліндегі бір сағаттық бағдарламасы таратылады. Аймақ орталығында 4FM радиостансасы, қазақ тілінде Дербес, Наз, МНВ Баян өлгий телеарналары, Kaznews, Baiolke уеб порталдары жұмыс істейді, – дейді.

Біз өз кезегінде радиоға сұхбат бердік. Ал Серік Оспан ағамыз өз орындауындағы әндерін Баян өлгейдің алтын қорына жазып қалдырды.

Оспан Нәби мырзаның айтуынша, кешеннің алтын қорында 66 мыңнан астам құжат жатыр.


Баянөлгей теле-радио кешенінің директоры Оспан Нәби мырзамен бірге радионың алтын қорында болдық.

Серік ағамыз Баян өлгей радиосының алтын қорынан құнды құжаттарды тауып алды / Фото informburo.kz



Радионың дыбыс жазу студиясы

Радионың дыбыс жазу студиясы / Фото informburo.kz


Билікті ақ партиядан қызыл партия тартып алды

Моңғолияда қазір халықтық партия болып өзгерген бұрынғы коммунистік партия – қызылдар деп аталады. Моңғолия демократиялық партиясы – ақтар. Бұл екі партия мемлекет билігін кезектесіп ұстайды.

Парламенттік сайлауда қызылдар жеңіске жеткелі екі жылдың жүзі болыпты. Ақтан Бабиұлы атындағы аймақтық кітапхана директоры Асқар Шаймарданұлы:

– Осыдан 2-3 жыл бұрын біз көшедегі жұмыссыз болдық. Партиямыз жеңіске жетіп, билікке келдік. Енді халық алдында берген уәделерімізді орындауымыз керек, – дейді.

Айтуларына қарағанда соңғы президенттік сайлауда ақтар жеңіске жеткен. Яғни Президент ақтардың – демократиялық партияның өкілі екен.

Ал Парламент қызылдардың – халықтық партияның қолында. Сол үшін билік те қызылдарға өтіпті.

Өз ауласында ашқан бизнес үшін салық төлемейді

Бір қызығы, мұнда әрбір тұрғын өз ауласында еш кедергісіз бизнес аша береді. Ешкім салық төле деп келіп тұрмайды. Өйткені, әркімнің өз ауласы жеке меншігі болып саналады.

Жаңадан кәсібін бастаған азаматтар бірнеше жылға салық төлеуден босатылады. Аяғынан тұрып кеткенше әртүрлі мөлшердегі қаржылық, құқықтық қолдау секілді көмектер болады.


Ағашшы әрі темір ұстасы Құмархан ағаның ұстаханасында

Ағаш әрі темір ұстасы Құмархан ағаның ұстаханасында / Фото informburo.kz



Құмархан ұстаның жасап жатқан күміс ері мен төсек-сандықтары

Құмархан ұстаның жасап жатқан күміс ері мен төсек-сандықтары / Фото informburo.kz


Халық тұтастай мемлекет табысынан ризық яғни, үлес алады

Мемлекеттің қазба байлық, кен орны бағалы металл секілді әр түрлі қаржы көздерінен түскен табыстан әрбір азаматқа деп үлес түсіп отырады.

Бұған 2008 жылы жаңа үлес түрі қосылды. Сол жылғы парламент сайлауы кезінде саяси бәсекеге түскен партиялардың бірі жергілікті халық сол өңірдегі ашылған өндіріс ошақтары мен кеніштерден де белгілі деңгейде ырыздық алуы тиіс деген бастама көтеріп, өз бағдарламасына енгізді. Кейін бұл партия жеңіске жетіп билікке келген соң, бұл уәдесін артығымен орындады.

Мысалы, Эрдэнэс Тавантолгой компаниясы секілді кеніштер орналасқан аймақ тұрғындарының әрқайсысына 1072 акциядан үлестірілді. Сол бойынша ақша беріліп тұрады.

Баян өлгей халқы Үкімет басшысына ері күмістелген ат мінгізді.


Баянөлгей халқы мәселелерін шешіп берген Үкімт басшысына күмістелген ер ерттеп, күміс жүгенмен жүгенделген жирен қасқаны мінгізді

Үкімет басшысына әбзелі күмістелген жирен қасқаны мінгізді. Атты қызықтап тұрған жолсеріктеріміздің бірі – Серік Оспан / Фото informburo.kz


Бала бақша мен оқу тегін

Мұнда балабақша тегін. Оқу тегін. Ол аздай бала тәрбиесімен отырған аналарды қолдау мақсатында арнайы бағдарлама қабылданған.

Оған сәйкес бала тәрбиесімен отырған аналар мен жұмыссыз әйелдер кемінде бес-алты балаға арнап орынжай дайындап, жағдайын жасап тәрбие ошағын яғни кішігірім балабақша аша алады. Оған да арнайы қолдау жасалады.

Көрімдік есебіндегі жәрдемақылар: жөргекпұл мен тойлық жәрдемақылар

– Ондай-ондай көмектер жиі болып тұрады. Бертінге дейін жаңа үйленген әрбір отбасыға бес жүз мың төгрөг көлемінде бір реттік көмек беріліп тұрды. Жөргекпұл, әрбір балаға берілетін көрімдік есебіндегі жәрдемақылардың бірнеше түрі бар. Жалақы аздау боп көрінгенмен зейнетақы жақсы төленеді. Қарттарға бейнетінің зейнетін көруге толықтай жетеді, – дейді Мерғалым Хангелді есімді тұрғын.

Мемлекеттен берілетін атаулы жәрдемақылар тізбесі:

  • Әлеуметтік жәрдемақы сомасы – 140 000 төгрөг. Бұл топқа денсаулығына байланысты қызмет атқара алмайтын азаматтар, медициналық акт арқылы жәрдемақыға қамтылады;
  • 16 жастан жоғары үнемі қарауда отыратын азаматқа мезгілінде 60 000 төгрөг, 14 жасқа дейінгі 3 және одан жоғары баласы бар жалғыз басты анаға (әкеге) жылына бір рет 120 000 төгрөг;
  • Егіз бала дүниеге әкелген аман–есен жетілуі үшін әр балаға 1 миллион, үшем және 4 егіз баласы бар ата анаға әр балаға 3 миллион төгрөгтен;
  • Жәрдемақы алуға лайықты топқа отын судың жеңілдігі жылына бір рет 140 000 төгрөг, аға жауынгерлерге және соғыста қайтқан азаматтың зайыбына (жұбайына) ай сайын 200 000 төгрөг;
  • Моңғолияның мемлекеттік сыйлық иегеріне ай сайын 150 мың, кәмілет жасқа толған зағип азаматтың байланыс жағдайына ай сайын 20000 төгрөг;
  • Жәрдемақы алуға лайықты топқа "Ана құрметі" бірінші дәрежелі орденге жылына 200 000 төгрөг, екінші дәрежелі орденге жылына 100 000 төгрөг;
  • Жұмыс орыны күйреген немесе кері тартылған азаматтарға жылына екі рет 10 000 төгрөгтен мерекелерде құрмет көрсетіледі;
  • Жүкті және жас баласы бар анаға жүктіліктің 5 айынан бастап 12 ай уақытында 40 000 төгрөг, 0-18 жас аралығындағы Моңғолия азаматы (тұрмысы кедейлік шегінен төменгі отбасыға) ай сайын 20 000 төгрөгтің жәрдемақысы беріледі;
  • Жас ырыздығы да бар. Ол – 65-69 жастағыларға 50 000, 70-79 жастағы қарияға 80 000, 80-89 жастағы қарияға 150 000, 90 және одан жоғары жастағы қарияға 200 000 төгрөг. Жас ырыздығы жәрдемақысын жылына екі рет мемлекеттік бюджеттен береді.

Наурыз мерекесі кезіндегі мерекелік шеру

Жергілікті халықтың айтуларынша, әр жылы наурызда орталық биліктің өкілдері келіп, мерекені халықпен бірге тойлайды әрі халықтық тыңдау өткізеді.


Мерекелік шеруді тамашалап отырған Үкімет мүшелері мен аймақ басшылары

Мерекелік шеруді тамашалап отырған Үкімет мүшелері мен аймақ басшылары / Фото informburo.kz





Қаражорға-салкүреңді шертіп отырған домбырашылар

Қаражорға-салкүреңді шертіп отырған домбырашылар / Фото informburo.kz



Шеруден бір көрініс. Бесік жірін айтып отырған аналар

Шеруден бір көрініс. Бесік жырын айтып отырған аналар / Фото informburo.kz



Алаңдағы киіз үйлер шеруінен бір көрініс

Алаңдағы киіз үйлер шеруінен көрініс / Фото informburo.kz


Баян өлгей музейі де құнды жәдігерге бай

Баян өлгей аймақтық мұражайы 1948 жылы құрылған. Қазір қорымызда 5500-ге жуық көне жәдігер бар. Музей этнографиялық, тарих, табиғат залдарынан тұрады. Құрбандарға арналған зал және білім-танымдық залды қосқанда бес бөлімнен құралған. Тарихи жәдігерлердің негізі қазақтардан жиналған, аз бөлегі ұранхай, тубат, дөрбіт ұлттарының жәдігерлерін қамтиды, – дейді музей директоры Айшагүл Азаматқызы.


Баянөлгей аймағы музейі

Баян өлгей аймақтық музейі / Фото informburo.kz


Музей ішінде киіз үй тігіліп, іші сол заманға сай жасақталыпты. Киіз үйдің түндігі ашылып, есігі түрілген. Қасында мама ағашта толық жабдықталған ат байлаулы тұр.


Музейдегі киіз үй. Ортада Музей директоры Азамат Айшагүл бастаған қызметкерлермен суретке түсіп, естелік қалдырдық

Музейдегі киіз үй. Ортада Музей директоры Азамат Айшагүл бастаған қызметкерлермен суретке түсіп, естелік қалдырдық / Фото informburo.kz


Ұзындығы үш метр домбыраны, Моңғолияның Эрдэнэт қаласында тұратын, моңғолдың морин хуур атты музыка аспабын шебер Ч.Энх-Отгон жасаған. Мүзейге Моңғол мемлекеттік өнеркәсіп саласының үздігі атанған Әуітханұлы Станбұл тапсырған.


Музейдегі 3 метр биіктіктегі домбыра

Ұзындығы 3 метр домбыра / Фото informburo.kz


Ақ матадан ызып жасалған кимешек-шылауыштар. Жалпы қазақ әйелдері шашын, тіптен самайын да көрсетпейді. Сол үшін жасамыс аналар кимешек-шылауыш, келіншектер салы-орамал тартқан, ал қыздар сәукеле киген. Күмістелген шолпы–моншақтарын тағып, сәнденген.


Тігін машинасы мен тігілген кимешек-шылауыштар

Тігін машинасы мен тігілген кимешек-шылауыштар / Фото informburo.kz


Қайқы бас төсек – ортасы ой, екі басы биік болғандықтан қан айналысының тепе-теңдігін сақтайды. Арқа, белдеме сүйектерінің түзу, ақаусыз болуына пайдалы. Төсектің үстіне теріден не жүн сырмақтардан дайындалған бөстектер салады. Бұл – суықты да, ыстықты да жібермейтін таза бұйымдар. Төсектің артына кереге басынан байлап тұскиіз ілінеді. Тұскиіздің артына түрлі керек-жарақтарды қоятын болған. Отағасының төсегі сол жақ төрге жақын қойылады.


Қазақтың қайқы бас төсегі толық жабдығымен

Қазақтың қайқы бас төсегі толық жабдығымен / Фото informburo.kz


Қазақта ат әбзелдерін әшекейлеуге өте үлкен мағына береді. Әсіресе күміспен күптеп жасаған қайың ерлер атқа орнықты отыруға ыңғайлы, денсаулыққа пайдалы. Күміс – түрлі жаман энергияларды тартып, уланудың алдын алады. Кейде байлар қыздарына алтынмен апталған ер де беретін болған. Оған аттың жүген-ноқтасын, құйысқан-өмілдірігін, тұсамыс пен шідерін қосыңыз.


Қазақ ерінің үш түрі тұр. Қосымша ат әбзелдері

Қазақ ерінің үш түрі тұр. Қосымша ат әбзелдері / Фото informburo.kz


Қазақта "айырылысатын адам ердің артқы қасын сұрайды" деген мәтел бар. Ол ердің екіге бөлінбейтінін, азаматтардың бір-бірін өкпелетпеу керектігін түсіндіреді. Ердің алдыңғы қасын есікке қаратып, оң босағаға қояды.

Ашамай ер – ат жалын тартып мінген балаға ерттеп беретін ер. Оның үзеңгісі қоржынға ұқсас болады. Екі қасы биік, ұстауға қолайлы, көпшігін жұмсақ етіп жасайды.


Балаларға арналған ашамай ер деген осы

Балаға арналған ашамай ер деген осы / Фото informburo.kz


Төмендегі суреттің артында тоқылған ши тұр. Алдында тоқылған басқұр мен оны тоқитын құралдар тұр. Басқұрдан ұзын басқұр жіп жасаумен қатар, қоржын-қосқолаң да жасайды.


Басқұр тоқууға арналған қарапайым құрылғы және тоқылып жатқан басқұр

Басқұр тоқуға арналған қарапайым құрылғы және тоқылып жатқан басқұр / Фото informburo.kz


Төменгі суретте қалақ басты домбыра, алдынан ашылатын сандық, орындықтар тұр. Бұл да – қазіргі қазақтың тұрмысында жоқ бұйымдар.


Музейде тұрған сандық, добыра және орындықтар

Музейде тұрған сандық, домбыра және орындықтар / Фото informburo.kz


Музейдегі тарихи оқиғаларға қатысты жәдігерлер де баршылық. Төмендегі суретте 1921 жылғы Тұлбакөл шайқасы көрсетілген. Тұлбакөл шайқасы – орыс патшасы армиясының басып кіруіне қарсы тұрған соғыс.

Естеріңізге сала кетейік, генерал Бакичев бастаған орыс патшасының армиясы алдымен Қытайдың Алтай аймағына кірген болатын. Кейін Зуқа батыр қуып шыққаннан кейін Моңғолияға асқан. Бакичев армиясы Баян өлгейдегі Тұлбакөлдің бойындағы шайқаста жойылған.


Орыстың ақ патшасына қарсы болған әйгілі Тұлбо көл шайқасы осы Баянөлгей жерінде өткен

Орыстың патшасына қарсы болған әйгілі Тұлбокөл шайқасы осы Баян өлгей жерінде болған / Фото informburo.kz


Харгис Дамбийнжанцан – тарихта қатыгездігімен аты қалған. Ол өзін "қайта туылған Әмірсанамын" деп атаған. 1911 жылы Моңғолияның Қобда қаласын Цинь империясының әскерінен азат етуге қатысып моңғолдар арасында беделін күшейтіп алған қалмақ Да Лама Дамбийжанцан Моңғолияның батыс бөлігін орталықтан бөліп алып, Батыс Моңғол хандығын немесе бұрынғы Жоңғар хандығын қайта құруды көздейді.

Мұхтар Мағауиннің "Тірі тұлып" атты деректі хикаясында айтылатын Ақынбек деген қазақтың терісін тірілей сыпырған Жалама аталған қаныпезер адам мына төмендегі суретте.


Суретте солдан екінші адам Дамбийнжанцан атта қазақты (Ақынбакті) тірідей соңған қатгездің дес суреті бар

Солдан екінші адам қазаққа Жалама есімімен танымал Дамбийнжанцан атты Ақынбек деген қазақты тірідей сойған қатыгездің де суреті бар / Фото informburo.kz


Моңғолия 1911 жылы Цин империясынан тәуелсіздік алды. Сол Цин империясы кезінде қолданылған жазалау тәсілдерін көрсетіп отыр.


Цин империясы қолданған жазалау түрлерін көрсетін карта

Цин империясы қолданған жазалау түрлерін көрсететін карта / Фото informburo.kz


Мәлікұлы Қашқынбай – 1918-1986 жылдары өмір сүрген Моңғолияның мемлекет қайраткері. Моңғолия құрылған алғашқы жылдары мемлекеттік саясатқа, алғашқы Ата заңның жасалуына үлкен әсер еткен.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Моңғолия өкілдерін бастап, Кеңес Одағына көмек апарған. Сол кезде Сталиннен сыйлыққа наган алыпты. Кейін Қытайға да делагация бастап барған. Биыл туылғанына 100 жыл толады.


1918-1988 жылдары өмір сүрген Сталин мен Маузыдұңға кездескен, Моңғолияның мемлекет қайраткері М.Қашқынбайға қойылған ескерткіш тақта

М.Қашқынбайға қойылған ескерткіш тақта / Фото informburo.kz


Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары