Тікелей эфир

Мүгедектер неге несие ала алмайды? Қазақстанда қаржылық инклюзияның дамуы кенжелеп тұр

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Қазақстанда 2020-2024 жылдарға арналған қаржылық сауаттылық концепциясының жобасы әзірленуде.

Қазақстанда І және ІІ топтағы мүгедек жандардың көбі зейнетақы аударымдарының болмауына байланысты банктен несие ала алмайды. Көз жанары мәңгілікке сөнген жандар үшін депозит ашу да арман. Өйткені, олар құжатқа қол қоя алмайды. Жалпы, елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың қаржылық инклюзиясы мүлде шешімін таппаған өзекті мәселе.

"Мен Алматыдағы зағип жандарға арналған кітапханада бөлім бастығы болып қызмет істеймін. Бірде маған банктен телефон арқылы хабарласып, жеңілдіктер туралы айтып кредит алуды ұсынды. Алайда менің І топтағы мүгедек екенімді естігенде лезде сыпайы түрде қоштасып, әңгімені үзе салды", – дейді мүмкіндігі шектеулі Нұрия Баймұратова.

Үш баласымен мегаполиске көшіп келген әйелге баспананы туыстары кредитке алып берген. Өйткені, мүгедек жан елімізде ешқашан үйге несие рәсімдей алмас еді. Қазір Нұрия туысының атындағы ипотекалық кредитті өзі жауып жүр. Банктер оған тіпті заттай тұтынушылық несие алуға да мүмкіндік бермеген.

Оқи отырыңыз: Қаржылық сауат дегеніміз не?

Қазақстанда қаржылық инклюзия неге дамымаған?

"Мүгедек жандардың құқығы жөніндегі комиссияның" жетекшісі, кәсіпкер Вениамин Алаевтың айтуынша, Қазақстанда мүгедектер кредит тұрмақ, банкте тіпті депозит те аша алмайды.

Бұл жайттың бетін ұйым жүргізген қаржылық инклюзия жөніндегі әлеуметтік сауалнама қорытындысы көрсеткен. Мәселен, көзі көрмейтін жандар қол қоюдың орнына "штамп клише" қолданады. Ал банктер оны ешқашан қабылдамайды.

Вениамин Алаев мүмкіндігі шектеулі адамдардың алдынан қаржы саласында шығатын осы және өзге де кедергілерді тізіп берді:

"Мүгедектерді әрекетке қабілетсіз жан деп есептеу үлкен қателік. Банктер оларға клиент ретінде қарамайды. сәйкесінше, банктерде мүгедек жандар үшін лайықты инфрақұрылым жасақталмаған. Бары тек мәжбүрліктен жасалған ғана. Содан да мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қаржы институттарының ғимаратына кіріп-шығу қиын. Арбада отырған жандар касса терезелерінің биіктігінен қиналады. Банк қызметкерлері мүгедектермен дұрыс қарым-қатынас та жасай алмайды: олардың тауқыметін түсінбейді, арнайы терминологиядан бейхабар. Бұған қоса, банктер адамның сенімділігін мүгедектікпен байланыстырады да, мүмкіндігі шектеулі жандар кредитті ешқашан қайтара алмайды деп санайды. Мүгедек жанның тіпті кірісі бола тұрса да, ол кәсіпкерлікпен айналысса да, оның төлемдік қабілеттілігін есепке алмайды", – дейді Вениамин Алаев.

Қазір осы проблеманы шешу үшін мүгедектердің төлем қабілетін зейнетақы аударымдары бойынша емес, әлеуметтік төлемдеріне қарай есептеу ұсынылуда. Жалпы, мүгедек жандардың қаржылық қызмет алу құқығын заңнамамен бекітіп беруге қадамдар жасалып жатыр.

Қаржылық инклюзия тек банк секторымен шектелмейді. Мүгедек жандар сақтандыру аясына да қамтыла алмай отыр. Мәселен, өзі мүмкіндігі шектеулі жан бола тұра бизнеспен шұғылданатын Вениамин Алаев жұмыс бабымен немесе демалысқа шетелге шығар алдында сақтандыру проблемасына тап болады. Туристік агенттіктер мүгедек адамды сақтандырмайды. "Оларға өзім бармай, әйелімді жіберу арқылы сақтандыру машақатынан өтіп жүрмін", – дейді ол.

