Тікелей эфир

Министрлік "времянкаларда" тұруға тыйым салуды ұсынды. Жаңалықтарға шолу

Сурет Informburo.kz
Сурет Informburo.kz
Доллармен есептегенде соңғы 8 жылда қазақстандықтардың табысы өзгермеген. Жаңа министр тағайындалды.

Министр "Отставкаға кетсін" дегендерге жауап берді

"Ең күрделі мәселелер біздің министрлікке қатысты болғандықтан сынды жиі естиміз", – дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова. Бұл сыннан ой түйіп қорытынды жасаймыз. Алдағы уақытта жағдайды жақсартуға тырысамыз деп сендірді шенеунік.

Айтуынша, жергілікті жерлерде штабтар құрылып, көп балалы отбасылардың мұқтаждықтарына қатысты ұсыныстар жиналып жатыр.

Астанадағы бес баланың қазасынан кейін жауапты шенеуніктер жазаланды

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев үкімет отырысында төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары Барат Дұзақбаевты қызметінен босатты. Ал, комитет төрағасы Владимир Беккерге қатаң сөгіс жарияланды.

Мемлекет басшысының өкімімен тағайындалған Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильинге сөгіс жариялау туралы ұсынысты Президент әкімшілігіне жіберу тапсырылды. Астана қаласының төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін ақарушы Марғұлан Аманбаевқа қатаң сөгіс жарияланды.

Әйгілі Қара майор Борис Керимбаев қайтыс болды

Ауған соғысының ардагері, арнайы мақсаттағы 177-ші отрядтың командирі, отставкадағы полковник, Қара майор деген атпен белгілі Борис Керімбаев ұзаққа созылған дертінен 72 жасқа қараған шағында өмірден озды.

"Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі" тұрғын үй сертификаттарымен несие беруді бастады

Астана әкімдігінің 1 миллион теңгелік тұрғын сертификатымен алғашқылардың бірі болып несие рәсімдеген қазақ тілі пәнінің мұғалімі Л.Баймұрзаева. Ол 11,8 млн теңгенің 1 бөлмелі пәтерін 15 жылға несиеге (жылдық 7% мөлшерлемемен, әрі қарай 3,8%-ға төмендеумен) алды.

Биыл әкімдік тағы да 2 мың бюджеттік қызметкерге 2 млрд теңгенің сертификатын беруді жоспарлап отыр. Олардың ішінде мұғалімдер, дәрігерлер мен полицейлер бар.

"Қазтелерадио" 26 ақпаннан бастап спутниктік сигналдардың сапасы төмендейтінін ескертеді

26 ақпаннан 7 наурызға дейін көктемгі күн интерференциясының салдарынан байланыс және хабар тарату каналдарының сапасы нашарлауы мүмкін деп хабарлайды ұлттық оператор.

"Времянкада" тұруға тыйым салу ұсынылды

Ішкі істер министрінің орынбасары Ю.Ильин уақытша баспанасын жалға берушілерді өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағаны үшін жауапкершілікке тарту керек деп есептейді. Осыған байланысты оларды баспана ретінде тұруға беруге тыйым салу ұсынысы үкіметке жолданады.

Доллармен есептегенде соңғы 8 жылда қазақстандықтардың табысы мүлдем өзгермеген

АҚШ валютасы бағамының өсуіне байланысты 2010-2018 жылдардағы Отандастарымыздың табысында өзгеріс жоқ. Ал, теңге түріндегі ақшалай кірістері бұл кезең ішінде 2,3%-ға артқан.

Жаңа министр тағайындалды

Елбасының жарлығымен Ішкі істер министрі болып Ерлан Тұрғымбаев тағайындалды. Ол 2012 жылдан бері осы министрлікте министрдің орынбасары қызметін атқарған. Бұған дейінгі Ішкі істер министрі Қ.Қасымов Президент көмекшісі – ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы болды.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Нотариустар еңбекақы мен коммуналдық берешекті өндіруге құқылы болды. Бұрын соттар қарайтын азаматтық істердің бір бөлігі нотариустарға берілді. Меншік құқығын қорғау жөніндегі заңға сәйкес азаматтық-құқықтық даулардың кейбір түрлерін енді нотариустар қарастырады

Baq.kz: 2018 жылы 6 миллионнан астам ЭЦҚ рәсімделген. Бұл 2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,4 миллионға артық.Берілген электрондық цифрлық қолтаңба санының артуы электронды үкімет порталын пайдаланушы азаматтардың көбейгенін білдіреді.

Серіктестер жаңалықтары