Демек, мүмкіндігі шектеулі жандардың қаржылық сауаттылық, қаржылық инклюзия проблемалары мемлекет алдында тұрған үлкен сындардың бірі. Осы тауқыметтерді "жобалық басқару" тәсілімен біржола шешу қажет.

Оқи отырыңыз: Форекс – табыс мекені ме, әлде алаяқтар тобы ма?

Қаржылық сауат концепциясы мүгедектердің инклюзиясын шеше ме?

Қазір мүгедектер ұйымдарының төрт өкілінен, Ұлттық банк, екінші деңгейлі банктер, Қазақстанның қаржыгерлері қауымдастығы, Қазақстанның қаржылық реттеу және қаржы ұйымдарын дамыту агенттігінің өкілдерінен құралған топ елімізде мүгедектердің қаржылық инклюзиясын арттыру бағытында жұмыс істеп жатыр.

Агенттікте 2020-2024 жылдарға арналған қаржылық сауаттылық концепциясының жобасы әзірленуде.

"2016-2018 жылдары ЭЫДҰ-ның (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) нұсқауымен Ұлттық банк қаржылық сауаттылық жөніндегі бағдарламаны жүзеге асырғаны белгілі. Осының нәтижесінде белгілі бір тұжырым жасалған. Жаңа жоба үкіметтік деңгейде келісілмекші. Оның аясында ел өңірлерінің барлығында қаржылық сауат бойынша дәрістер оқылады. Өткен жылдың аяғынан бастап жоғарғы сынып оқушыларының арасында қысқаша тақырыптық семинарлар өткізе бастадық. Биылдан бастап бұған орта сынып оқушыларын да қамтимыз деп отырмыз. Жалпы, қаржылық сауаты бар балалар өскенде қиналмайды", – дейді Қазақстанның Қаржылық реттеу және қаржы ұйымдарын дамыту агенттігінің қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің қаржылық өнімдердің мониторингі басқармасының бас маманы Дмитрий Акмаев.

Оқи отырыңыз: Қазақстан қолма-қол ақшадан бас тартуға дайын ба?

Қаржылық сауаттың төмендігіне не себеп?

Саясаттанушы Досым Сәтпаев қаржылық сауат жөніндегі жаңа бағдарлама әлдебір энтузиастардың немесе бизнестің емес, шынайы мемлекеттік бағдарлама болуға тиіс деген пікірде.

"Қазіргі мектептерде оқытып жатқан пәндердің тең жартысы кейін адам өміріне қажет емес пәндер. Мемлекеттік бағдарлама Қазақстанның барлық мектептерінде қаржылық сауаттылық пәнін енгізу бағдарламасы болуы керек. Бұл пәнді 3-4 сыныптан бастап, тіпті одан да ерте енгізуге болады. Ересектер қауымның қаржылық сауатын арттыру қиын. Ал балаларды қазірден бастап түрлі алаяқтардың қақпанына түсіп қалмауға үйретіп, қаржылық сауатын ашу қажет. Бүгінде онлайн ақшаның сансыз көп мүмкіндіктері пайда болды. Үйден шықпай-ақ адамдарды қаржылық кіріптарлыққа түсірудің қитұрқы тәсілдері көбейді", – дейді Досым Сәтпаев.

Бірақ, оның пікірінше, елімізде пайда болған үлескерлердің, ипотекалық несие алушылардың, банкрот болған банктердің клиенттері проблемасының бастауында мемлекеттік бағдарламалар тұр. Мемлекеттің өзі банктерге жылжымайтын мүлік саласына кетуге мүмкіндік тудыру арқылы "ипотечниктер тауқыметін" тудырды.

"Артынан сектор құлағанда, мемлекет алдымен банктерді қолдап, ал тұрғындарды ішінара ғана құтқаруға кірісті. Өйткені, қаржы саласы, банктер мемлекет үшін басымдыққа ие. Ал қарапайым тұрғындарға екінші, үшінші рөлдер бұйырады. Мемлекеттің бұған дейін қаржылық сауаттылық мәселесін көтермеуі сол мемлекеттің өзіне бумеранг болып тимекші. Тұрғындар кредиттің қармағына оңбай ілікті. Тұтынушылық кредиттің қамытына жегілгендер қаншама. Мұның соңы жақсылыққа апармайды", – дейді саясаттанушы.

Сонау тоқсаныншы жылдардан басталған қаржылық пирамидалардың жыры, міне, жиырма бірінші ғасырда да тыйылмай отыр. Кейінгі жылдары болса, тіптен ушығып кетті.

"Жұрт, әрине, оңай олжаны іздейді. Қаржылық пирамидаларға барып өз еріктерімен ұрынады. Бірақ, бұл жерде мемлекеттің де кінәсі бар. Егер мемлекет нарықта алаяқтардың пайда болуына жол беріп отырса, демек, мемлекет те айыпты. Осындай алаяқтыққа көптеген қаржылық құрылымдарды да, банктерді де айыптауға болады. Банктерге тапқан таянғанын сеніп тапсырамыз деп қаншама адам опық жеді? Ал қарапайым халық банкте мықты менеджмент бар деп ақшасын берді. Бірақ, олар сол баяғы қаржылық пирамидалардан аумай шықты", – дейді Досым Сәтпаев.

Саясаттанушы Қазақстанда білім деңгейін барлық сегментте мемлекет мақсатты түрде төмендетті деп санайды:

"Билікке білім деңгейі төмен қоғамды бақылау оңай болғандықтан, бұл пайдалы болды деп есептеймін. Білімді адам сұрақты көп қояды. Саяси сауатты адам саяси сұрақтар, ал қаржылық білімді адам қаржылық сауалдар қояды. Мәселен, көптеген келісімшарттар туралы сұрақ қоюы мүмкін".

Оқи отырыңыз: Бала бухгалтериясы: Ақша санауды балаға қай жастан үйрету керек?

Реттеушінің кінәсі не?

Жұрттың білім деңгейін мемлекет қасақана төмендетті деген пікірмен Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Әнуар Сәйденов келіспейді.

"Қаржылық секторды тиісті түрде қадағалай алмады деп реттеушіге, яғни, Ұлттық банкке сын тағушыларды, әрине, түсінуге болады. Биыл халықты алдап соққан ломбардтардың мәселесіне келсек, олар қаржылық қадағалау аясына тек биылдан бастап қана іліккенін айта кету керек. Бұл жерде реттеуші ғана емес, көп жұмысты құқық қорғау органдары да атқаруға тиіс", – дейді ол.

Бірақ, қаржылық алаяқтармен тиімді күресе алуы үшін сол құқық қорғау органдарының өзін қаржылық сауаттылыққа оқыту қажеттігі жасырын емес.

Қазақстанда кибергигиена саласы мүлдем дамымаған

Кибер шабуылдарды талдау жәнетексеру жөніндегі заңды тұлғалар бірлестігінің (ЦАРКА) президенті Олжас Сатиев Қазақстанда кибергигиена саласы дамымаған деп есептейді:

"Электрондық төлемдер мен коммерция зор қарқынмен дамып келеді. Халықтың оларды қауіпсіз тұтыну сауаттылығы өте төмен. Израильде кибергигиена пәнін мектептен бастап үйретеді. Ал бізде қазірше алдымен мұны мемлекеттік қызметкерлер, шенеуніктер арасында енгізу қажет. Биылдан бастап біз 100 мыңнан астам шенеунікті оқытқалы отырмыз. Одан әрі медициналық қызметкерлерге ауысамыз. Олардың саны 200 мыңнан асады. Одан әрі студенттер тағысын тағы. Ал мектептен бастауға бізде мұғалімдер жоқ. Сондықтан оқытуды тым құрыса оқытушылар мен студенттерден бастау керек. Мәселенің қаншалықты күрделі екенін тіпті шенеуніктердің өздері түсінбейді".

Қазір "Кибер шабуылдарды талдау және тексеру жөніндегі заңды тұлғалар бірлестігі" кибергигиена тұрғысынан мемлекеттік органдардың веб сайтын бағалауда. Мұны олар банктерден бастаған. Осындай бір жоба шеңберіндегі тексеру барысында мамандар тіпті бір банктің тұтынушылар жүйесіне бес минутта "бұзып кірген". Ең қорғалған деп саналатын банктің жүйесі мұндай болғанда, жай адамдардың онлайн сауда жүргізетін қалта телефонының қауіпсіздігін көзіңізге елестете беріңіз.

Әнуар Сәйденов халықты жаппай қаржылық сауатсыз деуге болмайды дейді. Сауаттылық деңгейі географиялық тұрғыда біркелі емес. Ол соған сәйкес шаралар қабылдау қажеттігін ұсынады. Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының сауаттылық деңгейін ауыл тұрғындарымен салыстыру қисынға келмейтіні сөзсіз.

"Қаржылық сауаттылық мәселесі бойынша Қазақстанды жалпылама емес, өңірлер тұрғысынан қарастыру қажет. Мемлекет тарапынан түк істелмей жатыр деуге де болмайды. Бірақ, істелгені де мәз емес. Бар болғаны 20% жұмыс атқарылған шығар, ал 80%-ына тіпті кіріскен де жоқпыз. Сауаттылық проблемасымен бәрі айналысуы тиіс. Бұл реттеушіні де, білім беру саласын да қамтиды. Экономикалық дамуға ықпалын тигізетіндіктен, Ұлттық экономика министрлігіне да тікелей қатысы бар мәселе. Ал халықтың алаяқтарға алдануына келсек, ең бірінші кінә сондай шешімді қабылдаушының өзіне жүктелетіні сөзсіз. Бірақ, мемлекет бұл саланы бақылауға алуы тиіс. Жалпы, өте күрделі мәселе. Қаржылық сауатты көтеру негізі мемлекеттің функциясына жатады", – дейді қоғам қайраткері Ораз Жандосов.

Оқи отырыңыз: Қаржы пирамидасының белгілері қандай және оған қалай алданбауға болады?

Қазақстандықтар неге шет мемлекеттерді байытып жатыр?

Ал осы уақытта елімізде қаржылық пирамидалар мен олардан зардап шеккендердің саны жыл санап өсіп келеді.

2019 жылы осындай пирамидалардан қазақстандықтар шеккен шығын көлемі 1,5 млрд теңгені құраған. Ал 2020 жыл басталмай жатып бірнеше ірі оқиға тіркелді.

Тек "Гарант 24 ломбард" және "ESTATE ломбард" ұйымдарына қатысты бүкіл елді былай қойғанда, бір Алматыда 396 арыз түсіп, шығын көлемі 750 млн теңгені құраған. Қазақстан көлемінде бұл компаниялардан келген шығын 5 миллиард теңгеден асады.

Ал жұртты биткоин саудасымен айналысамыз деп алдап соққан "Лидер" компаниясының іздеу жарияланған басшысы Рустам Тургановқа қатысты 80 қылмыстық іс тіркеліп отыр. Ол 5 мың қазақстандықтың 37 млн долларын алып Біріккен Араб Әмірліктерінен бір-ақ шыққан.

Осы пирамидаға бірден 57 мың АҚШ долларын салған Ратай Бигатарова артынан өрт салдарынан баспанасынан да айырылыпты. Ал тапқан ақшаға баламды емдетемін деп 3 млн теңгесін алаяққа апарып берген Равиля Нухунова ақыры баласын жер қойнына тапсырған.

Осындай ірі көлемде ақшасынан айырылғандардың басым бөлігі әлгі "қаржылық сауатты" делінген Алматының тұрғындары екенін айта кетейік.

Ел ішінде инвестиция салып, ауыз толтырарлық пайда табатын көздердің болмауы осылайша халықтың өзге елдерді байытуына түрткі болуда.

Мысалы, өткен жылы қылмыстық іс аяқталған Questra Holdingins қаржы пирамидасының Қазақстанда негізін қалаушы Кенесары Карамаев 694 салымшының 454 млн теңгесін өтеп бермей, он жылға сотталды.

Ол Ресей, Испания және Африкадағы Кабо-Верде азаматтары құрған осы пирамидаға ел азаматтарынан 100 млн еуро тартуға "қолғабыс еткен". Өзі олардан Super Director деген атақ және бонусқа 2,5 млн еуро алыпты.

Сонымен ел азаматтары қаржылық сауатсыздықтан, елде мұндай қылмыстың алдын алудағы осалдықтың салдарынан қаншама қаржы "шекара асты".

Қаржылық инвестициялық мақсатта құрылатын компанияларды салық органында тіркелген сәттен бастап көз қырына алатын әлдебір механизмнің жоқтығы секілді бұл.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары